Канье Уэст Ресейдегі концерттері мен Майло Яннопулостың депортациясына байланысты сотты кейінге шегеруді сұрады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Рэпер Канье Уэст бұрынғы күзетшісінің талап-арызы бойынша сот процесін кейінге шегеру туралы өтінішхат берді. The Blast басылымының жазуынша, музыкант гастрольдік кестесіне және негізгі куәгердің АҚШ-тан шығарылуына байланысты өтінішхат жолдауды ұйғарған, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Америкалық рэпер әрі продюсер Канье Уэст сотқа бұрынғы қызметкері Бенджамин Провоның азаматтық талап-арызы бойынша сот талқылауын кейінге шегеру туралы өтініш білдірді. Donda Academy жеке мектебінің бұрынғы күзетшісі әртісті кемсітушілік жасады деп айыптап отыр. Сот отырысы 12 қазанға жоспарланған болатын, алайда әртістің заңгерлер тобы тыңдалымды 2027 жылдың 17 мамырына ауыстыруды талап етуде.
Уэст кейінге шегерудің негізгі себептері ретінде алдағы гастрольдік кестесін және бұрынғы серіктесі Майло Яннопулостың АҚШ-тан депортациялануын атады. Музыканттың 10 және 11 қазанда Санкт-Петербургте концерттері жоспарланған. "Газпром Арена" алаңы бастапқыда жалға алу келісімшартының жоқтығын мәлімдегенімен, концерт ұйымдастырушылары шоу өткізу үшін баламалы стадион іздестіруді жалғастыруда. Музыкант өкілдерінің айтуынша, сот процесінің басталу мерзімі рэпердің сотқа қатысуын қиындата түспек.
Тағы бір фактор – АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік қызметі (ICE) жүзеге асырған Майло Яннопулостың депортациясы. Уэсттің адвокаттары Яннопулостың іс бойынша маңызды куәгер екенін және оның елден шығарылуы қорғанысқа дайындықты қиындатқанын баса айтты.
Сонымен қатар әртістің заңгерлері Прово мен оның қорғаушысын дәлелдемелер жинауды созбалаңға салды және жауап алу кезінде қажетті құжаттарды ұсынбады деп айыптады. Осыған байланысты Уэст тарапы талапкер мен оның өкіліне қатысты сот санкцияларын қолдануды талап етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз