Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық танымал миллионер өзін "Есімовтің жиені" деп жүргендерге жауап берді (фото)

Жарияланған күні:

Қазақстан жұртшылығы отандық кәсіпкер Қайрат Құдайбергенмен Ақтөбеде болған су тасқынында шырылдап жылаған кішкентай қыз баспаналы болған кезде таныс болды. Одан кейін Алматы зообағына өз қалтасынан қаржы бөлген азамат ретінде біледі. Біреулер оның жасап жүрген игі істерін жария етуін сынға алса, тағы біреулер олигархтың баласы десті. NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берген Қайрат өзі туралы ғана айтып қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз ойымен бөлісті.

Қайрат мырза, сіз туралы түрлі әңгімелер айтылады. Біреулер сізді олигархтың баласы десе, тағы біреулер шенді көкесі бар деп жатады. Шын мәнісінде, Қайрат Құдайберген кім? 

— Мен туралы әлеуметтік желілерде аңыздар, алып-қашпа әңгімелер жазылып жатады (күліп). "Кім ол, әкесі кім" дегендей. Бір досым тойда отырғанда біреулер мен жайлы әңгіме бастапты. Бір қонақ "әкесі бай кісі, олигархтың баласы" десе, екіншісі "Есімовтың жиені" депті. Шынын айтсам, оның бәрі өтірік.

Мен Алматы қаласындағы  Айгерім ықшам ауданында (бұрынғы Кирова) туып өскенмін. Бұрын ол Алматы облысы болған. №149 мектепте бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін оқыдым. Жағдайымыз жақсы болды деп айта алмаймын, себебі біз бірінші жатақханада тұрдық. Кейін шағын учаске алып, сол жерден кішкентай үй тұрғыздық.

Бізде газ, ыстық су деген сынды жайлы жағдай болмады. Дәретханамыз далада орналасқан, үйдің ішінде пеш жағатынбыз. Жалпы айтқанда кәдімгі қарапайым ауыл тұрғынының өмірі. Ыстық су үшін пештің үстінде түнімен үлкен 20 литрлік кастрөл қайнап тұратын. Таңертең тұрып, оны ожаумен араластырып, душ ретінде түсетінбіз. (күліп) Лай-батпақ, жол жоқ. Мектепке, университетке барғанда аяқ киіміміз былғанбас үшін пакет киіп шығамыз. Портфельде үнемі щетка мен крем жүреді. Осылай-осылай шапқылап жүріп... жеттік.

 Үнемі дамылсыз қайнап жататын "бизнес" деген қазанның ортасына қалай түстіңіз, тарқатып айтып берсеңіз?

— Еңбек және Халықтық әлеуметтік қарым- қатынас Қазақ академиясын бітіргенмін.  Университеттегі студенттік өзін-өзі басқару орталығының президенті болдым. Сол кезде қазіргі «Жас Отанды», «Қазақстан Республикасы студенттерінің Альянсын» ашқанбыз. Студент кезімнен өте белсенді болғандықтан, түрлі лауазымдағы адамдармен жақсы араластым.

Қазіргі тілмей айтқанда «нетворкинг» қой. Оның ішінде шенеуніктер, бизнесмендер бар. Кейіннен 2003 жылы, екінші курс оқып жүргенімде «Даму» қорында тәлімгер болып, екі айдан кейін штатқа жұмысқа тұрдым. Университет бітірген соң Әділет министрлігі жұмысқа шақырып, сонда бардым. Кейіннен Ішкі істер министрлігіне ауыстым.

Отбасын құрған соң мемлекеттік жұмыстың айлығы аз болып, ақшадан қысылдым. Сосын банкке жұмысқа шақырды, онда жетекші мамандықтан бастап бөлім бастығына дейін жеттім. Біздің банктің өкілдерінің бірі - Қазақстан тау–кен концерні «Қазақ Алтын» компаниясы еді, мен сол жерге дамыту директоры ретінде бардым.

Кейіннен жас мамандарды дамыту үшін аймақтарға жіберіп жатқан кезде елбасының ротациясымен Шығыс Қазақстан облысында әкімнің бас инспекторы болып жұмыс істедім. Ротация ақталған соң, президент әкімшілігіне жұмысқа бару туралы ойым болған. Бірақ осы кезде маған үлкен құрылыс корпорациясының бастығы болуға ұсыныс түсті. Үш жыл сонда жұмыс істеп, жақсы нәтижелерге жеттік.

Өзім көп тренигтерге, мастер-класстарға жиі баратынмын. Өзіме-өзім: "мына тауып жатқан ақшаның бәрі сенің ақшаң емес, иә сенің көлігің, пәтерің мен көмекшілерің бар, бизнес класста ұшатын билетің бар. Бірақ мұның бәрі сенің нәтижең емес, басқаның арманын жүзеге асырып жатсың" дедім. Соны ойладым да, өзімнің күшім жетеді деген сенім пайда болды.

