90-ға таяған маңғыстаулық шебер әжей Димаш Құдайбергенге арнап жасаған қолөнер туындысын табыс етті
Жарияланған күні:

Маңғыстаулық 87 жастағы қолөнер шебері Шархат Төлемісова Димаш Құдайбергенге арнап жасаған шашағын табыстау үшін "Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы" мерекелік шарасының ашылу салтанатына арнайы келіп қатысты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі Instagram желісіндегі парақшасында бұған дейін 90 жасқа таяған кейуананың Димашқа арнап шашақ жасап, оны өз қолымен табыстағысы келетінін хабарлағанын еске салды.
"Біз - қазақпыз. Қазақтың кішкентай қызы болып өстік, қазір ана болдық, ауылдың данасымыз. Димаш – өзіміздің баламыз. Ақтауға келеді дегенді естіген соң, "неге бір тал шашақ байламасқа" деп ойладым. Сондықтан кездесіп, домбырасына өз қолыммен тағуды жөн санадым", - деді қарт ана.
Күні кеше Димаш Құдайберген ақ тілеулі анамен арнайы кездесіп, өзіне арнаған шашақты алды.
"Әлеуметтік желіден әжеміздің маған арнайы шашақ жасағанын оқып білдім. Кеше концерттен соң әжемізбен кездесе алмағаным ойымнан кетпеді. Бүгін ағаларыма айтып, арнайы кездесіп отырған жәйім бар", - деген Димаш Құдайберген әженің қасына еріп келген 10 жасар шөбересіне алқасы мен жүзігін сыйға тартты.
Қолы шебер кейуана шашақтың бойына жасырылған мағынаны түсіндіріп, әншіге ақ батасын берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/image/2233665-90-zhasqa-taiagan-manggystaulyq-sheber-azhei-dimash-qudaibergenge-arnap-zhasagan-qoloner-tuyndysyn-tabys-etti/