Үш келінін бір үйде ұстап отырған ененің мықтылығына ел қайран қалды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Амангелді ауылында тұрған Наурызбаевтар отбасының қалаға көшіп келгеніне 10 жылға жуықтаған. Әулеттің үш келіні бір шаңырақта тұрады деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Үш бөлмелі үйде тұрып жатқан төрт отбасы татулықтың арқасында үйдегі берекетті ұстап отыр. 12 жылдан бері келін ұстап отырған ене отбасындағы татулық туралы айтып берді.
Аядай үш бөлмелі үйде 16 адам тұрады. Ас үй отбасы мүшелері үшін кешкілік жатын бөлмеген айналады.
«Қолымда үш келінім бар. Үлкенімде төрт бала, екіншіде үш бала бар. Кенжем өткен жылы үйленді, оның бір баласы бар. Екі қызым тұрмыста. Келіндерім өзіме ұқсаған. Бірде қатты айтып, бірде жұмсақ айтып ұстап отырмын. Бірақ келіндерімнің біреуі де алдыма шығып сөйлеген емес. Үлкен келінімді Орынбордан алдым, оның келін болып түскеніне 12 жыл болды. Екіншісі Байқоңырдың келді, бірге тұрғанымызға 9 жылға жуықтап қалды. Үшіншісі Ырғыздың қызы, өткен жылы түсірдім», - дейді Роза Үбниязова.
Ақберген Наурызбаев пен Роза Үбниязова 5 бала тәрбиелеген. Екі қызы тұрмысқа шығып, балаларының барлығы аяқтанған. Үш келін тәрбиелеп отырған ене тұрақты баспанасы болмаған соң жалдамалы пәтерде балаларымен бірге тұратынын айтты. Келінідері де, балалары да тапқан табыстары ата-аналарына әкеліп береді.
«Өзім жетім өстім. Балаларымның жағдайын ойлап, әрқайсысын әр жерге қаңғытпайын деп қалаға көшіп келдім. Қазір бәріміз бір үйді жалға алып, сонда тұрып жатырмыз. Жетім болып өскесін Алланың маған берген сыйы шығар. Келіндерім сайлы. Бір жерге барайын деп жатсам: «Мама, шашыңды боя, ана көйлекті ки», - деп үстімді мұнтаздай қылып жібереді. Келіннің де, балаларымның да тауып отырған жалақысы бір қазанға түседі. Ақшаны әкелері ұстайды, мен жұмсаймын. Баратын жерлеріне ақшасын беріп отырамыз. Балаларыма көнсеңдер әуелі басымызға үй алып алайық, содан соң жалақыларыңды қолдарыңа беремін дегенде бәрі келісті. Келіндерім де қарсылық білдірген жоқ. Мен солары үшін ризамын. Балаларым ақша тапса да бір рет банк карточкасын қолдарына ұстап көрген жоқ. «Келіспеймін, мама» десе мен оларға ештеңе істей алмаймын ғой. Дастарханға қоятын шекеріміз болмай қалған кезде де дыбыстарын шығармай көнді», - дейді Роза апай.
Үш келінге сыйып отырған Роза апайдың өзі үш ене баққанын айтады.
«Өзім тұрмысқа шыққан кезде 10 бала, 3 енем мен атамның қолына келдім. Қолымда енемнің, атамның шешелері болды. Енем әлі тірі, үйге келіп келіндеріме: «Күніге үш рет дастархан жайғанда бір қабақ шытқан жоқ», - деп мені мақтап кетеді. Өзі кезінде маған балалардан ауыспай қалады деп самаурынның астына тығып қойып тамақ беретін еді. Енемнің алдына шығып көрген жоқпын, ол кісі жетім өскен мені алақанына салып бақты»,- дейді ол.
Роза апай тұрмыстық қиындықтың шаршатып жіберетінін де жасырған жоқ.
«Қазір үш келінім де кішкентай баламен отыр. Біріншісі аспаздықты оқыған, тамақ істеудің шебері. Екінші келін медбике, үшінші келінім программист. Үй аламыз деп бәріміз тапқанымызды жинасақ та келіспей жатыр. Біреудің үйінде отырған соң оған жөндеу де жасай алмайсың. Аяғы ақсаңдап қиналып жүрген жолдасымды аяймын. Тырбанып жатырмыз. Айтсам, жылағым келеді», - дейді Роза апай.
Бес баланың әкесі үйдегі берекетті сақтап, келіндерін тату ұстап отырған енелерінің арқасы екенін айтты.
«Өзімнің ата-анам 11 бала тәрбиелеп өсірген. Бес баламның барлығы аяқтанды. Екі қыздан төрт жиен немере, үш ұлымнан 8 немерем бар. Келіндерімнің тату отырғыны да енелерінің тәрбиесі шығар. Немерелерімнің ортасындамын, шаршап келгенімде осыларды иіскеп демаламын. Үлкен отбасы болып отырмыз. Әрқайсымыз әр жерден пәтерге ақша шашпайық деп, бастарын құрап бір жерде отырмын. 6-7 бауырым қалада тұрады. Бәрінің қуаныштарын біздің үйде атап өтеміз. Бәрі үлкен ағам деп осында келеді»,- дейді Ақберген Наурызбай.
Келіндер де отбасындағы тәртіпке үйренген.
«Осы шаңыраққа 2005 жылы келін болып түстім. Енем ана көрмей өстім деп жиі айтып отырады. Арақ ішпейміз, темекі тартпаймыз. Бір жерге баратынымыз алдын ала хабарлап отырамыз. Анамыз ақшамызды бөліп беріп, үйлестіріп отыр. Бірге әңгімелесіп, бір үйдің қыздарындай сыйласамыз», - дейді үйдің үлкен келіні Әсел.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
Тағы оқыңыздар:
Ақорда Назарбаевтың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді
Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деп айыпталғандарға сот үкімі шықты
Нұрбек Әжімбайдың анасы: Менің ұлым кінәсіз, нағыз қылмыскер бостандықта жүр
Ақтөбе түрмесінде отырған 77 уахабшы діни көшбасшыларының кім екенін айтты
18 жаста тұрмысқа шығудың басты артықшылықтары қандай? (фото)
Павлодарлық әйел АҚШ-та оқып келген қызы үшін 1 млн қалыңмал сұрап отыр
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1281207-ush-kelinin-bir-uyde-ustap-otyrghan-enen/