Дегенмен айлығыңды, бар жағдайыңды тастап, бизнесті қалай бастайсың, қандай нәтижеге жете аласың деген сұрақ туындады. Ойлана келе, үш жылдан соң мен өзімнің 3-ші деңгейлі компаниямды құрдым, одан 2-ші деңгейлі болды, кейіннен оны 1-ші деңгейге шығардық.

Барымызды салып жұмыс істеп, адамдармен тіл табыса алатын қабілетімді пайдаланып, жақсы нәтижемен құрылыс саласындағы табысты компания болдық.

Дағдарыс болған кезде жаңа бизнес көзін ашу пайда болды. Себебі алған нысанымыздың жұмысы аяқталған соң, қоластымдағы адамдар келесі жұмыстарын күтіп жүріп қалатын. Сол себепті тәуекелге бел байлап, басқа бизнес көзін тауып, қолымызды ұзарттық: IT, білім саласы, жаңа стартаптарға демеушілік жасау. Бүгінде ТМД бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент» деген лицензия біздің компаниямызда ғана бар. Біз оны екі ай бұрын алдық, акредитациядан өту үшін екі жыл құжат жинадық. Бас кеңсесі Канадада.

Қазір ТМД бойынша өз адамдарымызға трениг пен шеберлік сағаттарын өткізуге бізде ғана құқық бар. Біздің компанияның мақсаты - тек пайда табу емес, әлеуметтік проблемаларға көмектесу. Борышымыз - қиын жағдайға тап болған адамдарға қолұшын созу деп санаймыз.

— Көпшілік жағдайы бар бизнесмендер мен шенеуніктерді  жемқор, алаяқ ретінде қабылдайды. Санаға сіңген осы пікірді қалай өзгертуге болады?

Ең алдымен адамдар өз көзқарасын өзгертуі тиіс. Біздің халық үшін шенеуніктің бай болуы қалыпты нәрсе болса, кәсіпкердің бай болуы жемқорлық сияқты.

"120 мың  теңге айлығы бар шенеунік қалайша жаңа лексуспен, жаңа мерседеспен жүреді, қымбат үйде тұрады?" деп адамдардан сұрау керек. Бұл - әлеуметтік проблема, бірақ ол біздің халықтың санасына қалыпты жағдай ретінде сіңіп қалған.

Себебі, біздің қазақстандықтар шенге бас ұрушылыққа жол берген. Сондықтан шенеунікке көбірек құрмет көрсетеді. Оның қандай пайдасы тиіп жатыр деп ойламайды.

Шенеунік деген кім? Ол - біздің төлеген салыққа жұмыс істейтін адам. Ол қалай жай адамнан биік тұрады?! Бизнесмен салық төлейді, адамдарға жұмыс береді, жаңа зауыттар ашады, әлеуметтік жобаларға өз үлесін қосады. Бірақ, біздің қазақи санамызға бизнесменнің шенеунікке қарағанда пайдалы адам екені әлі сіңбей жатыр. Дүние жүзінде, әсіресе өмір сүру деңгейі жоғары елдерде бизнесмендер бірінші орында.

Ақша табу жақсы әрине, бірақ бізде ақша тапқан көп кісінің мансабы өскен сайын, жүрегі қатайып кетіп жатады. Сол себепті халық бизнесмендерге алаяқ, жемқор ретінде қарайды. Біз осы стереотипті өзгертуіміз керек.

Көпшілік бизнесменге халықты жұмыспен қамтып отырған, яғни алға тартатын адам ретінде қараған жөн.

Бізге үкімет зауыт-фабрикалар ашыңдар деп айтады, бірақ оны сатып алатын адам аз. Экономиканың мультипликативтілікті эффектісін жасау үшін бізде халық саны көп болу керек. Сол себепті көпбалалы адамдарға көмек берілуі тиіс.

Біз оған демография ретінде ғана қараймыз. Анығында, қазақтың саны өседі деп қана емес, экономикалық қырынан тұтынушы саны артады деп те ойлауымыз керек.

«Болашақ» бағдарламасы жақсы құрастырылған. Бірақ, осы бағдарламаның түлектері 4 жыл шет елге барып, елге келгенде бастық болуды ғана ойлап келеді. Сен жұмыс істемесең, тәжірибең болмаса қалай басшы болмақсың?!

Университетті бітіріп, магистратураға түскен соң бірден басшы болғың келеді.  «Болашақты» бітірсең, жарайсың! Енді өзіңнің біліміңді көрсет.

