ОҚО-да жындармен сөйлесетін қария дүлей күшпен қалай күресетінін айтып берді (видео)
Жарияланған күні:
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылында тұратын Рустамбек қарияның есімі ел ішінде жиі айтылады. Себебі ақсақал адам бойына кіріп кеткен жынды шығарушы. Құлаққа түрпі естілгенімен, қарияның алдына келіп, «дертінен» сауығып жатқандар қаншама. Осы ретте өңірдегі NUR.KZ тілшісі 61 жастағы Рустамбек Бегметов қариямен арнайы сұхбаттасып қайтты.
- Рустам ата, кішкене өткенге көз жүгіртіп, бойыңыздағы бұл қасиет қайдан және қашан дарығаны туралы тоқталып өтіңізші...
- Әлдекімдер бұны бір күнде беріле салатын қасиет деп ойлайды. Ал шын мәнінде дін деген – ол да бір ғылым. Оны да оқып, іздену керек. Сонымен қатар адамның бойына Алладан талап беріледі. Менің ата-анам дінді қатты ұстанған кісілер. Бес уақытылы намазын қаза етпей, перзенттеріне тура жолдан таймау керектігін үнемі құлақтарына сіңірген. Әкем дем салып, талай адамға шапағаты тиген молда болған. Ал жынды шығаратын қасиет маған бабаларымыздан келген. Мен де өзгелер секілді әскерде болып, қызмет жасаған адаммын. Бір айта кетерлігі, өмірімде спирттік ішімдікті ұрттап, темекі тартқан адам емеспін. Алланың құдіретімен соңғы 20 жылдан бері осы жолдамын. Әрине, барлығы алдымен Алла тағаланың арқасында. Ал мен тек себепші ғанамын.
- Ал кейде тылсым күшке шамаңыз жетпей, адам бойына орнығып алған жынды шығара алмай қалатын сәттер болады ма?
- Соғысқа шыққан адам да қарсыласының күшін біліп алады ғой. Бұл да сол соғыс сияқты. Жын – көзге көрінбейтін дұшпан. Адамды өздігінше билеп, туыс-бауырларына, айналасына қарсы қояды. Ең жаманы, адамның денсаулығына кесірін тигізеді. Адам бойына кіріп алған жынды шығару Алланың құдіретімен орын алады. Яғни, Алланың күші басым. Егер сенімсіздік болса, нәтиже болмайды. Тек одан арылған адам тура жолдан таймай, намазын оқып жүруі керек. Егер пенде теріс жолда жүруін доғармаса, жын қайтадан оның бойын паналап алуы мүмкін.
- Қандай сүрелермен оқисыз және қанша уақыт жұмсалады?
- Әр дерттің еміне белгілі бір дәрі болатын секілді, оның да өзіндік сүрелері бар. Құранның барлық сүресінің өз емі болады. Көбіне «Бақара» сүресі оқылады. Яғни, сиқыр қайтаратын сүрелер.
Жынды шығарудың белгілі бір уақыты жоқ. Сүре бір оқылғаннан қайтады. Кейде бір ай, тіпті бір жыл бойына адам бойынан шықпайтын жындар да болады. Жоғарыда атап өткенімдей, оның бәрі адамның өзіне байланысты. Яғни, спирттік ішімдік, шылым, құмар ойын, ұрлық секілді теріс әрекеттерден жанын аулақ ұстауы қажет. Сонымен қатар оның қандай мақсатпен адам бойына орнығуы да маңызды.
- Жынмен диалогқа да түседі екенсіз. Қай тілде сөйлесесіздер?
- Көбіне олармен қазақ тілінде сөйлесемін. Осыдан біраз уақыт мынандай жағдай орын алды. Алматыда бір бойжеткенге сүре оқыдым. Оның бойына кіріп алған жынмен ағылшын тілінде сөйлестім. Әрине, мен ағылшын тілін білмеймін, сондықтан аудармашының көмегіне жүгіндім. Сенесіз бе, әлгі қыз ағылшын тілін мүлдем білмейтін болып шықты. Ол өзі оқитын оқу орнында мұғалімнің шақыруымен шетелдің бір мерекесіне барған екен. Жертөледе өткен мерекеде теріс әрекеттер жасалынған. Сол кезде оның бойына жын орнығып алған.
