Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір топ қазақ жастары қарттар үйіндегі қарияларға той жасап берді (фото, видео)

Опубликовано:

Елімізде 500-ге жуық еріктілердің басын қосқан «Қайырымды жандар» тобы пайда болды. Аталған топ мүшелері азғантай уақыт ішінде көпке үлгі болар іс атқарып, мұқтаж жандардың көңілін аулауға тырысуда.

Жақында «Қайырымды жандар» тобының кезекті шарасына NUR.KZ тілшісі де қатысып қайтты.

Бұл топтың құрылуына себепкер болған - Айдын Тоқсанбаева. Айдын қарапайым отбасында тәрбиеленген қыз. Оның бұл істі қолға алуына ең алдымен жанұядағы қазақы тәрбие мен жасы 80-нен асқан Лена әжесі себепкер болған. Естеріңізде болса, әлемнің бірнеше мемлекетіне саяхат жасаған Лена әжей туралы біз хабарлаған едік.

«Барлығы үйдегі тәрбиеден басталды. Бізге ата-анамыз қолда бармен бөлісуді, өзгелерге қол ұшын созуды үйретті. Бәлкім, содан шығар, басқаларға барынша септігім тисе деп жүретінмін. Бірде үйге келсем, Лена әжем өксігін баса алмай, жылап отыр екен. Дереу жаман ой келіп, жақындарымыз қайтыс болды ма деп ойлай бастадым. Жүгіріп барып, әжемді құшақтап жылай беріппін мен де... Кейін әжемнің сол күні қарттар үйі туралы репортаж көргенін білдім. Балалары қараусыз қалдырған қарияларды, өзінің замандастарын көріп, көңілі босапты. Міне, осы оқиғадан соң мен қарттар үйіне алғаш рет қадам басып, оларға біздің назарымыз керек екенін, олардың да біздің қоғамның мүшелері екенін түсіндім. Өкінішке қарай, бізде көп адамдар қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды дұрыс түсінбейді, оларды көзге шыққан сүйелдей көреді», - дейді Айдын.

«Әлеуметтік желілерге пост жаза бастадым. Шыны керек, алғашында менің қазіргідей жазылушыларым болған жоқ. Айттым ғой, мен әрбір «лайкқа» мәз болатын қарапайым қызбын. Кейін достар қатары көбейді де, маған телефон арқылы, әлеуметтік желі арқылы хабаралса бастады. Байқағаным, көмектескісі келетіндер негізінен жастар екен. Студенттер мен жастар ақшасын қыдыруға, кафе мен түнгі клубтарға, қымбат киім мен сәнді смартфондарға шашпай, біздің азғантай ғана мейірімімізге мұқтаж жандарға жұмсағысы келетіні мені қуантты», - дейді топ жетекшісі Айдын Тоқсанбаева.

Алдымен қарттар үйіндегі қарияларға арнап «100 ата-апа кеші» ұйымдастырылды. Араға уақыт салып бұл кеш жалғасын тауып, ізін суытпай балалар үйінің балаларына арнап «Ертегілер әлемі» кеші ұйымдастырылды. Нәтижесінде «Қайырымды жандар» тобы өткен жылдың желтоқсан айында WhatsApp әлеуметтік желісінде белсенді жастардың атсалысуымен құрылды.

«Ең бірінші рет қарттар үйіндегі 360 қарияға әлеуметтік желіде ниет білдірген жандармен бірге сыйлық жасадық. Әдемі пакеттерге орап, ішіне банан, йогурт пен тәттілер салып, апарып бергенбіз. Сол кезде олардың көздері нұрланып кетті. Содан соң, Мұхтар Әуезов театры бізге 100 билет тегін сыйлады. Ата-апаларымызды ертіп спектакль көруге келдік. Сол кезде қарттар үйінен айлар, жылдар бойы шықпаған қариялардың бой жазғанын көріп-ақ бақытты едік біз", - деп әңгімесін жалғастырды Айдын.

«Иә, үйдегі ата-әжелер күн сайын туыстары мен бала-шағасының, құрбы-құрдастарының тойына барады, немерелерінің қуанышына бөленіп жүреді. Мейрамхананың талайына барып тастады, көйлектің де түр-түрін киеді. Керемет емес пе? Ал қарттар үйіндегі қариялар мұндай салтанатты көрген жоқ. Оларды ешкім арнайы тойға шақырмайды... Оларға арнап той жасау идеясын әжем екеуміз келісіп, ойымызды әкеме жеткіздім. Әкем бірден қолдап, 100 ата-әженің дастарханын өзі төлеп беретінін айтты. Әкемді құшақтап, көзіме еріксіз жас келді. Жастар мен ата-әжелер бірге тойда көңіл көтеріп, үлкен байланыс орнатса екен деген арманым іске асты», - дейді Айдын.

Топ мүшелерінің саны арта бастады. Алматыдағы еріктілер мұқтаж отбасылар мен балалар үйіне жиі барып, қолдан келгенше көмек қолын созып тұрды. Осыдан соң Шымкент, Астана қалаларында да «Қайырымды жандар тобы құрылды.

