"Өміріңіздің соңына дейін": Баян Алагөзова Меруерт Өтекешеваға ай сайын 1 млн теңге төлеп тұратынын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Белгілі продюсер Баян Алагөзова әйгілі "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешеваға өмірінің соңына дейін ай сайын 1 млн теңгеден төлеп отыратынын мәлімдеді. Ол бұл шешімді актрисаның сіңірген өлшеусіз еңбегін ұмытпау үшін қабылдап отырғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Баян Алагөзова Instagram желісінде видео жариялап, онда ол "Қыз Жібек" фильмінің басты кейіпкері киген камзолға қатысты соңғы уақытта туындаған дауға пікір білдірді. Ол әзірге камзол өзінде екенін және болашақта оны музейге өткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
"Қанша күн болды талқыланып жатқанына. Қазір ол менде, "жеті қат жердің астында". Оны маған осы уақытқа дейін көзінің қарашығындай сақтап келген әйел сыйға тартты. Камзолдың тағдырын тиісті органдар шешеді. Әзірге менде. Әлбетте, ерте ме, кеш пе - мен бұл ұлттық құндылықты музейге өткіземін", - деп мәлімдеді продюсер.
Сонымен қатар продюсер Меруерт Өтекешеваға ерекше жаңалығы бар екенін айта келе, қазақ киносына сіңірген еңбегі үшін актрисаға тон сыйлайтынын және ай сайын 1 млн теңге көлемінде сыйақы төлеп тұратынын мәлімдеді. Айтуынша, бұл сыйақы актрисаның өмірінің соңына дейін төленеді.
"Алғыс ретінде сіз үшін өмір бойына ай сайын 1 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындағым келеді. Менің және менің жолдасымның атынан", - деді ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз