RU

ОҚО-да бір отбасыда бес ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде (фото)

Шымкенттен 220 шақырымдық жер шалғайда жатқан Созақ ауданында тұратын Шәміл қария мен Рахия апа он бір ұл-қызды тәрбиелеп өсірген. Бұл отбасыда бес ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Оның сыры неде? Бұл сұраққа жауап алу үшін NUR.KZ  тілшісі отбасы мүшелерімен тілдесіп қайтты.

Созақта алпыс мыңнан астам халық тұрады. Оның 90 пайыздайы - қазақ ұлтының өкілдері. Қалғаны өзге ұлыс азаматтары. Отағасы Шәміл ата Әзірбайжан ұлтының өкілі. Екінші сынып оқып жүрген кезінде белгілі себептерге байланысты отбасымен бірге Әзірбайжан елінен Қазақстанға қоныс аударады.

Тоғызыншы сыныпқа дейін Созақ ауданы, Созақ ауылындағы Ленин мектебінде білім алған. Мектепті бітірген соң өзі өскен ауылдан көршілес жатқан елді мекенде ұстаздық қызметті бастайды.

Демалыс алып, ауылына келгенде соғысқа шақырту алады. Сұрапыл соғыс жылдарында түрлі ерліктер танытып, талай жарақат та алған. Госпитальде бірнеше рет ем алып, 1946 жылы Қазақстанға оралады.

"Соғыс аяқталған соң елдегі ер азаматтардың қатары тым аз болды. Көбі майданда жүріп ажал құшты. Мен ауылға келгенде қыз-келіншектер көп болды. Қателеспесем, ауылда отыз шақты тұрмыс құрмаған қыз болды. Солардың арасынан апаларың көзге түсті. Ішінде «ең симпатичныйы» (күліп) осы кемпірім болды. Шаңырақ көтердім. Үйдегілер өзге ұлттың қызын алдың деп сөккен емес. Себебі біз Қазақстанда тұрып, қазақ болып кеттік», - деп әңгімесін бастаған қария агрономдық қызметті қолға алып, тек қана ауылдың емес, ауданның көркеюіне сүбелі үлес қосқанын айтып қалды.

Алғашында мал шаруашылығымен айналысқан ол кейін егін шаруашылығына бет бұрады. Жасы 90-ға келсе де, әлі күнге дейін көлікті өзі тізгіндейді.

Елге сыйлы қария - ауыл шаруашылығымен айналысқан адам, ешқашан аш қалмайтынын алға тартты. Еңбек еткен адамның ғана несібесі молынан болады деген ақсақал жұбайы Рахия апа екеуі сегіз қыз бен үш ұл тәрбиелеген.

Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған олар бүгінде 39 немере мен 55 шөберенің ата-апасы атанып отыр. 88 жастағы Рахия апа - қазақтың қызы. Шәміл ата мен Рахия апаның шаңырақ көтергендеріне биыл 69 жыл толды. Үлкен қыздары Рида - 68 жаста. Жолдасы түрік ұлтының азаматы.

Үйдің екіншісі - Шафига 66-да. Қазақ отбасының келіні. Жұлдыз - 64 жаста. Ол да қазақ азаматына тұрмысқа шыққан. Одан кейінгі егіз қыздарының бірі Малахат грузин өкілінің босағасын аттаса, сыңары Хуршуттың күйеуі әзірбайжан ұлтының өкілі.

Үлкен ұлдары Қадыр - 56 жаста. Түрік ұлтының қызын алған. Фарида 58-де. Қазақ шаңырағына келін болып түскен. Қазыбек өзбектің қызымен шаңырақ көтерсе, кенже ұлдары Елбұрыс әзірбайжан қызын алған.

49 жастағы Урият өзбек азаматына, үйдің кенжесі, 48 жастағы Зоя әзірбайжан ұлтының өкіліне тұрмысқа шыққан. Бүгінде Өзбекстан елінде тұрады. Немерелері де өзге ұлттың өкілдерімен отау құрған.

Шәміл ата мен Рахия апа кіші ұлының баласының қолында. Бір ұлы көрші тұрады. Қалғандары қызмет бабымен аудан орталығында, Шымкентте, Сайрамда, Қазығұртта тұрады. Үй шаруасына жәрдемдесу үшін қыздары мен келіндері қара шаңыраққа жиі бас сұғады.

Айтпақшы, Тагиевтер әулеті тек қолдың тағамдарын тұтынғанды жөн санайды. Соның ішінде таба нан жауып, қазақтың ұлттық тағамдарына аса мән береді.

Үй ішінде өзара қазақ тілінде сөйлеседі.

«Мен осында өстім. Ұл-қыздарыма қазақша тәрбие бердім. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген бар емес пе? Әсіресе қыз баланың тәрбиесіне аса қатты мән бердім. Тәуба, перзенттерім жерге қаратқан жоқ. Бір-бір маман иесі атанып, абыройлы қызмет етіп жүр. Ұлдарымды қазақтың салтымен үйлендіріп, қыздарымды қолдан ұзаттым», - деді қария.

Шағын сұхбат соңында отағасы, соғыс ардагері, елге сыйлы ақсақал Қазақстанда өмір сүріп жатқанына ризашылығын айтып, «Мен ұлтқа бөлінетіндердің қатарынан емеспін. Бастысы, адал, таза адам болуы керек. Ұл-қыздарымды үйлендіріп, тұрмысқа берерде де соны айттым. Немере-шөберелеріме әлі күнге дейін солай айтып отырамын. Жағдай жақсы. Бойымда әлім де бар. Перзенттерім, немере-шөберелерім жанымда. Бізге одан артық не керек? Жағдайымыз, Аллаға шүкір, жақсы», - деп әңгімесін тәмамдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1040466-shymkentte-bir-bala-tarbielep-osirg/