Шоубиз

Зектілері

Абай облысындағы орман өрті: еліміздің танымал тұлғалары елдегі жағдайға алаңдаушылық білдірді

Жарияланған күні:

Абай облысындағы өрт
Абай облысындағы өрт. Фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Бүгін, 12 маусымда ел тұрғындары Абай облысындағы орман өртінен қаза болған марқұмдарды аза тұтуда. Бұл ретте, еліміздің танымал тұлғалары да өрттен қаза тапқан 14 қызметкердің отбасына көңіл айтып, тілсіз жаудан зардап шеккендерге алаңдаушылық білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Шоу-бизнес өкілдері арасында өрт жайлы дабыл қаққандардың бірі - Динара Сәтжан.

"14 батыр ешқайда қашпады, қаймықпады. Өздерін өлім күтіп тұрғанын біле тұра, қызметке шықты. 14 тағдыр... 14 өмір үзілді... 14 отбасы қара жамылды.

Қаза тапқандардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Тұл трагедия. Ел сіздермен бірге қайғыруда", - деп жазды Динара Сәтжан Instagram парақшасында.

Сонымен қатар хитмен Қайрат Нұртас та тілсіз жауға алаңдаушылық білдірді.

"Семейім менің, Алла жеңілдігін берсін! Алла халқыма сабыр берсінші. Қайғыларыңызға ортақпын! Өрт сөндірушілерге Алла қуат берсін Мен сіздермен біргемін және дұғадамын", - деп жазды Қайрат Нұртас Instagram парақшасында.

Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова да Абай облысындағы халықтың жағдайына алаңдаулы екенін айтты.

"Үш күннен бері Абай облысындағы алапат өрт бой бермей көңіліміз алай-дүлей күй кешуде. Өрт жеткен елді мекендердегі жұртшылық үйлерінен құжаттарын да алуға мұрша болмай қашып шыққандарын айтуда. "Құжаттан бұрын, мал тұрған қоралардың есігін ашып үлгеруге жанталастық. Малдың жаны бар, құжат пен дүние-мүлікте жан жоқ. Бас аман болсын" деді.

Соңғы ақпаратқа сай 60 000 гектар орман өртеніп кетті. Мыңдаған адам, жүздеген техника жұмылдырылды. Еліміздің барлық аймақтарынан көмек жеткізілуде. Орман алқаптарындағы алау құшқан аймақ сәт сайын ұлғаюда. Бұл саладағы министр ауыстырылып, Президент оқиға орнына жетті. Қауіп әлі де сейілген жоқ. Қатты жел жалынды біржолата сөндіруге әлі де болса мұрша бермей тұр.

Тілсіз жаумен күресте 14 орманшы қаза құшты. Отбасыларына қайғырып көңіл айтамын", - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова да Instagram желісінде.

Танымал Толқын Забирова да Instagram желісінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына қайғыра көңіл айтты.

"Қайран елім, қайран жерім! Жомарттығы сор болған, жарылыстан көз ашпаған далам-ай! Алла сабыр берсін! Көз жұмған асыл жандардың отбасына қайғырып көңіл айтам. Ел тыныш, жұртымыз аман болсын", - деп жазды Толқын Забирова.

Естеріңізге сала кетейік, Абай облысында 8 маусым күні Батпаев орман шаруашылығының аумағында ағаштар өртенді. Бастапқыда өрт 0,3 гектар аумақты шарпыған.

9 маусымда Абай ауданындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі штаб өртті сөндіруге қатысқан "Семей орманы" резерватының 14 орман шаруашылығы қызметкерінің байланысын тоқтатқанын хабарлады. Сол күні із-түзсіз жоғалған үш орманшының қаза тапқаны хабарланып, 11 адамды іздеу жұмыстары жалғасты.

Ал маусымның 10-ы күні кешке із-түзсіз жоғалған орман шаруашылығының қалған 11 қызметкерінің өлі күйінде табылғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2024328-abai-oblysyndagy-orman-orti-elimizdin-tanymal-tulgalary-eldegi-zagdaiga-alandausylyq-bildirdi/