Алтын жалатылған көліктер мен тікұшақ: Еліміздегі бай-бағландардың тойы қалай өтеді?
Жарияланған күні:
«Жиған-тергенің тойға шашылсын» дейтін қазақ осы күні ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды ұлан-асыр етіп тойлауды әдетке айналдырған. Бір-бірімен жарысқан жұрт тойды құлақ естіп, көз көрмеген сән салтанатпен өткізгісі келеді. Осы орайда NUR.KZ порталы той бизнестің айналасында жүрген мамандардан еліміздегі қалталы азаматтардың той ұйымдастырушыларға қалай «еркелейтінін» сұрастырды.
Қазіргі таңда ақшасы бар азаматтар той ұйымдастыруды түрлі ивент-агенттіктерге сеніп тапсыратын болған. Олар өз кезегінде тапсырыс берушінің ойын дәл тауып, сұранысын қанағаттандыруы тиіс. Агенттіктер тойхананы әсемдеуден бастап, көздің жауын алатын шоу-бағдарлама, керек десе аспандағы «жұлдыздарды» шақырып тойды естен кетпестей етіп атқаруды өз мойнына алады.
«Біздің көмегімізге жүгінетіндер көп. Тапсырыс берушінің тілегіне сай шоу бағдарлама жасап береміз. Асаба тауып береміз. Сондай-ақ, әрине эстрада жұлдыздарын шақырамыз», - дейді Rasl event агенттігінің өкілі Расул өз қызметін таныстыра келе.
Тойдың тағы бір маңызды тұсы – жастардың күндізгі қыдырысы. Елімізде соңғы жылдары тікұшақ жалдайтын жастар табылып жатыр. Той ұйымдастырушылардың айтуынша оны жалдау елордада сағатына 1000 доллардан басталады екен.
Астаналық агенттік өкілі сондай-ақ жастардың қандай көліктерді жиі жалдап жүргенін айтып қалды.
«Жастар Mercedes, ROLLS-ROYCE , Hummer және Bentley сынды люкс санатты көліктерді жалдайды. Той кортежінің жұмағы деп Шымкент пен Алматыдағы көліктерді айтуға болады. Ол жақта шертіп жүріп таңдап аласыз », - дейді Расул Ахметұлы.
Қалталы азаматтардың тойы қазіргі таңда жұлдызсыз өтпейтін болған. Оған куә ұшақтан ұшаққа секіріп, түрлі қалалардағы салтанатты кештердің көркі болып жүрген ән орындаушылардың көптігі. Той ұйымдастырушылардың айтуынша, отандық жұлдыздардың тойда өнер көрсету бағасы әртүрлі. Ол әртістің қаншалықты танымал екендігіне және қай қаладан келетініне байланысты.
«Егер әнші Астанадан болса онда әншіңіз 2000 долларға келісуі мүмкін. Ал Алматыдан, басқа қалалардан келсе оның ары-бері ұшақ билеті, қонақ үйі қоса есептеледі. Ол сізге 3000-8000 долларға айналады», - дейді Расул Ахметұлы.
Оның айтуынша, Астанада ұйымдастырып жүрген тойларға ресейлік жұлдыздар жиі келеді екен.
«Оның санына жете алмаспын. Mband, Анна Седакова, Егор Крид, Бьянка, Полина Гагарина, Сосо Павлиашвили...», - деп санап шықты ол.
Нағыз ұлан-асыр тойлар оңтүстікте өтетіні белгілі.
Шымкентте тойдың фото-видео түсірілімімен айналысып жүрген Көркембек Досымбеков те NUR.KZ порталымен осы уақыт аралығында өз көзімен көрген айрықша тойлар туралы естеліктерімен бөлісті.
«Біз үнемі сондай олигархтардың тойында жүреміз. Былайғы жұртқа қалада ондай «үлкен» адамдардың бар екені білінбейді. Тойына барсаң, шетелде жүргендей боласың», - дейді әуесқой фотограф.
Оның айтуынша, шымкенттік тойда Қазақстанның бүкіл жұлдыздары жүреді. Көркембек концерттерге осынша жұлдыздың жиналатынына күмән келтіреді.
«Бұл жақта елімізге танымал барлық жұлдыздар жүреді. Ойлап қарасаң концерттерге бұлай жиналмайды. Шымкенттің тойында жүрген сияқты бәрі. Тойдың өзі концерт сияқты өтеді. Қазақстан былай тұрсын, шетелден, Ресейден жұлдыздар келіп жатыр. Өзім талай рет Максим Галкин, Нюша, Филипп Киркоровтардың келіп өнер көрсеткен тойларды көрдім», - деп көргенімен бөлісті Көркембек Досымбеков.
Қалталы қазақстандық жастар үйлену тойында қаладағы арнайы демалыс аумағында қыдырғанды жөн көреді. Олар көбінесе жабық түрде өткізіледі.
Жастар күндіз алтын, күміс жалатылған қымбат көліктермен қала көшелерінде салтанат құрып көңіл көтереді.
«Ештеңеге таң қалмаймыз. Қалталылар тойға елде жоқ машина жалдайды. Бізбен сөйлесіп келісуге келген кезде бай екені байқалмайды. Барсаң, той сарайда өтіп жатады. Тойларындағы тағамдарының өзі ерекше. Күнделікті жеп жүрген тағам емес. Қымбат. Дизайнерлік әсемдеу арқылы тойхананың ішін адам танымастай өзгертіп жіберетіндер бар. Бәрін тірі гүлдермен көмкереді», - дейді ол.
Қымбат тойларды түсіріп жүрген жігіттер өз қызметін сапасына қарай жоғары бағалап отыр.
«Біз фото-видеоны 2500 долларға түсіреміз. Оның ішіне әуетүсірілімі, кран, монтажы бар», - дейді фото-видеооператор.
Көркембек NUR.KZ тілшісіне желіден жасаған жұмыстарын көрсетті. Алайда, оның айтуынша нағыз аузыңыздың суы құрып көретін тойларды той иелері желіге жүктеген жерінен алдыртып тастаған.
Естімеген елде көп. Той маманы шымкенттік бір сүндет тойға жылқы емес, цирктен піл әкеліп кіргізгенін ұзынқұлақтан естігенін айтты.
Тағы оқыңыздар:
Атырау облысының тұрғындары полицейлердің үстінен арыз жазды
Назарбаев плагиатпен айналысатын ғалымдарды сынға алды
Балаға таласқан екі ана ортақ шешімге келе алмай әлекке түсті
Жезқазған тұрғыны кафеге барып, полицейден оңбай таяқ жеген (фото)
Алматы облысында белгісіз біреулер банкоматтағы 5 млн теңгені өртеп жіберді
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1418208-tikushaq-altyn-kumis-zhalatylghan-qymba/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.