"Сағыныш сазы сен едің": 90-жылдары хит болған әнге қатысты дау шықты
Жарияланған күні:

90-жылдары хит болған "Сағыныш сазы" әні таласқа түсіп жатыр. Сазгер Біржан Асқаров дәл осы туындының авторы менмін дейді. Оның сөзіне сенсек, әнді 15 жасында шығарған және ол "Сағыныш сазы" арқылы танылған Талғат Жорабаевқа да өкпелі. Оның бұл ренішіне Талғат Жорабаев пікір білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Араға жылдар салып, сазгер Біржан Асқаров "Сағыныш сазы" хитін "менің туындым" деп мәлімдеді. Ал авторлық құқықты былтыр ғана алған. Ән сонау 1990 жылдан бері халық аузында айтылып келген. Кейін әнші Талғат Жорабаев үлкен сахналарда орындап шыққан. Біржан Асқаровтың сөзіне сенсек, сөзін де, әуенін де өзі шығарған.
"Бұл әнді жазғаныма 36 жылға кетіп бара жатыр. Қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында училищеде бірінші курсқа барған кезімде жазғанмын. Хабиби Жиенов деген жігіт екеуіміз бір ән жазайық деп. Бұл әннің алдында да бір ән жазғам", - дейді Біржан Асқаров.
Сазгер әнді 15 жасында жазғанын айтады. Туынды жауапсыз махаббаттан туған дейді.
"Бұл ән Гүлжазира деген қызға арналған ән еді. Өзіммен курстас, бухгалтерлік бөлімде оқыған қыз. Ал Хабиби дейтін жігіт те бір қызға ғашық болды, әннің екінші куплетін сол жазған. "Сағыныш сазы" болып, халықтың аузында солай аталып кетті. Содан құлақтан-құлаққа, ауыздан-ауызға тарап, бұл ән осылай кетті. Бала кездегі ғашығым. 15 жасымда жазылған ән. Бұл әнді ешқандай әншіге ұсынған жоқпыз. Мен өзім сол ауылда, жүрген жерімде айтып жүрдім", - дейді ол.
Дегенмен ел арасында "Сағыныш сазы" көше әні болып кеткен. Туындының авторы екенімді Талғат Жорабаевқа талай айттым, дейді сазгер. "Бірақ сөзіме құлақ аспады" деп өкпелі. Енді сазгер өтемақы талап етіп отыр.
"2010 жылдары бір танысымнан телефон нөмірін тауып алып, сөйлесіп, өзім туралы айтып, танысып, басқа да әндерімді ұсынайын деп хабарласқам. Біржан Асқаровпын, сенің орындаған "Сағыныш сазы" әніңнің авторы болам, жолығып, кездесіп, сөйлессек деп айтқан едім. "Уақытым жоқ" деді. Сол маған ауыр тиді, көңіліме келді. Былай айтқанда, құрметсіздік көрсетті", - дейді сазгер.
Мән-жайды білу үшін Талғат Жорабаевқа қоңырау шалдық. Оның өз уәжі бар. Ол туынды авторы Біржан Асқаров екеніне күмәнмен қарайды. Расында солай болса, мұнысын дәлелдесін деп отыр.
"Бұл әннің авторын білмеймін. Кезінде ауыздан-ауызға, халық әні боп, баяғы халық әндері сияқты таралып жүрді ғой. Оны естіп алған енем: "Бұл әнді мен де айтатын едім ғой, кезінде, қалай ол авторы, қазір пайда бола қалады?" дейді. Бір жағынан күмәнданам, нақты дәлелдесін осы ән екенін. Дәлелдеп болғаннан кейін мен өзімнің айтатынымды айтамын. Баяғыда Сәбит продюсеріміз болды ғой, кезінде, жездем болды. Сәбит Бағлан Омаров ағамыз арқылы 300 доллар беріп жіберген екен. 300 доллар алған екенсіз, кезінде, Бағлан ағадан десем, "менің есімде жоқ" дейді", - дейді Талғат Жорабаев.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/scandals/2439715-sagynysh-sazy-sen-eding-90-zhyldary-hit-bolgan-ange-qatysty-dau-shyqty/