Күйеуі тастап кеткен көпбалалы ана "Нұр Отанға" өкпесін айтты (видео)
Жарияланған күні:
Күйеуі төрт баласымен тастап кеткен шымкенттік келіншек аянышты тағдырын өңірдегі NUR.KZ тілшісіне баяндап беріп, көпшіліктен көмек сұрап отыр.
Ең сорақысы, талай жанның мұңына бейжай қарамаған «Нұр Отан» партиясының есігін үш рет қаққан оған ондағылар «Балаңды асырай алмасаң, балалар үйіне өткізіп жібер» деп далада қалудың шақ алдында тұрған ананың үмітін сейілтіпті.
31 жастағы Мадина Байымбетова 2009 жылы тұрмысқа шығып, бір жылдан соң дүниеге қыз баласын алып келеді. Ақ босаға аттаған алғашқы жылы ата-енесінің қолында тұрған ол кейін күйеуімен еншісін алып, жалдамалы пәтерде тұрады. Өзінен 13 жас үлкен жолдасы екінші қызы дүниеге келгенше алақанында салып, бақытты ғұмыр кешіпті. Содан соң арада қара мысық өтіп, күйеуі соққының астына алуды шығарады. Сөйтіп жүріп үшінші қызы дүниеге келеді.
Талай таяқтың астында қалған оны кейде жолдасы тыр жалаңаш шешіндіріп, далаға қуып жіберген кезі де болыпты. Полицейлерге бірнеше шағым түсірген оған үшінші арыздан соң егер қоймаса, қамауға алатынын ескертіп кеткен. Дегенмен балаларының анасын соққыға алуды ер азамат тоқтатпапты.
Мадина Баимбетова төртінші перзентіне аяғы ауыр кезінде жолдасы Астана қаласына жұмысқа кетіп, сол күйі ұшты-күйі жоғалған. Тіпті кенже ұлы дүниеге келгенде де келіншегінің жағдайын сұрамаған. Тек жолдасының әкесі келіншекке келіп, немересін көріп, азын-аулақ ақша мен азық-түлік әкеп берген. Одан соң күйеу баласы да пәтердің ақысын тастап кеткен.
Содан бері бір жыл өтсе де, жолдасы мен оның туыстарынан хабар жоқ дейді мұңын шаққан үш қыз, бір ұлдың анасы. Ата-енесі болса, төрт баламен қалған әйелге "күйеуіңді іздеме, келеді" деп басу айтып, тіпті «Намысың жоқ па сенің? Қырықтағы ұлымызға біз жауап бермейміз. Бізге енді хабарласпа» деп бетін қайтарып жіберген екен. Көпбалалы ана төркініне барайын десе, ол жақтағы жағдай да мәз емес. Осыдан төрт жыл бұрын анасы инсульт алып, төсекке таңылған. Оған сіңлісі қарайды.
Ең сорақысы, келін боп түсіп, дүниеге тұңғышын алып келген соң күйеуі мен ата-енесі көпбалалы анаға несие алғызыпты. Осы уақытқа дейін несие жабылмаған соң оның көлемі де шарықтап кеткен. Бүгінде банк алдындағы қарызын өтеуге келіншектің жағдайы жоқ.
Көпбалалы келіншек мемлекеттен берілетін үйге кезекке тұра да алмайды. Өйткені үш баланың әкесі құжатта көрсетілгенімен, төртінші перзенті өз атында. Жалғызбасты ана ретінде құжат алайын десе, үш перзенті базадан шыққан. Қалалық әкімдіктегілер безбүйрек əкені әкелік құқықтан айырылған соң ғана құжат қабылданатынын айтқан. Ал ол үшін күйеуінің өзі сотқа келуі тиіс. Келіншек осы жылдың сәуір айында үш баласына алимент өндіруге шағым түсіріп, шешімін де қолына алған. Содан бері сот орындаушылар жолдасына іздеу жариялағанымен, еш нәтиже болмай тұр. Тағы айта кетерлігі, жолдасы жұмыс іздеп кеткен соң келіншек артынан Астанаға іздеп барыпты. Бірақ таба алмаған. Сегіз ай өткеннен кейін келіншек полицейлерге шағым түсірген. Ондағылар күйеуі қылмыскер емес екенін, сондықтан оны іздей алмайтынын, ата-енесінің айтуынша ұлдары өзге әйелмен бірге тұрып жатқанын жеткізіпті.
