"Біз екінші сұрыппыз ғой": Баян Алагөзова Канье Уэсттің концертіне қатысты даулы жазба жариялады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Танымал қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Алматыдағы стадионда KeshYOU тобының концертін өткізу кезінде оларға отшашу атуға рұқсат етілмегенін айтты. Ал YE концертінде бұған мүмкіндік берілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Еске сала кетейік, 15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтті. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздың концерті жоспардан тыс жағдайға байланысты бір күнге шегерілді. Шоу шамамен екі сағатқа созылды. Кәсіби деңгейдегі қойылым қала тұрғындарын арнайы эффектілермен, отшашулармен және лазерлік сәулелермен таңғалдырды.
Көп ұзамай Баян Алагөзова Threads желісінде жазба жариялады. Ол Канье Уэстке отшашуға қалай рұқсат берілгеніне таңғалысын жеткізді. Продюсердің айтуынша, дәл сол жерде өткен KeshYOU тобының концерті кезінде оларға мұндай мүмкіндік берілмеген.
"KeshYOU концерті кезінде стадионда отшашу атуға рұқсат сұраған едік. Өтініп сұрадық, бірақ бізге үзілді-кесілді рұқсат бермеді. Өте қызық, әрі өкінішті. Біздікілерге келгенде "кешіріңіздер, сіздерге болмайды" дейді. Ал Каньеге рұқсат... Заң алдында бәрі тең, бірақ кейбіреулер "теңірек пе? Біз шынымен әлемдік деңгейдегі шоу жасадық. Ал Канье жай ғана сфераның үстінде жүрді, аса қатты тырысқан да жоқ", - деп жазды продюсер.
Оның жазбасы желіде қызу талқыға түсті. Көптеген желі қолданушысы Баян Алагөзованы мұндай сөздері үшін сынады. Ал кейбірі Канье Уэст пен KeshYOU тобының деңгейін салыстыруға болмайтынын алға тартты.
Кейінірек продюсер сынға жауап берді.
"Міне, сондықтан өсек туралы емес, теңсіздік туралы алғаш рет жаздым. Есесіне бәрі білді: біздікілерге – жоқ, бөтендерге – жасыл жол. Иә, лентаға қарасақ, өсек те жеткілікті. Өз сөзімнен бас тартпаймын, әдеттегідей!" - деп жазды Алагөзова.
Көп ұзамай ол тақырыпты талқылауды тоқтатуды ұсынды.
"Мен болдым! Дауласудан шаршадым. Канье супер, ол жүрген жоқ, ол ұшты! Бізге отшашудың қажеті жоқ, біз екінші сортпыз ғой – лентаға қарағанда көпшілік солай деп мойындады. Браво!!! Мен Франциядамын, сәл демалып, "екінші сұрыпты" әртістерімнің екінші концертін жасаймын, әрине, отшашусыз.
Сіздерді Астанада күтемін. Билеттер әлдеқайда арзан болады, біз өз адамдарымыз ғой! Біздің кәсібилігімізге күмән келтіретіндер келмеулеріңізді сұраймын. Сіздер үшін бұл масқара әрі кезекті күлкілі жағдай болады. Өзім дегендерді таптауды жалғастыра беріңіздер" - деп түйіндеді сөзін продюсер.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/scandals/2413508-biz-ekinshi-suryppyz-goi-baian-alagozova-kane-uestting-kontsertine-qatysty-dauly-zhazba-zhariialady/
