Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

СҚО-да салмағы 140 келіден асқан әйел мүгедектік ала алмай жүр

Опубликовано:

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны екі жылдан бері мүгедектікке шыға алмай жүр. Бір басында бірнеше дерті бар Татьяна Симонова қазір мүлдем жүріп-тұрудан қалған деп хабарлайды КТК арнасы.

Алайда 140 келіден аса салмағы бар оған дәрігерлер соңғы рет фитнеске барып арықтауға кеңес беріп қайтарып жіберіпті. Бір тиын да табысы жоқ, жалғыз тұратын әйел енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Қызылжар ауданы Боголюбово ауылында тұратын Татьяна Симонова  елуді енді алқымдапты. Қант диабеті, қан қысымы, жүрек талмасы бар әйелдің соңғы кездері буындары ісінетін болған. Салмағы 140 келіден асатын ол қолына таяқ ұстап, үй ішінде әрең жүреді.

50 жастағы әйел екі жыл бойы облыс орталығына мүгедек деп жазатын медициналық-әлеуметтік сараптамаға барып тұрады екен. Бірақ ондағылар бұған дейін қосымша қағаздар, анықтамалар сұратып бетін қайтарып жіберетін. Соңғы барғандағы естігені, тіпті сорақы.

"Комиссия мүшелері алдымен фитнеске барып салмақ таста деді. Фитнес тұрмақ, дәретханаға әрең тұрып жүретін мені мазақтағаны ма сонда? Арықтасаң көбелек құсап ұшасың дейді", - деп ашынды Боголюбово ауылының тұрғыны Татьяна Симонова.

Ал мүгедектік деп тіркейтін комиссияның айтар уәжі бар. Аудандық ауруханадан «жұмысқа жарамайды» деген анықтаманы оған ревматолог дәрігер беріпті. Алайда Татьянаның буындарын тексерген комиссия  мүшелері «қол- аяғы бүгіледі, бар гәп шынымен де артық салмақта» деген.

"Тағы комиссия құрып, жағдайын тексере аламыз. Ол үшін облыстық денсаулық сақтау департаментінен мамандар шақырамыз. Егер шынымен де еңбекке жарамсыз болса, мүгедектік топ береміз", - дейді СҚО Көші-қон және тұрғындарды әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Жанар Нұрбек.

Мамандардың айтуынша, былтыр заңға енгізілген өзгерістерге сай тұрғындарды мүгедек деп тіркеу жағы біршама қиындаған. Енді жәрдемақы  тек ұзақ емнен нәтиже шықпаған, не сырқаты асқынғандарға ғана тиесілі. Ал қалада тұратын ересек ұлы мен қызы беретін аз-мұз ақшаға қарап отырған Татьяна үшінші топ үшін берілетін 22 мың теңгеге де аса мұқтажбын дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1049192-sqo-da-salmaghy-140-keliden-asqan-ayel-mug/

pixel