Шоубиз

Зектілері

"Қыз Жібекке" 55 жыл: фильмде "Гәкку" әнін орындаған әнші туралы не білеміз

Жарияланған күні:

"Қыз Жібек" фильмінен кадр
"Қыз Жібек" фильмінен кадр: Instagram / elarna_tv

Қазақ кино өнерінің шоқ жұлдызына айналған "Қыз Жібек" көркем фильмнің көрерменге жол тартқанына биыл 55 жыл толды. Ұлтымыздың болмысы, тарихы, дәстүрі көрініс тапқан фильм бүгінде әлемге танымал. Осы орайда "Хабар" арнасы фильмде "Гәкку" әнін орындаған әнші туралы қызықты деректерді назарға ұсынды.

Ғабит Мүсіреповтің сценариі бойынша түсіріліп, Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиевтің табандылығының арқасында эфирге шыққан бұл фильмнің біз үшін беймәлім тұстары аз емес. Мысалы, көркем өнер туындысының жауһарына айналған "Гәкку" әнін белгілі опера әншісі Мунира Ижанова орындағанын бірі білсе, бірі білмес.

"Қыз Жібек" фильмінен кадр
"Қыз Жібек" фильмінен кадр: Instagram / elarna_tv

"Қыз Жібектің" партиясын орындауға 80-ге жуық әнші шақырылған. Олардың ішінде театр солистері, танымал әншілер де болды. Бірақ фильмнің композиторы Нұрғиса Тілендиев пен режиссері Сұлтанахмет Қожықов ел арасында аса танымал емес, алайда халықаралық ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген Мунира Матабайқызын өздері іздеп келеді.

"Қыз Жібек" фильмі
"Қыз Жібек". Фото: Instagram / elarna_tv

"Бір күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне Нұрғиса Тілендиев пен Сұлтан Қожықов келді. Келіп: "Мунира Уанбаева деген қыз сізсіз бе?",- деді. Енді өзі рояльға отырғаннан кейін өзі инструментте шағып ойнайды ғой. 15 шақты әндерді айттық. Сұлтан аға екеуі бірге келді дедік қой, Нұраға екеуі: "Жақсы, қызым. 8-март көшесінде киностудия бар. Соған оқушыларыңызды алып келіңіз", - деді", - деп есіне алды Мәдениет саласының үздігі Мунира Ижанова.

"Қыз Жібек" фильмінен кадр
"Қыз Жібек" фильмінен кадр: Instagram / elarna_tv

Ойда-жоқта мұндай ұсыныс түсерін білмеген жас әнші әрине, ойланбастан киностудияға барады.

"Барсам, Бибігүл Ахметовна мен Нұраға екеуі "Гәккуді" айтып жатыр. Ол кісі айтып болды. Айтып болғаннан кейін ол кісі кеткеннен кейін айтты: "Айналайын қарындасым, мына "Гәккуді" айта аласың ба?", - деді. Айтып бердім. Айтып бергеннен кейін Нұраға: "Мен бір айдан кейін сізге звондаймын. Телефонды ала ғой", - деді. Бір айдан кейін хабарласты. Киностудияға шақырды", - дейді Мунира Ижанова.

Осылайша, қазақ киносының тарихында таңбаланып қалатын фильмге ән жазу жұмыстары басталып кетеді. Ал фильмнің дыбысталу жұмыстарының дені халық ұйқыға кеткенде, тыныштық орнағанда жазылған екен. Бір қызығы, дәл осы "Қыз Жібек» фильмінің түсірілім алаңында, кадр сыртында тағы бір "Жібек пен Төлегеннің" сезім хикаясы басталады.

"Бір профессор болды. Сол: "Айналайын Жібекжан, бері келші. Анау очкилі жігіт сізді жақсы көреді",- дейді. Мен: "Жақсы көремей-ақ қойсын. Маған керегі жоқ. Менің дауысым бұзылып кетеді", - деймін, күледі", - деп есіне алды Мунира Ижанова.

Бұл азамат фильмнің музыкалық аспаптар оркестрінде приманы тартатын атыраулық Досқали Ижанов болатын. Екеуі шаңырақ құрып, кейін Атырауға көшіп кетеді. Ал басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова "бұлбұлдай сыңғырлаған дауысты тамсана тыңдадық" дейді.

"Бірінші рет тыңдағанда біз қуандық. Керемет, дауысы да. Сұлтан аға сол кісі мен Нұрғиса ағамызды таңдады. Өте әдемі, керемет жазылған ән. Барлығы сүйсініп тыңдайды. Халыққа өте жақын", - дейді Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі Меруерт Өтекешова.

Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академияда ұстаздық етіп, зейнетке шыққан Мунира Матабайқызы бүгінде 83-тің төріне жақындап келеді. Мөлдір дауысы көптің көкейінде жатталған әншінің жылдар бойы неге елеусіз қалғаны жұмбақ. Бірақ "Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді" дегендей, бұл дауысты шатастырып алу мүмкін емес шығар.

Авторлар: Алуа Маханбет, Асланбек Шығыр, Мұхамбетәлі Тілдабаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2217125-qyz-zhibekke-55-zhyl-filmde-gakku-anin-oryndagan-anshi-turaly-ne-bilemiz-foto-video/