Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Білім және ғылым министрі қазақ тілінің келешегі туралы ойымен бөлісті

Опубликовано:

Білім және ғылым министрлігі жаңадан тағайындалған министр Ерлан Сағадиевтің алғашқы баспасөз хабарламасын жария етті. NUR.KZ министрдің хабарламасын сол күйінде назарларыңызға ұсынып отыр.

- Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылданғанына енді ғана он күн толып отыр. Қазір осы бағдарламаны орындаудың әрбір қадамы ойластырылуда. Сондықтан алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы әлі халық алдында ресми түрде жарияланған жоқ.

Дегенмен, маған осы бағдарлама туралы кейбір сұрақтар түсіп жатыр. Сұрақтың көпшілігі қазақ тілі, оның келешегі туралы.

Қысқаша айтсам, бағдарламада қазақ тілінің қолданысын шектеуге, немесе, кейбіреулер айтқандай, оны жою туралы қандай да бір мақсат та жоқ. Мен іс басына қазақ тілін – өзімнің ана тілімді шеттетейін деген оймен келгенім жоқ.

Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты - президент ұсынған “Мәңгілік ел” идеясын орындауға бастайтын, оған негіз қалайтын платформа жасау. Өйткені, “Мәңгілік ел” білімі заман талабына сай, әлемдегі ғылым мен техниканың, жалпы әлем өркениетінің жаңалығын еркін біліп, еркін игере, қолдана алатын Қазақстанның мәңгілік қоғамын құруға арналған. Сонымен қатар, қоғамда сапалы білім алудың мүмкіндігі баршаға бірдей болуы көрсетілген. Ал қазір біздегі білім жүйесінде мұндай тепе-теңдік жоқ.

Қазіргі таңда еліміздегі мектептер үш типке бөлінген. Оқыту тілдері: қазақша, орысша, ағылшынша.

Қазақ мектептерінде оқыған жастардың әрі қарай сапалы білім алуының шектеулі екенін көріп отырмыз. Мысалы, біздің ең жоғары ағылшын тілінде дәріс беретін Назарбаев Университетіне, ҚМЭБИ, ҚБТУ, IT университеттеріне ауыл жастарының түсуіне біраз қиыншылықтардың бар екенін өзім көрдім. Ол – бір.

Екіншіден, бізде орыс тілінде оқытатын мектептер де бар. Оларда да көптеген қазақ жастары оқиды. Шынын айтсақ, осы жастардың көбі, тіптен қазақ жастарының көбі қазақ тілін дұрыс білмейді, дұрыс түсінбейді. Осындай себептерге байланысты біздегі білім алу жүйесінде тепе-теңдік жоқ, жастардың бәрі бір деңгейде сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Біздің мақсатымыз – осындай қайшылықтарды жойып, жастарға, әсіресе ауылда жүрген жастарға, бәріне бірдей сапалы, заман талабына сай білім беру.

Дәлірек айтсақ, болашақта үш тілде сапалы дәріс беретін бір типті білім беру жүйесін құру. Осы үш тілде де әр бала еркін сөйлеп, бір-бірін түсіне білуі тиіс және де әлем елдеріндегі озық білімді игере білуі қажет. Бұл бір жылдың шаруасы емес, бірақ оны уақытты жоғалтпай бастау керек.

Биылғы жылы осы реформалардың алғашқы қадамы жасалып отыр. Осыған байланысты ең бірінші айтарым: әзірше жалпы қазақ тілінің орта мектептегі оқу бағдарламасы бұрынғы қолданыстағы күйінде жалғастырылады. Сонымен қатар орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінің сағаттарын көбейтіп, оның сапасын арттыру керек.

Жаратылыстану (химия, физика, биология, информатика) пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілінде де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр. Сондықтан биылғы жылдан бастап 73 мың мектеп мұғалімі жаңа әдістемеге арнайы дайындалады.

Осы мақсатта және әлемдегі озық тәжірибені кеңінен қолдану үшін биыл 2.5 мың мектепті кең жолақты интернет желісіне қосамыз. Аталған іс-шаралар Елбасы бекіткен бағдарламада нақты көрсетілген және оған тиісті қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, 73 мың мектеп мұғаліміне жаңа әдістемені үйрететін 80 маман Назарбаев Зияткерлік мектептерінде дайын тұр.

