RU

Еліміздің белгілі демограф ғалымы Мақаш Тәтімов дүниеден озды

Белгілі демограф-ғалым, саяси ғылымдардың докторы, академик Мақаш Байғалиұлы Тәтімов 76 жасында көз жұмды. Бұл туралы Қазақпарат Орталық Азия университетіне сілтеме жасап хабарлады.

Мақаш Байғалиұлы Тәтімов - 1940 жылы 30 cәуірде Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген. Қазақстанда демография білімнің негізін қалаушы, қоғам қайраткері.

В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық университетін (1966), Мәскеу экономикалық статистика институтының аспирантурасын (1969) бітірген. 1970 - 1993 жылдары Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының Философия және құқық иннститутының Ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығында кіші, аға және жетекші ғылыми қызметкер болып істеді.

Ол 1931-1933 жылдары «голощекиндік геноцидтің», 1937-1938 жылдары сталиндік қуғын-сүргіннің, ІІ дүниежүзілік соғыс майдандарында қаза тапқан қазақтар шығынын, тоталитаризм үшін «сенімсіз» халықтардың Қазақстанға қоныс аударылуының саяси себептерін ашып көрсету жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ 1986 жылы оқиғаға қатысқан жастарды саяси-құқықтық ақтау үдерісіне қатысты.

Халықаралық статистика деректеріне сүйене отырып, тұңғыш рет дүние жүзіндегі түркі тілдес халықтардың жалпы санын жариялады. 1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысын құруға қатысып, оның тең төрағасының бірі болып сайланды.

1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратында Ақпарат және талдау бөлімінің аға сарапшысы қызметін атқарды. Тәтімов - көші-қон саясатын талдап жасаушылардың, шет жұрттағы қазақтардың елге оралуын алғаш ұйымдастырушылардың бірі. 1992 жылдан Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демография саясаты жөніндегі кеңестің (1992-1997), Адам құқықтары жөніндегі комиссияның (1992 жылдан) мүшесі. «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Марқұммен қоштасу 18 сәуірде сағат 10-да Алматыдағы Орталық Азия университетінде өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1103418-elimizdinh-belgili-demograf-ghalymy-ma/