"Әбу-Даби Плазадағы" елді дүрліктірген қақтығыс шын мәнінде қалай болды?
Жарияланған күні:
Қазақстанның Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Абу-Даби Плаза жанында болған оқиғаның қалай болғанын айтып берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Барлығы күзет пен шетелдік жұмысшылар – Үндістан азаматтарының арасында болған жағдайдан басталды. Әуелде айтылғандай емес, жанжал басқа себептен шыққан. Жұмыстан кейін барлығы жаппай ұмтылып, шеңберден өте алмайды. Ескерту жасалады, содан жанжал шығады да, Үндістан азаматтары күзетшіні ұрады. Ол жерде біздің азамат-күзетші зардап шегеді, ол бұл оқиға жөнінде басқа жерлерде отырған күзетшілерге хабарлайды. Осыдан кейін жұмысшылар тұрғын жайға кіре бергенде, күзетшілер бір жерде Үндістанның бір азаматын, осы аумақтағы тағы басқа екі жерде екі үндіні ұрып тастайды. Бар қақтығыс осы", — деп баяндады Қасымов БАҚ өкілдеріне.
Оның айтуынша, Үндістанның үш азаматын ұрып тастағаннан кейін жұмысшылар кейін қайтып, күзет бекетіне тас лақтырған. Оқиға сағат 19.30-де басталады. Тек сағат 20.05-те ғана күзет полицияға хабарлайды.
Тағы оқыңыздар: Сағынтаев: Үлкендер тендер ойнап жатқан кезде, балалар қиналып жүр
"Оқиға орнына жасақтар келеді. Көпшілік адамның тіл білмеуінен мәселе туындады. Ағылшын тілін білетін жедел топ келді. Бірақ шетелдік жұмысшылар ағылшын тілін білмегендіктен, біз елшіліктен көмек сұрадық. Елшілік 25 минуттан кейін өз өкілін жіберді, оларға қолдау үшін үлкен рахмет. Бірінші консул келді, олар көмек көрсетті", — деді Қасымов.
Полиция сағат 21.45-те оқиға орнын тексеруге кіріседі.
"Болғаны осы, ал кейінгі болған жағдай, әрине, қисынсыз дүние. Далада Үндістанның тағы екі азаматын ұрып тастайды. Бұл сағат 20.10 және 20.20-да болады. Бұл азаматтарды тұрғын жайдың ішінен тауып, ауруханаға жеткізілді", — деді министр.
Осыдан кейін шетелдік жұмысшылар тұратын жердің жанына азаматтар жиналып, дереу мән-жайды анықтауды талап еткен.
"Оларды бірден жауапкершілікке тартуға болар еді, бірақ біз прокуратураға олармен әңгіме жүргізуге мүмкіндік бердік. Қала прокуроры, әкім келді, олар азаматтармен сөйлесті. Бірақ олардың өздерін қалай ұстағанын өздеріңіз көрдіңіздер. Былай айтайын: оларды біз көндіруге тырысқан сайын, керісінше адамдар көп жинала бастады", — деді министр.
Тағы оқыңыздар: Әлем чемпионының анасы: Төреші Қайратымның қолын көтергенде, көшеге атып шықтым
Осыған байланысты ең белсенді 56 адам полицияға жеткізіліп, олармен әңгіме жүргізілген. Белсенді түрде тәртіпті бұзған адамдарға қатысты материалдар сотқа жөнелтілді. Сегіз адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15, 10 және 5 тәулікке қамалған.
"Далада болған жағдай осы, оның жанжалға қатысушыларға еш қатысы жоқ. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіп жатырмыз. Айыпты адамдардың барлығы анықталды, олар түсінік беріп жатыр", - деп хабарлады Қасымов.
Үш қылмыстық іс қозғалған, қазір тергеу жүріп жатыр.
"Тергеуді бақылауда ұстап отырмыз. Далада жанжалға қатысқан Үндістанның 30-40 азаматын елден шығару мәселесін сот шешеді. Кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады", — деді министр.
Айтуынша, шетелдіктер құрылыста заңсыз жұмыс істеді дегенге қатысты дерек анықталмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1607758-abu-dabi-plazadaghy-eldi-durliktirgen/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.