"Лондондағы қазақ балалары жылайтын": Айжан Нұрмағамбетова әйгілі "Мен деп ойла" әнінің құпиясын ашты
Жарияланған күні:

Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері талай өнер иесінің сазгерлік қырын танытса, ақиық ақынның жырларына жазылған әуен қаншама әншінің жұлдызын жақты. Мәселен атақты әнші Айжан Нұрмағамбетованың "Мен деп ойла" деп аталатын әні әлі күнге дейін сұраныста. Аталмыш хиттің құпиясы неде? Ел арасында кеңінен тараған туындының шығу тарихы туралы авторы мен орындаушысы KAZ.NUR.KZ тілшісі эксклюзив сұхбат берді.
"Мен деп ойла, самал боп есіп өткен,
Мен деп ойла, нөсерді есі кеткен.
Мен деп ойла, өзіңді әр күн сайын,
Мен деп ойла, өзіңді мен ойла..."
Дәл осы лирикаға толы "Мен деп ойла" әнінің авторы – Төлеген Мұхамеджанов. Әйгілі композитор шығармашылық жолда ақын Мұқағалидың 30 шақты өлеңіне әуен жазған, алайда сол туындылардың ішінде бірден тыңдарман жүрегін баураған "Мен деп ойла" хиті.
"Мен бұл әнді ертеректе жаздым. Қателеспесем, 1987-1988 жылдары шықты. Мен дәл сол кезеңде Алматыдағы опера және балет театрының директоры едім. Шыны керек, сол жылдары осындай керемет ән жаздым деп ойлаған жоқпын. Бұл ән жұбайым әрі музам Нұржамал Үсенбаеваға арналған. Күндердің күнінде Мұқағали Мақатаевтың кітабын алып, "Мен деп ойла" деген өлеңін оқып қалдым. Әдетте әуенін бірінші жазсам, бұл жолы Мұқағалидың өлеңін оқығаннан кейін әуені дүниеге келді. Құдай біледі, Мақатаев бұл өлеңді қаншама жыл бұрын жазып кеткенін... Бірақ Мұқағали атамыз біреуге қатты ғашық болғанға ұқсайды. Маған ерекше ұнады. Бұл әннің ерекше тағдыры, тарихы бар. Ғаламторды қарасаңыз, екі-үш күн сайын әртүрлі әншілер түрлі нұсқада орындайды. Өзім де кейде таңғаламын. Осыдан 5-6 жыл бұрын бұрын қазақ әндерінің ішіндегі "Ең үздік 5 махаббат әні" деген байқау өтіпті, сол бестікке "Мен деп ойла" әні енген", - дейді Төлеген Мұхамеджанов.
90-жылдары композитор өзінің жеке үнтаспасын шығаруды жоспарлайды. "Ақжелкен" деп аталатын альбомға Төлеген Мұхамеджановтың әндерін сол мезетте аты дүркіреп тұрған "Дос-Мұқасан" ансамблі, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев сынды өнерпаздар орындаған. Автор бұл туындылардың тізіміне "Мен деп ойла" әнін қосуды қалайды, бірақ орындаушысы жоқ еді. Ұзақ ойланған сазгер бірнеше әншінің ішінен болмысы мен сахналық образы ерекше Айжан Нұрмағамбетованы таңдайды.
"Ол кезде Айжан Нұрмағамбетованың ешкімге ұқсамайтын өзіндік ән орындау мәнері мен заманауи бағыты бар жас әнші еді. Сондықтан маған Айжан Нұрмағамбетова ұнады, сол әншіге ұсыныс тастадым. Ол орындап шықты. Кейіннен маған Дулат Исабеков ағамыз осы әнге қатысты "Айналайын Төлеген, мына әнің қандай керемет" деп ерекше пікір айтты. Мен өзім таңғалдым, сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені ол үнтаспаның ішінде басқа әндер маған көбірек ұнайтын. Бірақ олар халықтың арасында таралған жоқ, елдің ықыласына бөленген жоқ. Ал дәл осы "Мен деп ойла" әнінің бағы жанды. Бұған Айжан Нұрмағамбетованың да септігі бар. Композитордың тағдыры әншінің қолында ғой", - дейді сазгер.
KAZ.NUR.KZ тілшісі талай жыл өтсе де тыңдарманын жоғалтпаған "Мен деп ойла" әнінің алғашқы орындаушысы Айжан Нұрмағамбетовадан да бұл хиттің шығу тарихы туралы сұрады. Өткен шақты еске алған өнер иесі ерекше естеліктерін бөлісті.
"Ең алғаш Төлеген Мұхамеджанов "Мен деп ойла" әнін ұсынғанда "Ой, тағы да лирикалық ән бе?" деп кішкене ренжіген едім. Бірақ сол үнтаспаның ішіндегі "Мен деп ойла" әні хит болады деп кім ойлаған..? Сөздің шыны керек, мені Айжан Нұрмағамбетова қылған осы ән. Менің төлқұжатыма айналды. Бұл әнге қатысты түрлі оқиға бар. Бір жылдары алматылықтар балаларын Лондонға оқуға жібергенде қолдарына диск ұстатып шығарып салыпты. Лондонда жүрген сол балалар кейін Қазақстанды сағынғанда менің "Мен деп ойла" әнін тыңдап, жылайды екен. Сондай-ақ өзге елде әскери борышын өтеген қазақ жігіттері де кезінде менің пластинкадағы хитімді тыңдап, елге деген сағынышын басқан. Халық көшеде мені көрсе "Әне, қара, "Мен деп ойла" кетіп бара жатыр" деп сыртымнан сыбырлап жатады. Осы орайда тыңдарманға, еліме мың да бір рақмет айтамын. "Мен деп ойла" әні әлі де талай буынның сүйікті әніне айналатынына сенімдімін", – дейді әнші Айжан Нұрмағамбетова.
Айта кетейік, соңғы жылдары «Мен деп ойла» әнін Айжан Нұрмағамбетова Қайрат Түнтековпен дуэт ретінде жазып, тағы бір тынысын ашса, кейін бұл туындыны «Заман» тобы да отандық эстрадада өзіндік стилімен орындады. Қазіргі таңда аталмыш хитті жас әнші Yenlik ауқымды стадиондарда шырқап жүр.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2178102-londondagy-qazaq-balalary-zhylaityn-aizhan-nurmagambetova-aigili-men-dep-oila-anining-qupiiasyn-ashty/