Әулие Валентин күнін алматылық жастар қалай атап өтеді? (фото)
Жарияланған күні:
14 ақпан күнтізбеде қызылмен белгіленбесе де жұрт жыл сайын осы күн жақындағанда әбігерге түсе бастайды. Әулие Валентин күнін мектептегі оқушыдан бастап, жоғары оқу орындарының студенттері, тіпті отбасын құрған үлкендер де атаусыз қалдырмай келеді. 14 ақпан қарсаңында қаладағы базарлар, үлкен сауда орталықтары мен гүл дүкендерінің саудасы қызып, қалталары бір қампайып қалады. Соңғы жылдары қаладағы қонақ үйлер де Әулие Валентин күні ғашықтарға арзан бағаға түнеп шығуға мүмкіндік береміз деп жар салып, түрлі ұсыныс жасауда.
Осы орайда NUR.KZ порталы Алматы жастарынан Әулие Валентин күні туралы не ойлайтынын сұрастырды.
Хамит, 1-курс студенті
Мен үшін бұл күн маңызды емес, бірақ атап өтуге қарсы емеспін. Мүмкін әлі сүйіктім болмаған соң шығар. Егер болса, тойлайтын едім.
Диас, 1-курс студенті
Бұл - керемет мереке! Егер, әрине, ғашық жаның болса, тойлауға болады.
Айсәуле, 4-курс студенті
Валентин күнін өз басым мейрам деп ойламаймын. Бұл еуропалықтарға тән мереке. Қазақстанда тек ғашықтар тойлайды.
Әлия, 5-курс студенті
Менің жігітім жоқ, сондықтан бұл мейрамды тойламаймын. Егер ғашығым болса, бәлкім, кешкі ас дайындап берер едім.
Мадина, 1-курс студенті
14 ақпанды тойлау – қазақтарға жат нәрсе. Бірақ ол дәстүр бізде бұрыннан қалыптасқанын мойындау керек. Негізі, Қазақстанда ғашықтар күні 15 сәуір деп белгіленген. Бірақ сонда да осы ақпанда атап өтетіндер бар.
Никита, 2-курс студенті
Бұл мейрам ежелгі Римнен бастау алған деп естігенмін. Бұл күн әлі де маңызын жойған жоқ. Менің сүйікті қызым бар. Сондықтан мен бұл күнді асыға күтемін. Оған әдеттегідей гүл сыйлайтын шығармын. Сосын киноға барамыз. Әйтеуір уақытымызды көбірек бірге өткізсек болғаны.
Назерке, 1-курс студенті
Менің бұл мейрамға қарсылығым жоқ. Оның тарихын мен Валентин деген әулиенің есімімен байланысты екенін естігенмін. Ол үйлене алмай жүрген ғашықтардың басын қосуға көмектескен. Сондықтан осы күнді сол кісінің есімімен байланыстырған. Ал, кейбірі бұл күнді діни мереке деп ойлайды. Меніңше, бұл жай күн. Махаббатыңды білдіру үшін арнайы күннің қажеті жоқ. Сондықтан, 14 ақпанды тойлау дұрыс емес, 15 сәуірде тойлайық деген сияқты нұсқаулар оған кедергі бола алмайды. Әрбір күнге қуануымыз керек.
Эльнара, 1-курс студенті
Бұл - барлық ғашық жандардың мейрамы. Өзім қалай атап өтетінімді әлі жоспарламадым. Сүйіктім бүгін қалада емес. Ал былайынша біз бірге тойлаймыз.
Арай, 2-курс студенті
14 ақпанды асыға күтемін деп айта алмаймын. Адамдар бұл күні өз-өздеріне демалыс жасауы мүмкін. Мен достарыммен атап өтемін.
Əлеуметтік сауалнама нəтижесі көрсеткендей, Əулие Валентин күні Алматыда атаусыз қалмайды екен. Осыны жақсы түсінген кəсіп иелері үшін Əулие Валентин күні табыс тауып қалудың тағы бір себебі болып қалуда.
Тағы оқыңыздар:
Назарбаев: Шымкент жақында миллион тұрғыны бар үшінші қалаға айналады
Петропавлда 24 жастағы құрылысшы жігіт 14 қабаттан құлап көз жұмды
Шымкентте бірден үш қылмыстық топ қолға түсті (фото)
Сәпиев: Қанат Ислам нокаутпен ұтады деп ойлаймын (видео)
Елбасы Германияның жаңа президентін Қазақстанға шақырды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1407662-aulie-valentin-kunin-almatylyq-zhasta/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.