«Білмеймін, алдағы күндерімді ойласам, қатты күйзелемін. Өлген адамның жылын күтеді ғой. Бір жылдан асты. Жолдасымнан хабар жоқ. Бірге тұрамын немесе тұрмаймын деп те айтпайды. Шынымды айтсам, қатты қиналып кеттім. Аллаға шүкір, перзенттерім қасымда деп өзіме басу айтамын. Солардың несібесі ғой, қайырымды жандар ара-тұра азық-түлігім мен пәтер ақысына қарайласып тұрады. Көршілерім де жақсы адамдар. Былтыр тұңғышым мектепте барғанда өз қыздарының ескі киімдерін әкеп берді. Мектепке қажетті құралдарын да сол кісілер сатып әперді. Қолдарынан келгенше көмектерін беріп жатыр. Алла разы болсын ол кісілерге», - деді көзінің жасын тыя алмаған келіншек.
Емізулі баласымен жұмысқа да шыға алмайтын келіншек амалы таусылып, осы жылдың сәуір айында Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясының есігін қағады. Бірақ, төрағаның қабылдауына кіру мүмкін болмапты. Тура сол сәтте қалаға мемлекет басшысы ресми сапармен келіп, ол кісі сонда кетіп қалған. Екінші рет көпбалалы ана маусым айында облыстық «Нұр Отан» партиясына барып, көмек сұрапты. Онда мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбековтің қабылдауында болып, мәжілісмен бұл мәселені шешуді заңгерлерге тапсырыпты. Заңгер де қалалық әкімдіктегілердің берген жауабын айтып, күйеуін әкелік құқықтан айырмайынша, мемлекеттен берілетін үйге қол жеткізу мүмкін еместігін жеткізген. Араға екі ай уақыт салып келіншек облыстық партия филиалына тағы да барады. Төрт баласын жетектеп алған келіншектің мұңын тыңдаған ондағылар салқын қабақпен қабылдап, тіпті жылатып та шығарып салыпты.
«Үлкен кісілер, оқыған адамдар, талай халыққа жанашыр боп жүрген азаматтар ғой деп партияға күнімді көре алмай жатқан соң үлкен үмітпен барып едім. Ондағылар неге тұрғылықты мекенжайың бойынша әкімдікке бармайсың деп жауап айтты. Сосын «Әділдік іздеп келіп отыр екенсің, егер расымен де балаларыңды баға алмасаң, онда балалар үйіне өткіз. Сен баға алмағанды мемлекет бағады. Ол жаққа сол үшін мемлекеттен қаржы бөлінеді. Ал сен мемлекеттен жәрдемақы алып отырсың» деген жауабын алдым. Шынымды айтсам, бұл жауап төбемнен жай түсіргендей болып, қынжылып шығып кеттім. Ішімнен шыққан балаларымды өткізетіндей көке ана емеспін ғой", - дейді Мадина Баимбетова.
Осы ретте NUR.KZ порталы мән-жайды білу үшін "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалының баспасөз қызметіне xабарласты.
"Мадина Баимбетованың партияға келіп, көмек сұрағаны рас. Ол кісіні қоғамдық қабылдаудың меңгерушісі Берік Құлжанов қабылдаған. Протоколда бәрі тіркелген. Оған үйге кезекке тұруға құжат жинау үшін заңгер кеңесі берілген. Бірақ балалар үйіне өткізу туралы әңгіме болмаған. Берік Құлжанов олай болуы мүмкін емес деп отыр. Бізге көптеген тұрғындар түрлі проблемаларымен көмек сұрап келеді. Барлығына тиісті деңгейде жауап пен кеңес беріледі. Қоғамдық қабылдау өтетін залда екі камера орнатылған. Екеуінде де дыбыстық жазбалар жазылады. Біріншісі жергілікті басшылықтың кабинетінде көрсетілсе, екіншісін Астана тікелей бақылайды", - деді "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалының баспасөз хатшысы Фатима Хикметова.
Егер де күйеуі тастап кеткен көпбалалы анаға көмек қолын созамын деушілер болса, төмендегі байланыс нөміріне xабарласуын сұраймыз.
Мадина Баимбетова: 8 (771) 642-58-28
Халық банкіндегi есепшоты: KZ376010002008346442
Мадина Хамитовна Баимбетовна
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1608771-nur-otandyqtar-komek-surap-barghan-kop/