Шоубиз

Зектілері

"Ешкімнің абыройын түсіргім келмеп еді": Жұлдыз Әбдікәрімова өткен өмірі жайлы шындықты айтып, соттасатынын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Жұлдыз Әбдікәрімова
Жұлдыз Әбдікәрімова. Фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Отандық актриса Жұлдыз Әбдікәрімова басынан өткен қиын кезеңдерді еске алды. Актриса осыдан 3-4 жыл бұрын жақынынан опық жеген көрінеді. Одан бөлек, блогер күйзелісте жүргенде таныстарының бірі құжаттарға қол қойдырып алған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Актриса бұл жайында Instagram желісіндегі парақшасында баяндады.

"Айтсам ба, жоқ па деп көп ойландым. Ешкімнің абыройын түсіргім келмеп еді. Алайда бұққан сайын басқа шығып барады. Осыдан 3-4 жыл бұрын жақын адамымнан опық жедім. Оңдырмай алдап кетті. Барымды тартып алды. "Жаным, күнім, барым" деп жүрген жаннан сатқындық көремін деп кім ойлаған? Қазір есіме түсіріп отырып, өз-өзіме таңғаламын.

Қалайша жол бердім? Осынша уақыт қалайша үндемей шыдап келдім? Ол кездері мен үшін сынақты күндер еді. Жаным қиналып, айналамнан ақыл сұрайтын адам таппай, басымды тауға да, тасқа да соғып жүргенмін", - деп бастады ол әңгімесін.

Жұлдыз Әбдікәрімованың айтуынша, осы уақытта өзіне жанашыр жан кездескен. Ол блогердің қал-жағдайын біліп, әрдайым уайымдап жүріпті. Дегенмен адам аласы ішінде екен, дейді актриса.

"Сөйтіп сенделіп жүргенде күндей жарқ етіп, алдымнан бір кісі шықты. Бәлкім, менің құтқарушым осы болар деген ой жылт етті. Содан ол адам іші-бауырыма кіріп, мұңымды тыңдап, сырымды біліп, үйімнен талай ас ішті. Сөйтсем, оның өз жоспары болған екен. Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында.

Қит етсе, қалымды сұрап, менің басымдағы проблемамды өзінікіндей көріп, уайымдап жүрді. Ештеңеден хабарым болмай, Жаратқанға алғыс айтумен болдым. Қысқасы, қасымда жарты жыл жүріп, мендегі бар құнды дүниені санап жүрген екен. Мен өз қайғымнан ес жия алмай жүргенде ол біраз құжатқа қол қойдыртып алды", - деді ол.

Енді Жұлдыз Әбдікәрімова танысымен соттасуы да мүмкін.

"Ертең сол кісімен кездесуге барамын. Мәселе шешілмесе, сотта кездесеміз. Егер оқырманым талап етсе, соттың ашық түрде, ел алдында трансляциялануын талап етемін", - деді актриса.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2166183-eshkimning-abyroiyn-tusirgim-kelmep-edi-zhuldyz-abdikarimova-otken-omiri-zhaily-shyndyqty-aityp-sottasatynyn-malimdedi/