Қазақстандық музыкант беделді халықаралық байқауда жеңіске жетті
Жарияланған күні:

Қазақстандық аккордеоншы Жандос Сауыт Халықаралық "Coupe Mondiale" байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Аталған байқау әлемдік аккордеон өнерінің ең беделді додаларының бірі саналады.
Бірнеше күнге созылған сайыста 16 елден келген 150-ден астам музыкант өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар жеті номинация бойынша өнер көрсетті. Оған 40 отандасымыз қатысты. Байқау жеңімпаздарына арналған жүлде қоры 16 миллион теңгені құрады.
"Байқаудың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды. Оған көптеген делегат пен халықаралық қазылар алқасының мүшелері қатысты. Сондай-ақ қазақстандық қатысушылардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін атап өттік. Байқауда баян мен аккордеонда орындаушылар, түрлі ансамбльдер мен заманауи ұжымдар өнер көрсетті.
Қатысушылардың сан алуан стиль мен жанрды ұсынғаны ерекше қуантты. Бұл Қазақстандағы баян-аккордеон өнерінің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді", - дейді Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини.
Ал Р. Бағланова атындағы "Қазақконцерт" Мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ахан Абдуалиевтің сөзінше қатысушылар 16 елден келсе, делегаттар 22 елден келген.
"Жалпы соның бәрін алған кезде 37 мемлекеттен адам келді. Ал енді таза байқаудың өзіне қатысқан 153 адам қатысып отыр. Ол 7 бағыт бойынша санат бойынша қатысып отыр. Алтауы оның жас орындаушылардан бастап ансамбль бар, классикалық ансамбль бар. Ең негізгісі coupe mondiale дейді, олар ең шебер орындаушылар, ең негізгі санаты болып есептеледі", - дейді ол.
Айта кету керек, Жандос Сауыт "Алатау" театрының аккордеонисі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2419428-qazaqstandyq-muzykant-bedeldi-halyqaralyq-baiqauda-zhengiske-zhetti/
