Қазақстанда көпбалалы аналарды жұмысқа шығуға міндеттейді
Жарияланған күні:
Қазақстанда көпбалалы аналарды жұмысқа шығуға міндеттейді. 2018 жылы жағдайы төмен отбасыларына берілетін жәрдемақы тәртібі өзгермек. Енді отбасында еңбек ете алатын бір адам болса, ол отбасын өзі қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы NUR.KZ порталы 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Көпбалалы ана Гүлім Болатжанның Жамбыл облысынан көшкеніне бір жылдай болды. Бұл қадамға ол амалсыз барған. Күйеуі ішкілікке салынып, оны және балаларын жиі соққыға жығатын. Алматыда оған көмектесе алатын жақындары жоқ. Жалғыз табыс көзі - төрт баласына берілетін сегіз мың теңге.
Гүлім жеке пәтерлердің бірін жалдап тұрады. Пәтерақысын, тағам мен киімге шығынды төлеуге жергілікті мешіт пен қайырымды жандар көмектесуде. Үлкен қызы эпилепсия дертіне шалдыққан.
"Емханада бізді тегін қарамайды, қалалық есепке тұрмағанбыз. Қызыма бір дәрінің өзі үш мың теңге тұрады. Мен жұмыссызбын. Балаларым кішкентай. Ең үлкені тоғызда, ең кішісі үште", - дейді Гүлім.
Гүлімнің күйін кешіп отырған өзге көпбалалы аналар да айналдырған сегіз мың теңгелік жәрдемақысынан айырылмақ.
2018 жылдың 1 қаңтарынан әлеуметтік жәрдем екіге бөлінетін болады: шартсыз және шартты.
Шартсыз жәрдемақыны тек еңбекке жарамды ешкімі жоқ отбасылар ала алады. Мәселен, мүгедектер, қарт кісілер. Ал отбасында кемінде бір адам еңбекке жарамды болса, оларды жұмысқа тұруға міндеттейтін жаңа шарт жасалады. Өйтпеген жағдайда олар әр балаға берілетін 2 мың теңгелік жәрдемақыдан айырылады.
"Жәрдемақы орнына көпбалалы отбасына, жағдайы төмен отбасынан шыққан кәмелетке толмаған тұрғындарға жұмыс ұсынылатын болады. Олар еңбек біліктілігін арттыру курстарына қатысып, қоғамдық жұмыстарға тартылады. Біз ұсынған жұмысқа баруы тиіс. Өйтпеген жағдайда жәрдемақы алмайды. Біз осылайша олардың өздерін қамтамасыз ету мүмкіндігін көтереміз", - дейді Алматыдағы Жұмысбастылық пен әлеуметтік бағдарламар басқармасының бас маманы Мақсат Көпеев.
Егер жұмыстағы жалақы 13 мың теңгеден асатын болса, олар жәрдемақыдан айырылады.
Әйелдер құқын қорғау ұйымдарының белсенділері бұл жайттың ел демографиясына кері әсері болатынын алға тартты.
"Көпбалалы ананы жұмысқа алуға әзір мекемелер өте аз. Бұл шарттардан кейін ешбір әйел бала туғысы келмей қалады. Себебі, балаларын өсіруге жағдайы болмайтынын ұғады. Бұл қауіп", - дейді Семейдегі "Творчестволық әйелдер лигасы" қауымдастығының басшысы Әсия Хайруллина.
Гүлім Болатжан үйде балаларына қарайласатын адам болса, жұмысқа қуана шығатынын алға тартты. Алайда бұл еш мүмкін емес. Көпбалалы ана жәрдемақыдағы өзгерістер орын алса не істейтінін білмей отыр.
Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз
⇓⇓⇓
Тағы оқыңыздар:
Белгілі қазақ жазушысы "Мен жындымын" атты кітап жазып шықты
Ақтөбеде мектеп оқушылары миында ісігі бар сыныптастарын соққыға жықты
Мақпал Жүнісованың дауға айналған фильмге жазған саундтрегі жарық көрді (видео)
Рамзан Қадыров ауыр дертке шалдыққан қазақстандық әйелге қаражат аударды (фото, видео)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1459622-qazaqstanda-kopbalaly-analardy-zhumy/