Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Біздің қоғамда ақсаусақ жігіттер неге көбейіп кетті?

Опубликовано:

Әйел мінезді жігітті талай көрген отандық журналист Ербол Жанат біздің қоғамда ақсаусақ жігіттер неге көбейіп кеткенін анықтауға тырысты деп хабарлайды NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

"Бүгінде кімнен сұрасаң да үйде отыратын, әйелі жұмыста, өзі бала бағатын, әйелі келгенде тамақ істеп, кір жуып қоятын «пысық» еркектер бар... Бізді қызықтыратыны осындай «тамаша ағайлардың» бүгінде көбейіп бара жатқаны. Ол ол ма? Бір шеге қаға алмайтын, кранның түбінен су тамшыласа да сантехник шақыртатын, не даланың, не қаланың шаруасына қыры жоқ ақсаусақ жігіттер де жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаулап келеді біздің қоғамда. Ал, мал сою, бас-сирақ үйту, ет бұзу болашақта ақысы қымбат жеке кәсіпке айналатын түрі бар. Себебі, бұрын екінің бірі білетін осы іске қазір ауылдың өзінде тек орта жастағы кісілер жауапты болып қалған. Жастар шаруадан бос қалған", - деп сөзін бастады Ербол Жанат.

Оның ойынша, бұған алғашқы кезекте «мектептегі матриархат» себеп.

"Жасыратыны жоқ, бүгінде балабақшадан бастап, университетке дейін ұстаздық қызметті көбіне әйелдер қауымы атқарып жүр. 2011 жылғы мәлімет бойынша біздің елімізде 222 929 әйел мұғалім, 52 726 ер мұғалім болыпты... Ал бүгінгі күннің өзінде елдегі ер мұғалімдердің үлесі отыз пайыздан аспайтын көрінеді. Осы тұста бұның қандай зияны бар деген сұрақ туындайды. Психологтардың айтуынша, әйел ұстаздың алдынан шыққан ұл бала нәзік, қыз мінезді болып келеді екен. Керісінше, қыздарда дөрекі мінез қалыптасатын көрінеді", - деп болжамын жасады журналист.

Ербол Жанат ер мұғалімдер жоғары сынып оқушыларына көбірек сабақ беруі тиіс екенін алға тартты.

"Ер мұғалімдер жоғары сынып оқушыларына көбірек сабақ беруі тиіс екен. Себебі, қыздар ер мұғалімге қарап, ер адамның бойында қандай құнды қасиеттер болуы керектігін көңілге түйіп өседі, бұл болашақта жар таңдауда көп пайдасын тигізеді. Ал ұл балалар өздерінің арасында болып қалған жанжалды шешу кезінде нағыз ер-азаматтың ақыл-кеңесін алып, бітімге келуді, уәдеде тұруды, намысты болуды, өзін нағыз жігіт секілді ұстауды үйренеді екен", - деп жалғастырды ол.

Осы орайда журналист шетелдік тәжірибені еске алды.

"Мектепте ер мұғалімдердің жетіспеу мәселесі 60-70-жылдары Түркияда да болыпты. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама жасалып, ерлерді мектепке тарту мәселесін алдыңғы кезекке қойылған. Себебі, жұрт "ер мұғалімдердің аздығынан ұлдарымыз жібектей сызылып, қыз мінезді болып барады, қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды" деп мәселе көтерген. Арада көп уақыт өтпей бұл елде мектеп ұстаздарының тең жартысы ер мұғалім болған", - деп ескертті Ербол.

Журналист ер мұғалімдердің аз болуының себебін де сөз етті.

"Әлеуметтік сауалнамаларға жүгінсек, әр адамдар мұғалім мамандығын аз таңдауының себебі табысқа тікелей байланысты екен. Ер адам отбасын асырауы тиіс, мұғалімнің жалақысы оған толық жетпейтін болғандықтан, олар көбіне басқа кәсіпті таңдап кете барады", - дейді ол.

Ербол жақсы әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайтынына баса назар аудартты.

"Қоғамда қыз мінезді жігіттердің пайда болуына жалғызбасты аналардың саны артуы да әсер етеді. Қазіргі статистика бойынша, Қазақстанда әр үш отбасының бірінің шаңырағы шайқалып, ерлі-зайыптылар ажырасып жатады және көп жағдайда бала анасының қамқорлығында қалады. Әке көрмеген ұл балалар өмірде көптеген мәселелерді анасына еліктеп, сол секілді шешуді әдетке айналдырады. Бұндай баланың таным, талғамы да басқаша қалыптаспақ", - деп ойын түйді журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1015739-bizdinh-qoghamda-aqsausaq-zhigitter-neg/

pixel