"Дәрігерлер егіз деді": Ерке Есмахан ешкімге айтпаған құпиясын бөлісті
Жарияланған күні:
Танымал отандық әнші Ерке Есмахан ұлы Батырдың 1 жасқа толуын атап өтіп, осы уақытқа дейін көпшіліктен жасырып келген құпиясын бөлісті. Өнер иесі жүктілік кезінде басынан өткен ауыр да қуанышты сәттерін Instagram парақшасында баяндап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алғашқы УДЗ нәтижесі
Әншінің сторисіндегі жазбасына сенсек, ол ұлы Ислам дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай, небары 10 айдан соң қайтадан аяғы ауыр екенін білген. Алғашқы дәрігерлік тексеріс нәтижесі таңғаларлық болған.
"Бүгін сіздерге айтпаған, Батырға аяғым ауыр кезде болған бір құпияны бөлісейін... Ислам дүниеге келген соң көп ұзамай, 10 айдан кейін аяғым ауыр екенін білдік. Қуанып емханаға барып, анализ тапсырып, тексеріліп жүрдім.
Бірінші УЗИ-ге барғанда, дәрігерлер "егіз" деп айтты. Құрсағыма екі сәби біткен екен", — дейді әнші.
"Бірінің жүрек қағысы жоқ..."
Өкінішке қарай алғашқы скринингте дәрігерлер егіздердің бірінің жүрек қағысы жоқтығын байқаған.
"Уақыт өте келе бірінші скринингке барғанда: “егіздердің бірінің жүрек қағысы жоқ, екіншісі жақсы дамып жатыр” деді дәрігерлер.
Екінші скринингте де Батырдың дені сау, қалыпты өсіп жатқанын білдік. Ал екінші эмбрион бұндай жағдайда кедергі емес екен.
Сөйтіп 9 айдан соң Батикон, оның жолдасы және тағы бір бөпе дүниеге келді... Батыр баламыз бүгін 1-ге келіп, қазір былдырлап сөйлеп, шиқылдап күліп, еңбектеп, бізді қуанышқа бөлеп, өсіп келе жатыр! Дені сап-сау, Аллаға сансыз шүкір!", - деп жазды әнші.
Әнші ЭКҰ жасатқан ба?
Әнші жүктілік кезінде іші дәу болғанын, десе де тоғыз ай бойы еш жері ауырмағанын еске алды.
"Батыр 3 кг 800 г болып туды. 9 ай жеңіл жүрдім, еш жерім ауырмады. Менің басымнан өткен жағдайға ұқсас оқиғаларыңыз болса немесе естіген болсаңыздар, жаза өтіңіздер", - деп жазды Ерке Есмахан.
Әншінің бұл жазбасынан кейін оқырмандардың бірі оған "сонда ЭҚҰ жасадыңыздар ма?" деген сұрақ жолдаған. Ерке Есмахан бұл сауалға әзіл аралас жауап қайтарды.
"Жоқ, ЭКҰ емес! Раим жасады", — деп қысқа қайырды әнші.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2387373-darigerler-egiz-dedi-erke-esmahan-eshkimge-aitpagan-qupiiasyn-bolisti/