2017 жылдан бастап тағы 2.5 мың мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылады. Осының арқасында Қазақстанда ақпараттық технологиялар мен жаңа әдістемелер арқылы жұмыс істейтін білім беру жүйесі қалыптасады. Яғни интернет желісі барлық мектептерге сапалы білімді әкелуге мүмкіндік туғызады. Осыдан кейін ғана кейбір жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқыту басталады. Шамамен ол 2018 жылдан басталады деп отырмыз. Тек балалар дайын болғанда ғана ҰБТ-ға ағылшын тілі сұрақтарын қоса бастаймыз.

Осының бәрі не үшін қажет деген сұрақ туындауы мүмкін. Әлемдегі ғылым жаңалықтарын қазақ тіліне аудару керек дейді кейбір ағайындар. Дұрыс-ақ болар еді, бірақ әлемде біздің жастарға керек, күніне мыңдап емес миллиондап шығып жатқан ғылым мен өмір жаңалығын дер кезінде қазақ тіліне аудару тіпті мүмкін емес. Оған қаражат та, басқа мүмкіндіктер де жоқ. Оның қиындығын үлкен халық француздар да түсініп отыр. Бұрын француз мектептерінде ағылшын тілі оқытылмайтын еді. Қазір оны оқыту заң түрінде барлық француз мектептеріне енгізілді. Бізге де тиімді жол осы деп есептейміз. Қазақ жастарына, әсіресе, ауыл балаларына өз ана тілімен қатар ағылшын тілін үйретсек, сонда ғана олар өздеріне қажетті білімді әлем кеңістігінде дер кезінде және еркін таба алады. Оларға ең тиімді жоғары оқу орындарына жол ашылады.

Ал, қазақ тілі туралы айтар болсақ, бізде ана тілімізді жан-жақты, жедел, тиімді үйрететін әдістеме жоқ. Кейбір елдерде (мысалы, ағылшындарда, финдарда) өз халқының тілін өздеріне және басқа ұлттарға 4-6 ай ішінде үйрететін тиімді әдістемелер бар. Осындай әдістемелердің жоқтығынан біздер мектепте қазақ тілін айлап, жылдап оқытсақ та тиісті нәтиже шығара алмай келеміз.

Сондықтан қазақ тілін жедел меңгерудің әдістемесін жасауымыз керек. Осы мақсатқа ғылым бағдарламасының маңызды бөлімі ретінде тиісті қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл – өте маңызды мәселе. Ол мектептерде қазақ тілін оқытудың маңызын тек оған бөлінген сағаттармен ғана өлшеп қоймай, берілетін білімнің сапасы арқылы бағалауға жол ашады. Сондықтан қазақ тілі пәнінің тәжірибелі ұстаздарын шет елдерге жіберіп, ондағы тілді үйретудің тиімді әдістемелерімен таныстыру көзделіп отыр. Осының арқасында тек қазақтарға ғана емес, еліміздегі басқа ұлт өкілдеріне де қазақ тілін кеңінен тиімді әдістеме арқылы оқыту жүйесі ұсынылады.

Тағы бір үлкен мәселе, бір замандарда әлем халқы шамамен 10 мыңнан аса тілде сөйлесе, бүгін де әлем бойынша 6,5 мың тілде ғана сөйлейді. Үлкен халықтардың емес, саны аз немесе орташа халықтардың тілі біртіндеп қолданыстан шығып жатыр. Ал мәңгілік ел болуды мұрат еткен біз өз тілімізді қалай сақтай аламыз, оның жолдары қандай, басқа мемлекеттерде осы тұрғыдан озық үлгі бар ма? Осындай сұрақтарға ғылыми негізде алынған жауаптарды немесе зерттеулерді көрмедім. Сондықтан, қазақ тілінің жанашыр ғалымдарынан арнайы топ құрып, қаражат бөліп, осы ғылыми ізденістерді жүзеге асыру көзделіп отыр.

Әзірше оқырмандарға айтарым осы. Алдағы уақытта Министрліктің әрбір қадамы халыққа жария етіліп отырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1067379-bilim-zhane-ghylym-ministri-qazaq-tilin/

pixel