Өзі ерекше жақсы көрген әншіге сыйға тартқан: Павлодардағы музейде Роза Бағланованың көйлегі сақтаулы тұр (фото)
Жарияланған күні:

Павлодардағы музейде қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың көйлегі сақтаулы тұр. Әнші сахналық костюмін Ертіс өңірінен шыққан әнші, сазгер Хафиза Әбуғалиеваға сыйға тартқан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей-үйінің басшысы Ерлан Рахимовтың айтуынша, Роза Бағланова Хафиза Әбуғалиеваны ерекше жақсы көрген, өзінің сахнада киген көйлегін сыйға тартқан.
"Бұл жәдігерді 2017 жылы музейге әнші, сазгер Хафиза Әбуғалиеваның Алматы қаласында тұратын қызы Гүлмайра Чомболаева тапсырған болатын. Ол кісінің есімін де Ертістің ерке сұлу әншісі Майра Уәлиқызының құрметіне қойған екен", - дейді Ерлан Рахимов.

Басылымның жазуынша, Хафиза Уәлиқызы Әбуғалиева 1926 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданында дүниеге келген. Әнші, кино актрисасы, ақын, музыкант, "Қазақконцерт" жүйесіндегі әндер мен романстарды орындаушы. 1943 жылы Павлодар қаласындағы педагогикалық училищені, 1948 жылы Алматы музыкалық училищесінің вокалдық бөлімін бітірген.
Делидегі этнографиялық концертте Бақытжан Байқадамовтың "Ертіс вальсы" әнін қазақ және хинди тілдерінде шырқаған.
Әнші Моңғолия, Қытай және ТМД елдерінде де болған, Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Кремль сахнасында өнер көрсеткен. Сондай-ақ ол халық композиторы Майра Шамсутдинованың шығармашылығын жалғастырушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/image/2240682-ozi-erekshe-zhaqsy-korgen-anshige-syiga-tartqan-pavlodarlyq-muzeide-roza-baglanovanyng-koilegi-saqtauly-tur-foto/