- Жын кірген адамның белгілері қандай?
- Оны кез келген адам байқауы мүмкін. Мәселен, көшеде әлдекім өзімен-өзі сөйлеп жатса, сіз «жын кіріп кеткен бе?» дейсіз ғой. Ал шын мәнінде ол өзімен емес, ішіндегі жынмен тілдесіп жатады. Жын кірген адамның мінез-құлқы кенеттен өзгеріп, туыс-жақындарына өшпенділік пайда болады кейде. Іштегі жын адамдарды теріс әрекеттерге итермелеп тұрады. Кейбірлерінің көзіне әртүрлі бейнелер көріне бастайды. Қараңғылықты, жалғыздықты жаны қалайды. Құран оқылған жерден жанын алшақ ұстайды. Ал қара дуадан пайда болған жыны бар адамдарды сүре оқу арқылы ғана байқауға болады.
- Жын жас талғайды ма?
- Жоқ, кез келген адамның бойына кіріп кетеді. Тіпті жаңа туған сәбидің жанын да пана етуі мүмкін. Жыныс та таңдамайды. Оның әйел не еркек екенін тілдескен соң байқаймын. Сондай-ақ, бір адамның бойына бірнеше жын орнығып алуы да мүмкін.
- Адам жанынан қуылған жын қайда барады?
- Олардың өз әлемдері бар. Өз әлемдерімен өмір сүре береді.
- Олар өзіңізге не туыстарыңызға шабуыл жасамайды ма?
- Барлығы бір Алланың қолында... Тек мен емес, біз отбасымызбен намаз оқимыз. Тіпті титтей немерелеріме дейін. Бес уақыт намаз оқу – бізге көзге көрінбейтін қорған береді. Ұлым мен немерелерімнің де бойынан менікі секілді қасиетті байқап жүрмін. Тек әзірге олар дайын емес.
- Күніне қанша адамды қабылдайсыз? Тағы бір сұрақ, еліміздің қай аймағынан келушілер көп?
- Әркезде әрқалай. Күніне 50-60 адам, кейде 100 адамға дейін келеді. Жынды шығару да көп энергияны талап етеді. Өзім ем қабылдап жүргендіктен қазіргі таңда тек түске дейін келушілерді қабылдаймын.
Көмек сұрап келушілердің басым көпшілігі Батыс және Солтүстік өңірлерінен келеді. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден де арнайы іздеп келетіндер бар. Кей адамдар алдыма келген соң сүре оқып беруімнің ақысын сұрап жатады. Мен ешқашан ақы сұраған адам емеспін. Барлығы адамның ниетіне байланысты. Өздері ризашылық білдіріп жатады. Мен нанын таба алмай жүрген адамға осынша ақша бермесең, қабылдамаймын деп қалай айтамын? Егер адам ақшасы жоқ болса, өмір бақи ауру боп жүрмейді ғой.
- Осы ретте өзіңізден кеңес сұрайықшы, жын қандай жағдайға адамның бойына кіріп кетеді?
- Әртүрлі... Кейде адам қатты қуанып немес қатты шошынғанда, теріс жолда жүріп, тазалықты сақтамай, қоқыс аралаған жағдайда кіріп кетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар қара дуаның күшімен де жын пенденің бойына кіреді. Қара дуа дегеніміз - сиқыршының көмегімен белгілі бір адамның жолын кесу. Маған осыдан біраз уақыт бұрын прокурор бір азамат көмек сұрап келді. Ол қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалған. Оған сүре оқығанымда қатты қиналғаны соншалық, киімі шылқылдап су боп кетті. Бойындағы жынды шығарған соң белгілі болғандай, оған қара дуа жасалған екен. Әлдекім қызметін тартып алмақ болып әдейі арам пиғылға барған. Ондайларға айтарым, дуа жасағандар жазасыз қалмайды. Оларға жазаны Жаратушы береді.
- Әңгімеңізге рахмет.
Материал ҚР заңымен қорғалған. Материалды көшіріп басуға және кез келген бөлігін алуға рұқсат етілмейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1406857-oqo-da-zhyndarmen-tildesetin-qariya-ada/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.