Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Миллиондаған шығын: Қазақстандағы ең қымбат той қалай өтеді?

Опубликовано:

«Той десе қу бас домалайды» демекші еліміздегі ең қымбат тойлар тек Алматыда өтеді екен. Барын шашып, ұлан-асар мереке өткізу үшін еліміздің өзге өңіріндегі бай-бағландар жазда осы қалаға ағылады. Бұл туралы салтанатты кештерді ұйымдастыратын беделді мекеме қызметкері айтып берді. Осы сөздің шын-өтірігін білу үшін NUR.KZ порталының тілшісі қаладағы танымал мейрамхананың (жарнамалық мақсат болмас үшін мейрамхана аты жазылмайды) әкімшісіне тапсырыс беруші ретінде хабарласып, қазақстандық байлардың бір тойы қаншаға түсетінін біліп көрген еді.

Той залын жалға алудың өзі ғана жеті миллион теңге

«Бізде екі той залы бар. Біріншісі - «Бал залы», оны жалға алу құны-800 мың теңге, мұнда 300 адам ғана сияды. Егер қонағыңыз көп болса «Grand» залы жақсы. Бұл холды жалға алу -7 миллион теңге, залға шамамен 1000 адам сияды. Аталған сомаға дыбысты реттеу және видео көрсететін үлкен экранды жалға алу құны кіреді», - деді мейрамхана әкімшісі.

Қазан айына дейін бос күн жоқ

Той науқаны болса керек әкімші қазан айына дейін барлық күн бекітулі, тек алтыншы қазаннан бастап ара-тұра тойсыз даталар бар деді. Ал банкеттің бағасы тойдың статусына қарай бағаланады.

«Біздегі ең арзан банкетке адам басына - 54 мың теңге, бұл «Күміс той» деп аталады. «Алтын той» - 65 мың. Ең қымбатын «Гауһар той» дейміз. Гауһар тойға сәйкес дастархан жаю үшін адам басына 91 000 теңге төлеуіңіз қажет. Бұл сомаға сай арақ-шарап, шай-тамақтың бәрі түңгі сағат 24:00-ге дейін тегін. Межелеген уақыттан соң барлығы тоқтатылады», - деп түсіндірді той ұйымдастырушы.

Бір дастархан басына он адам жайғасады. Осы он адамға төрт түрлі салат, төрт түрлі тіске басар және қара, қызыл уылдырық, бешбармақ, теңіз өнімдерінен екі түрлі ыстық ас пен сусын және шетелдік спирттік ішімдіктер кіреді екен. Яғни, он адамға жайылатын дастарханның құны  - 910 000 теңгені құрайды.

Орта есеппен қалталы азаматтардың тойы кемі 300 адаммен өтеді.

Ендеше, 300 адамның тек тамағы - 27 миллион теңге.

Той залының жалға алу ақысы - жеті миллион теңге.

Мұндай қымбат банкеттерді анау-мынау асабалар басқара бермейтіні сөзсіз. Тіпті кейбір ұлан-асар тойларды жүргізу үшін ресейлік танымал әртістер шақыртылады. Мысалы үшін кешті Максим Галкин, «Алтын дауысты» Николай Басков сынды шоу-бизнестің элиталық өкілдері жүргізеді. Ал олардыңдың бір күндік гонорарлары – 50 мың еуродан басталады екен.

Бұл тойдың тек бір бөлігіндегі шығын. Себебі, мейрамхана әкімшісі келетін әншілер мен өнерпаздардың және той залын мерекеге сай гүлмен безендіру бағасы жеке екенін айтты.

«Тойда қандай әншілер өнер көрсетеді? Оларға сахна әрлеудің бағасы басқа. Тойдың стилі қандай соған сай безендіру үшін де жеке ақы төлейсіз», - дейді Татьяна есімді той ұйымдастырушы.

Тағы бір айта кетерлігі шетелдік әйгілі әншілердің тең жартысы қазақ тойында өнер көрсеткен. Мысалы америкалық әнші Дженнифер Лопес Алматыда үйленген жастарды құттықтап, жарты сағат билеп, ән айтқаны үшін той иелерінен  үш миллион доллар сұраған.

Той ұйымдастырушылар жоғарыда көрсетілген сомаға қонақтарға берілетін кәде сыйлықтар, той бастар және басқа да салт-дәстүрлерді атқару шығыны кірмейтінін де алға тартты.

Ал тойды бастан-аяқ бейнатаспаға жазып, суретке түсіру жұмысының құны бір миллион теңгеден басталады. Себебі, екі басы ат шаптырым болатындай залдағы  мың қонақты естелікке суретке түсіру үшін кемі он адам жұмыс істейді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1572305-kisi-basyna-91-mynh-tenhge-elimizdinh-bay-b/

pixel