Жаңа жобалар маусымы: бүгін "Жетінші арнаға" 15 жыл
Жарияланған күні:

Бүгін "Жетінші арнаның" құрылғанына тура 15 жыл. Телеарна жаңа телемаусымды 15 жаңа жобамен ашты. Арнаның бағыты өзгеріп, отандық нарықтағы ең танымал тележүргізушілер "Жетінші арна" командасына қосылды. Өзгермейтін бір ғана нәрсе – көрерменге деген махаббат пен жаңа трендтер арнасы болып қала беру.
"Бұл маусым біз үшін ерекше, өйткені "Жетінші арна" енді қоғамдық-саяси жобаларға басымдық береді. Елде болып жатқан маңызды өзгерістердің біздің көрерменнің өміріне қалай әсер ететінін қарапайым тілде жеткіземіз. Бұл бағытта "Жетінші студия" жобасын іске қостық. Оның авторы әрі жүргізушісі – журналист Нартай Аралбайұлы. Ал қоғам үшін аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелері біздің басты кейіпкерлеріміз болмақ. Жобаларымызда полицейлер, дәрігерлер, ұстаздар, қарапайым еңбеккерлер үлгі етіледі. Оған қоса әлемдік нарықтағы ең мықты тележобалардың қазақстандық нұсасын ұсыну дәстүрін қайта жаңғыртамыз. Биылғы маусымда мұндай екі ірі жоба көрерменге ұсынылады",- деді "Жетінші арнаның" Бас директоры Илхам Ибрагим.

Шынында мерейтойлық жаңа маусым "Жетінші арна" үшін ерекше болғалы тұр. Елдегі ең мықты медицина қызметкерлері "Здоровье" жобасында насихатталмақшы. Оның жүргізуші әрі авторы дәрігер-терапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Айнұр Тажина. Ал полицейлер мен құтқарушылар жаңа отандық телехикаялардың бас кейіпкерлері. Алдағы күндері "Дем. Соңғы үміт" және "Құтқару қызметі", "Байтақ жерім" деп аталатын сериалдар көрерменге жол тартады. Танымал тележүргізуші Әйгерім Сейфолла енді "Жетінші арнаның" кешкі эфирінде.

"Биыл жаңа телевизиялық маусымда "Әйгерім Сейфолланың сырласуы" жобасымен арна эфиріне қайта оралдым. Бұл бағдарлама ел алдында жүрген тұлғалардың боямасыз болмысын, эксклюзив жаңалығын, жаңа қырын, нәзік сырын көрерменге жеткізеді. Оған қоса елдегі болып жатқан оқиғаларға, өзгерістерге қатысты пікір білдіретін тұлғалар қоғам қайраткерлері, журналистер және мәдениет өкілдерінің ой-пікірлері тыңдалады", - деп атап өтті Ә.Сейфолла.

"Жетінші арнаның" келбеті атанғандар қатарында танымал тележүргізуші Динара Сәтжан, Алмас Әшім, Ардақ Қасымхандар да бар.

"Арна ұжымы шын мәнінде өз мамандықтарына адал, кәсіби және тәжірибелі мамандар. Биылғы маусымда қатарымыз тағы да толықты. Бағытымызды өзгерттік. Бұл өзгерістер көрермен тарапынан жауапсыз қалған жоқ, аудиториямыз ұлғайып, соңғы 5 айда рейтингтік көрсеткішіміз 119%-ға көтерілді. Диджиталда да көшбасшылар қатарына қайта қосылдық. Әлеуметтік желілерімізде 5 млн-нан астам көрерменіміз отыр. Бұл цифрлар әрине бізді шабыттандырады", - деді телеарнаның Бас директоры.

Айта өтейік, "Жетінші арна" 2009 жылдың 9-шы қыркүйегінде республикаға хабар таратуын бастады. Дәл осы арнада әлемдік ірі жобалардың қазақстандық нұсқасы алғаш болып көрерменге ұсынылды. Олардың қатарында "Жұлдыздар фабрикасы", "Биле, биле", "Экстрималдар", "40 миллион теңге", "BOOM" жобалары бар. Телеарнаның негізін қалаған білікті медиаменеджер Батыр Қазыбаев болатын. Көрнекті журналист осыдан екі жыл бұрын өмірден озды.
Илхам Ибрагим өз сөзінде "Жетінші арна" Батыр Қазыбаевты ешқашан ұмытпайтынын, бүгін сағат 16.30-да Б.Қазыбаевты еске алуға арналған деректі фильм көрсетілетінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2159124-zhanga-zhobalar-mausymy-bugin-zhetinshi-arnaga-15-zhyl/