"Тамашаға" 45 жыл: елдің көзайымына айналған театрдың қайта құрылатыны рас па
Жарияланған күні:

"Тамаша" театрының 45 жылдық мерейтойына орай елімізде "Тамаша" тарихын таспалаған сериал жарыққа шығып, Алматы төрінде үлкен концерт қойылды. Республика сарайында өткен мерекелік жиында эстрада жұлдыздары мен аңызға айналған өнер майталмандары өнер көрсетті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Концерт жарты ғасырға жуық тарихы бар "Тамаша" театрының аңыз тұлғаларының естелік таспаларымен шымылдығын ашты. Қазақстанның халық әртісі Лұқпан Есенов және белгілі сатирик Құдайберген Сұлтанбаевтың сахнада қойған көріністерін халық бейнежазба арқылы қайта еске алды. Артынша "Тамашасын" сағынған халық мерейтойға орай түсірілген "Тамаша" сериалының актерлерімен танысты.
Жақында желіде "Тамаша" театрының тарихы жайлы "Тамаша" көркем сериалы жарық көрген болатын. 10 сериалы кинотуындыда театрдың құрылу тарихы мен қалыптасу жолы көрсетіледі. Сериалдан Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденова, Данагүл Темірсұлтанова, Уәйіс Сұлтанғазиннің жас кездерін көруге болады. Онда жас актерлер "Тамаша" театры әртістерінің рөлін сомдады.
Кеш тізгінін Бауыржан Орда мен Ләйлә Сұлтанқызы ұстады. Жүргізушілер сахнаға "Тамаша" театрының құрамында болған Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденова, Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова сынды өнер саласының қайраткерлерін шақырып, олардың театр туралы естеліктерін тыңдады.
Сондай-ақ театрдың үздік сатиралық қойылымдарынан миниатюра көрсетілді. Көрермен оған қоса театрдың алтын қорында сақталған естелік бейнежазбаларды тамашалады. Халықтың сүйіктісіне айналған "Аққу-Гәккуі" Гүлбаушан Тілеубекова мен Данагүл Темірсұлтанова "Құдағилар" қойылымын қойып, жұртты күлкіге қарық қылды.
Одан бөлек, мерекелік концерт барысында "Дос-Мұқасан", Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Парвиз Назаров, Мәдина Сәдуақасова, Бүркіт пен Аиша, "Жігіттер тобы" және өзге де эстрада жұлдыздары өз өнерін паш етті.
Сонымен қатар "Тамаша" театрының актері, қазіргі көркемдік жетекшісі Нұржан Тутов "Тамашаның" болашағы жайлы жоспарларын бөлісті.
"Тамаша" - аты аңызға айналған театр. Ол жастар құрамымен қайта құрылуы керек. Қазір заман өзгеріп жатыр ғой. Сол ағынға ілесуіміз керек. Әзіл-ысқақ театры бұл миниатюра жанры. Жанр ретінде де жаңа заманда өз форматын табуы керек. Жаңа таланттар, жаңа актерлер келсе, "Тамашаны" халық ыстық ықыласпен қабылдайды деп сенемін", - деді актер Массагет басылымына берген сұқбатында.
Ал театрдың тағы бір актері Дархан Пірназаров қазір жаңа құрамды жасақтауға жұмыс істеп жатқандарын айтты.
"Тамашаның" негізін қалаған, "Тамашаны" "тамаша" деңгейіне жеткізген үлкен ағаларымыздың көбі дүниеден өтіп кетті. Қалған орта буын өкілдері, мінеки, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір осы нәрсені жоспарлап жатырмыз. Алдағы уақытта кастинг болады. Актерлерді іріктеп, театр құрамын жаңаша жасақтайтын боламыз. Жастарды тәрбиелейтін боламыз. Қазір әзіл де жеңілдеп бара жатыр. Жайдарман, КВН деген сынды жобалар жастарды жеңіл әзілге үйір етті. Біз дұрыс тәрбие бере алсақ, жеңіл әзілден көбі жалығып, астарлы әзілге ден қоятын болады", - деп жауап берді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2198837-tamasha-teatryna-45-zhyl-elding-kozaiymyna-ainalgan-teatrdyng-qaita-qurylatyny-ras-pa/