Маңғыстаудағы шатқалда әйгілі туындыны орындаған қазақстандық қобызшы желі қолданушыларын тәнті етті
Опубликовано:

Әлемдік сахналарда өнер көрсететін қобызшы Олжас Құрманбек Маңғыстаудағы Қызылкүп шатқалында композитор Ханс Циммердің "Кариб теңізінің қарақшылары" атты шығармасын қобызбен орындап, желі қолданушыларын тәнті етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Маңғыстау облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бейнежазбаны қобызшы желідегі парақшасында жариялады.
"Жалпы мақсатым — қазақтың ұлттық аспабының ерекшелігін, мелодиялық, техникалық мүмкіндігін паш ету. Әлемдік музыканың көркем кеңістігіне кіріктіріп, шетелдік әуен иірімдерімен үндестіре отырып, ұлттық аспаптың тереңдігін халықаралық аудиторияға жеткізгім келеді", - дейді Олжас Құрманбек.
Олжас Құрманбек үшін жасампаз жоба музыкалық тәжірибе ғана емес, мәдени миссия ретінде ерекше маңызға ие. Түсірілім орны ретінде Қызылкүп шатқалының таңдалуы да кездейсоқ емес. Музыканттың айтуынша, Маңғыстау – көздің жауын алатын көрікті жерлерімен, тұмса табиғатымен шабыт сыйлайтын аймақ. Танымал өнерпаз қобыз күйін төгілтіп, еліміздің көркем табиғатын да әлемге паш етуді мақсат еткен.
"Қобыз үні мен пейзаж ғажап", "Осындай сұлулықты бізбен бөліскеніңізге рақмет, Олжас! Аргентинадан сәлем", "Өте қызық, әдемі жер", "Әдемі музыка және пейзаж, рақмет, Олжас", "Маңғаз Маңғыстауым", - деп пікір қалдырған желі қолданушылары.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/image/2244573-manggystaudagy-shatqalda-aigili-tuyndyny-oryndagan-qazaqstandyq-qobyzshy-zheli-qoldanushylaryn-tanti-etti/