Ақтөбенің бұрынғы имамы алдағы қауіп туралы ескерткен
Жарияланған күні:
Былтыр желтоқсан айында Ақтөбеге бас имам болып келіп, жарты жыл өтпестен орнынан кеткен Нұрлан Асанов “өңірдегі діни ахуалға жүрегі қатты ауыратынын” және жағдай ушығып тұрғанын ескерткен болатын.
Жаңа қызметке келе салысымен ЖОО, колледждерді аралаған. Имам қала мектептерінің бірінде қара киім киіп, бетін тұмшалаған жасөспірім қыздар мен сақал өсіргісі келетін балаларды көріп таң қалғанын Керек-инфо сайтына хабарлаған.
"Қыз баланың кигісі келгені хиджаб та, орамал да емес. Қап-қара болып бетін никабпен бүркенуді қалайды. Сол киімімен дәріске де келмек. Ал 7-8 сынып оқитын ер бала сақал жіберуге талпынуда. Әлі кішкентай ғой. Сақалы жарытып та өспейді. Соның өзінде тартып өсіргісі келеді. Балалардың осындай халге жеткенін көріп жүрегім ауырды. Ал мектептің басшысы қам-қарекетсіз отыр. Әлгі балалармен жеке сөйлеспеген, мамандар шақырмаған. Бір байқағаным, теріс ағымдар туралы түсінік мектеп директорларының санасына әлі жетпей жатқан сияқты. Оқушылардың ұялы телефондарындағы бейнероликтердің экстремистік екенін де білмейді екен. Оларға түсіндіру жұмысы жүргізілмеген. Мен оларға мұндай видеоларды әлеуметтік желілерде тарату өз алдына, лайк басудың өзі қылмыстық жауапкершілік екендігін айттым. Түсінген болулары керек, дереу өшіріп тастады",- дейді облыстың бас имамы Нұрлан Асанов.
Өкіл имам жағдайдың тым күрделі екенін айтып, ақсақалдардан көмек сұраған. Олай етпеске лажы да жоқ. Айтуынша, дәл қазір Ақтөбеде теріс ағымның жетегінде жүрген екі мыңнан астам қыз-жігіт бар.
"Егер бұны түзетпесе, қазіргі қаржылық дағдарыс діни ахуал күрделенсе – ойыншық болмақ", - деген еді биыл қаңтар айында Нұрлан Байжігітұлы.
Толығырақ оқыңыздар
Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбеге бас имам болып тағайындалған Нұрлан Асанов бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында дәл осындай қызмет атқарды. Ал оның есімі елге сірке суын ішіп өлгісі келген әйелдің несиесін төлеп бергеннен соң танылған болатын.
Үш баласы бар 34 жастағы келіншектің банк алдындағы қарызы 400 мыңнан асып кеткен. Несиесін өтей алмаған келіншек өз-өзіне қол жұмсамақ болады. Тірліктен баз кешіп жүрген әйелдің тағдырына бей-жай қарай алмаған имам үш баланың анасын ажалдан құтқарып қалды.
Жарты жылға жуық уақытта Нұрлан Асанов жергілікті жұрт есінде басқа да игі істерімен қалған еді. Мәселен, соңғы курста оқу ақысын төлей алмай қатты қиналған жігітке имам жамағатпен ақылдаса отыра, оқу ақысын төлеу туралы шешім қабылдайды.
Ақтөбеде қызметте жүргенде Нұрлан Асанов халық арасында кеңінен насихат жұмыстарын жүргізіп, ол кісінің уағызын тыңдаған төрт келіншек никабын шешкен болатын.
«Арман Қуанышбаевты Ақтөбеге арнайы шақыртып, бірнеше кездесу өткіздік. Жиырма шақты әйел адам жиналған үйде уағыз тыңдаған төрт қарындасымыздың никабын шешкенін естідік. Ол басын ораған орамал емес, тек бетін жапқан никабты ғана шешті. Қарындастарымыз никабтың дәлелсіздігін түсінді», - дейді Нұрлан Асанов.
Айта кетсек, осы уақытта "басқа өңірге имам болып тағайындалады" деген желеумен қызметінен алынып тасталған Нұрлан Асанов үйінде жұмыссыз бос отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1150771-aqtobeninh-burynghy-imamy-aldaghy-qauip/