«Алматыда «100 ата-апа» кеші өткен соң, Шымкент пен Астанадағы ерікті жастар белсене бастады. Шымкенттегі той дүркіреп ерекше өтті. Еріктілер сондай жігерлі! Мәселен, соңғы Астанада өткен тойда біздің топтың барлық мүшелері ерекше атсалысты. Тіпті, Айгүл, Рахила есімді қыздар шараға бас-көз боламыз деп, 2-3 күн ұйықтамағанын еске алсам жүрегім елжірейді. Кейуаналар мен қарттар өздеріне арналған мұндай сыйды алғашында түсінбей қалды. Мүгедек арбасына таңылғандарды екі жағынан көтеріп кіргізгенде «Мұның бәрі қандай бақыт! Бірақ, не үшін?» деп таңырқады. Біз бұл үшін өзімізге пайда көріп, абырой жинауды мүлде мақсат етпейміз. Біздің басты мақсатымыз – жақсылық жасап жарысу. Қоғамда жағымсыз жайттар онсыз да көп емес пе?! Ендеше, неге жақсылық жасап жарыспасқа?!», - дейді Айдын Тоқсанбаева.

«Біз оларды мейрамханаға апарған кезде: «Мұның бәрі не үшін? Сайлау алдындағы науқан ба?» деп таңырқай қарады. Тіпті, тамақ ішіп болған соң, жиналып кете бастағаны да бар. Біз оларды әрең тоқтатып, бұл дастархан, қуаныштың барлығы солар үшін екенін айттық. Олар расында мұндайды күтпеді», - деді Айдын.

«Той жасауға, мұқтаждарға қол үшын созуға, сыйлықтарға ақшаны қайдан аласың сынды сұрақтар жиі қойылады. Кейбірі мені миллионердің қызы, кейбірі шенеуніктің қызы деп ойлайды. Әкем қарапайым жеке кәсіпкер. Анау айтқандай байдың қызы емеспін, өз қолымыз өз аузымызға жетеді. Ал мен сонда ақшаны қайдан аламын? Қайырымдылық жасау үшін ақша мен уақыт маңызды емес. Барлық шарада тобымыздағы ерікті жастар атсалысады. Олар студенттер, оқушылар, әр жерде қызмет жасайтын жастар. Ал барлық тойда ата-әжелер шығынын көтеретін менің әкем. 100 ата-әжеге 250-300 мың теңге ғана жұмсалады. Келген қонақтар өздеріне төлейді. Қайырымдылық болғасын өнер иелері мен қызмет ұсынушылар тегін келеді. Сөйтіп, біз 250 мың теңгеге той жасаймыз. Кейбір қайырымдылық қорлары құрылып, демеуші іздеп жүреді. Ал бізді демеушілер өздері іздеп келеді. Мәселен Астанадағы осы тойда белгілі бір интернет порталы ата-әжелерді лимузинмен алып келді. Қызыл кілем төсеп, Голливуд жұлдыздарындай қарсы алдық. Алматыда белгілі бір компания бізге хабарласып, біздің топ барып жүрген балалар үйіне қомақты қаражат бөлді. Біз тәрбиешілерімен бірге барып, барлық баланы бастан-аяқ киіндіріп, ойнатып қайттық. Балалардың жүзіндегі қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес», - деп Айдын сырымен бөлісті.

«Алғашында бәрін жүрегіме жақын қабылдайтынмын. Уақыт өте келе үйренеді екенсің. Күн сайын қоңырау шалып, көмек сұрайтын мұқтаж жандар өте көп. Біз олардың барлығына көмектесе алмаймыз. Өйткені, біз қайырымдылық қоры емеспіз. Біз жай ғана еріктілерміз. Біз ешкімге ешқашан ақшалай көмек көрсетпейміз. Топ ережесіне сай еріктілеріміз де ақшалай көмек көрсетуге міндетті емес. Сондықтан тәттімізді алып, мұқтаж отбасыларға қонаққа барып, зерттеп қайтамыз. Жұмсалған уақыт пен қаражат ең қажетті жеріне жетуі тиіс», - дейді Айдын.

Қайырымды жанадар еріктлер тобының мақсаты – мұқтаждарды қамтамасыз етіп қана қоймай, әрбір атсалысқан жастардың бір-біріне үлгі болып, жақсы адамдардың саны артуына себепкер болу. «Қайырымды жандар» мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмектесуге әрдайым дайын. Науқас адамдардың үйін әктеп, қариялардың ауласын қардан тазарту да олар үшін таңсық емес. Тек, мұнда ешкімнен күштеп ақша алмайды және өздері бармай, тек ақшасын беремін дейтіндерге жол жоқ. Өйткені, барлығын көзімен көріп, жүрегімен түсінген адам ғана нағыз «Қайырымды жан» бола алады.

Еріктілер тобына қосылуға ниет білдірген жастар @kaiyrymdy_jandar Instagram парақшасына қоcылып, толық ақпаратты ала алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1070886-bir-top-qazaq-zhastary-qarttar-uyindeg/

pixel