Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кәрі қыздар шетелден арнайы іздеп келетін Шымкенттегі "Қыз әулие" туралы не білеміз?

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмысқа шықпай жүрген қыздардың бағын ашып, перзентке зар болғандардың құрсақ көтеруіне септігін тигізеді деген Қыз әулиеге зиярат ету үшін тек Қазақстаннан ғана емес, тіпті АҚШ пен Үнді елінен де келетіндер бар деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Шымкенттен Сайрам ауданына барар жолда оң жақта жерасты көпірі бар. Тура сол көпір арқылы Қыз әулиеге баруға болады.

Киелі атанып кеткен орынның қысқаша тарихына тоқталсақ, айтылып жүрген аңыз бойынша, бұрындары Әмірхан есімді елге сыйлы азамат болған екен. Сол кісінің Ділдәрбек есімді баласы бата беріп, түрлі түйткілдерді шешіп жүріпті. Осыдан кейін жұртшылық оған «Шешуші баба» деген есім береді.

Сол бабаның Нұрзада деген қызы болыпты. Оның Қарлығаш, Сұлушаш, Қарашаш (автор: арабша есімдері: Үбби, Сүбби, Бүбби) есімді үш қызы болады. Олар көпшілікті өзіне қарата білетін, он саусағынан өнер тамған жан болып бойжетеді. Алайда жаугершілік заманында жоңғарлар басып алып, қазақ (кейбір деректерге араб) қыздарын әйелдікке алып жатқанда үш қыз «өзге ұлтқа күйеуге тиіп, ұлтымызды қорламаймыз» деп соғысқа араласып, дәл осы жерде қаза тапқан көрінеді.

Содан бері бұл мекен көпшілік арасында киелі орынға айналып кеткен. Көбіне келушілер түрлі себептермен зиярат етіп келеді екен.

Қыз әулиеге арнайы барғанымызда шырақшысы Ұлтуар апаны кездестіре алмадық. Оның орнына қызы Айгүл ниет етіп келушілерге келелі әңгіме айтып, насихат жұмыстарын айтып отыр.

Шырақшының қызы Айгүлдің айтуынша, әулие басына өмірде жолы болмай, сәтсіздіктен көзі ашпай жүргендер зиярат етіп келетін көрінеді. Сонымен қатар оң босағада отырып қалған қыздар да жолдарының ашылуы үшін ниеттенсе, одан өзге құрсақ көтере алмай, Алладан перзент сұрап келетіндер тағы бар.

Тағы бір атап өтерлігі, әулие басына келген қыз балалар тұшпара мен манты тағамдарын өз қолдарымен жасап, олардың әрбірін іштей тілек тілеп түйеді. Тағамды пісіру үшін отын мен су осы мекеннің өзінде бар.

Ал тұрмысқа шығуға ниеттілер үшін арнайы бөлмеде қызықты жайттар қарастырылған. Яғни, өмірлік серігін жолықтыруды Алладан сұрап келгендер қабырғада ілініп тұрған той көйлегі мен ақ ұлпадай үлбіреп тұрған сәукелені киіп, бөлме ішін айналады.

Бұл сәтте шырақшы қазақтың салты бойынша сыңсу айтады. Кейін қыз баласы құран кітаптарға қолын қойып, іштей тілек тілейді.

Ерекше айта кетерлігі, мұндағы той көйлектерінің саны бірнеше. Олардың әулие қыздарға еш қатысы жоқ. Осыдан он бес жылдай бұрын бір әйел азаматы қызметінде сәтсіздіктерге ұшырап, жолын ашу үшін Қыз әулиеге ниеттеніп келіпті. Үш күндей дұға етіп, кейінірек жолы ашылған соң түс көріпті. Түсінде бейтаныс қыз баласы оған «менің бас киімім қайда?» деп алақанын жайып сұрап тұр екен. Содан қызметінде жолы ашылған әйел азаматы өз қолымен сәукеле тігіп, осында сыйға тартыпты.

Ал той көйлектерін осы бір киелі мекенге күйеу жігіт сұрап келіп, бағы ашылғандар «біздің жолымызды өзгелерге берсін» деп ырымдап әкелген көрінеді. Оны киген қыз-келіншектер құдды бір сол сәтте ұзатылып жатқандай ерекше толқитынын да атап өту керек.

Осы ретте Қыз әулие шырақшысының қызы мына бір оқиғамен бөлісті.

