"6 сағат бойы шырқаған": 75 жастағы оралдық әнші 120, ал шәкірті 132 әнді орындап, әлемдік рекорд жаңартты (видео)
Жарияланған күні:

Оралдық өнерпаздар дәстүрлі әннен жаһандық рекордты екі дүркін жаңартты. 75 жастағы Қатимолла Бердіғалиев 120 туындыны үздіксіз орындаса, шәкірті Қайрат Кәкімов ұстазынан да асып түсті. Айтулы оқиға Азия және Африка елдері бойынша GBR (Global Best Records) әлемдік рекордтар кітабына тіркелді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Алты сағат бойы тоқтамай 132 ән шырқаған өнер иесінің есімі - Қайрат Кәкімов. Ол Азия және Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының өкілдерін де тәнті болды.
"Нотасыз, фонограммалық сүйемелдеусіз рекордтар өте сирек кездеседі. Сондықтан екі күннің ішінде екі дүниежүзілік рекорд бұзылып, екі дүниежүзілік рекорд орнатылды, құрметті ағайын!", - дейді Азия және Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайберген.
Қайрат Кәкімовтың ұстазы Қатимолла Бердіғалиев те 75 жасында 120 әнді орындап, рекорд орнатты.
"Халыққа рақмет, екі күннен бері бізді тыңдап аяғына дейін, ең ақыры машинамызға отырғанша ешқайсысы үйге кетпей, бәрімізді құттықтап жүр. Осы халықтың пейіліне көп-көп рақмет!", - дейді Қатимолла Бердіғалиев.
Абырой биігінен көрінген қос рекордшыға жерлестері ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа көлік мінгізді. Мәшинелердің мемлекеттік нөмірі де орындалған әннің санын білдіреді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