Гүлнәр есімді келіншек Қыз әулиенің тұрақты тұрғыны секілді боп кеткен көрінеді. Шырақшының қызы келіншектің қазақшылық жолды ұстанғанын, алайда оның намаз оқуына күйеуі қарсы болып, ақыры екеуі екіге айырылысып кеткенін айтты. Жасы 42-ге таяп қалған келіншек Алладан жалғыз қалдым, артымда ұрпағым да жоқ деп жыларман боп тілек тілепті.

Бірнеше күн қатарынан әулие басына келіп жүрген оны тағы бір келуші байқап қалып, інісімен таныстырыпты. Екеуі бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтерген екен. Көп ұзамай олар қызды болып, бүгінде әулие басына жиі келіп тұрады екен. Тек өзі ғана келіп қоймай, сауап болсын деп жүрген жерінде насихат жұмыстарын да жүргізіп жүретін көрінеді.

Тағы бір оқиға, отбасымен қатты ренжісіп, үйінен кетіп қалған бір жігіт Қыз әулиеге келіп, осында үш жылдай жүріпті. Оны шырақшы апа Ұлтуар Машбаева өз баласындай көріп кеткен екен. Әлгі жігіт те осында өз бақытын жолықтырған. Тарқатып айтқанда, бұрын тұрмыста болып, жолдары болмаған үш әйел азаматы әулие басына келіп дұға етіп жүріп, олардың бірі әлгі жігітпен отау құрып, түтін түтетіпті. Жас ерекшелігі он бес жасты құрайтын ерлі-зайыптылар бүгінде бір ұл мен бір қызды тәрбиелеп отыр.

Шырақшының бөлмесінен бесікті де байқауға болады. Бұл да Алладан перзент сұрап, әулие басында түнеп кеткен соң көп ұзамай балалы болғандардың ризашылығымен сыйға тартқан бұйымдары.

«Апаға тілегі қабыл болып, "сіздің арқаңызда" деп ризашылығын білдіріп жататындар саны көп. Ондай сәттерде ол кісі: «Барлығы Алланың арқасында, мен тек себепшімін, есікті ашып беруші ғанамын» деп Аллаға ризашылық білдірулерін сұрайды. Сонымен қатар апа зиярат етіп келушілерге қаншама жол жүріп, текке шығындалмай сол тілекті өз үйлеріңде-ақ намазға жығылар сәтте Алладан тілеңдер деп жатады.

Себебі бірінші кезекте адал ниет болуы қажет. Мұнда келушілердің көбі намаз оқи алмайтындар. Сондықтан осында түнеп, Аллаға құлшылық жасап жатады. Тек әйел азаматтар емес, ер кісілер де келеді», - деді шырақшының қызы.

Оқырман үшін ерекше айта кетерлігі, Қыз әулие маңында Нұрзада ананың қыздарының ғана емес, Ердәуіт пен Әмірхан бабалардың бейіттері жатқан мазарат бар. Қыз әулиеге келгендер аталған мазаратты да айналып, құран оқып шығады.

Айтпақшы, әулие басындағы үй шағын ғана болғандықтан, келушілер қарасының тым көптігіне байланысты кейде сыртта кезек күтіп тұратындар жиі кездеседі.

Шырақшы бөлмесіне кірмес бұрын ниеттенушілер төр бөлмеде жайылған дастарханнан дәм ауыз татады. Өздері де осында әурақтарға құран бағыштап, пісіріп әкелген жеті шелпегі мен ас ауқатын осында тастап кетеді. Ал кейде жағдайы келетіндер әулие басында қой сойып, құрбандық шалып жататын да кездер болады.

Қысқасы, Қыз әулиеде дастархан үзілмейді.

Шырақшының қызы Айгүл апайдың айтуынша, мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес жатқан Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен де зиярат етіп келушілер саны көп. Дәл қазіргі таңда мұнда еліміздің солтүстік аймақтарынан келушілер саны басым.

Орта есеппен алғанда әулие басына тәулігіне 70 адам келіп-кетеді. Керек десеңіз, Қыз әулиені сонау АҚШ пен Үндістан елінен арнайы іздеп, ниет етіп кететіндер бар.

Діндері мен сенімдері өзге жандар «Алла біреу ғана, тек есімдері ғана өзгеше. Бәріміз бір Аллаға сенеміз» деген ниетпен түнеп жатады екен.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Қазақстанда сүндетке отырғызуға тыйым салу ұсынылды

Қостанайда үш балалы отбасы мәйітханада тұруға мәжбүр

ҰҚК шекаралық қызмет академиясынан он пистолет ұрланды

Qazaq Air рейсін алты рет кейінге шегеріп, жолаушыларын әбігерге салды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1490885-turmysqa-shyqpaghan-qyzdar-aqsh-pen-undi/

pixel