Елбасымыз "мемлекеттен түрлі гранттар мен субсидиялар алыңдар, пайызсыз несие алыңдар" деп айтады. Бәрі жақсы, бірақ атқаруға келгенде бұл ұсыныстар бір орында тұрады. Біреу екіншісіне айтады, ол тағы біреуге айтады, түптеп келгенде ол бағдарламаны адам да түсінбейді, басқа да түсінбейді.

Оның құжаттарын жинағанша шашың ағарып жүресің, сосын бәрі шаршап кетеді. Сондықтан нақты идеология болуы тиіс, ондай жеңілдіктер ауылдағы жігіттер түсінетіндей жасалуы керек. Әйтпесе олар ауылдан шықпай, бар мүмкіндікті пайдаланбай жүре береді. 

Алматыға қазақтың қара домалақтары келіп, университетке түседі, одан кейін ақысын төлей алмай, базарға шығады. Ол жерде ештеңе өндіре алмаса, қара жолға шығып ұрлықпен айналысады.

Мұның бәрін мемлекеттік деңгейде шешу керекпіз. Адамдар ауылда тұрғылары келмейді. Неге? Себебі біздегі ауылдардың бәрі күйзеліске түсіп кеткен. Жайнап жатқан ауылды көрмейсің, құдайға шүкір, әйтеуір малдары бар, бірақ оларға цивилизация келу керек.

— Белгілі бір кәсіпті дөңгелетіп жүрген көптеген әріптестеріңіз өзі туралы, бизнесі туралы айтуға келіспейді. Ал сіздің осыншалықты ашық болуыңыздың сыры неде?

— Иә, көп бизнесмендер өзі туралы, бизнесі туралы айтудан қорқады. Қазір өз-өзімді шығарсам, артымнан салық ұйымдары келіп, қудалап кетеді деп ойлайды. Қорқудың маңызды проблемасы неде - жұмыста бір шикіліктің болуында.

Ал мен қорықпаймын, маған келсе менде бәрі ашық. Қара касса жоқ, бәрі орнында. Тіпті менің бизнесімді тартып алса да, басқасын аша алатындай сенімім бар. Адамдарға қорықпай, бәрін айту керек.

Менің басты идеологиям - қазақтың өсіп келе жатқан балаларына бизнесмен болуды насихаттау. Прокурор, шенеунік болудың  қажеті жоқ. Олар онсыз да көп. Одан да бизнеспен айналысып, өз тиын-тебеніңді тауып, жанұяңа жақсы өмір беру керексің. Кем дегенде оларды Түркияға апарып, шетел көрсетіп, білім беріп, балалардың көзін ашу керек. Қазақтың жаңа интеллегенциясы пайда болуы керек.

— Қазір қазақтың әлеуеті мықты жастары көп қой. Сонда олардың өсуіне не кедергі болып отыр? 

— Сананы өзгерту керек. Себебі бізде әлі күнге дейін  бақ-қуатты адам деп бизнесменді емес, мемлекеттік қызметте отырған қаржы полициясын, прокурорды, аудан әкімін санайды.  Көптеген бизнесмендерді білемін, жанұяларымен жұмыс істейді. Бірақ, іштерінде біреуі мемлекеттік қызметте жүреді. Неге ол пайдасы көбірек бизнеспен айналыспайды десең, ол "Мемлекеттік қызметте де біреу жүрсін. Ертең бірдеңе болса, бізді алып шығады» дейді. Бұл - қате пікір. Сол себепті жастарымыздың ойлау деңгейі кеңінен, тереңінен болса, оларға ештеңе де бөгет бола алмайды.

— Қайрат Құдайберген деген есім қайырымдылық шараларынан естіле бастады. Сізді "популист" дейтіндер де бар. Жақсылықты жария етпей-ақ жасау қажет деп жатады. Осы пікірмен келісесіз бе?

— Құранда айтылған насихаттарды бұрмалайтындар көп. Мысалы, "жария садақа" деген бар. Яғни, жасаған жақсылығыңды өзгелер үлгі алу үшін көрсетуге болады. Себебі бізде эгоцентристер, жеке басын ойлайтын жандар көп. Біреуге қолұшын созайын десе, "менен басқалары да бар ғой" деп ойлайды.

Сондықтан атқарылып жатқан игі істерді көрсетуді - жастарға деген өсиет деп қабылдауға да болады. Адамдардың бір-біріне деген көмегін көрсетіп, насихаттап жатсақ, оның несі айып?! Қазір кейбір жастар асардың не екенін білмейді, саяси партиямен шатастырады. Сол себепті жақсы істің насихатталуында тұрған ештеңе жоқ.

— Қайрат мырза, кәсіпкер адамның уақыты санаулы екенін білеміз. Осындай тығыз жұмыс кестеңізбен әлеуметтік желілерге қалай уақыт табасыз, тіпті кейбір пікірлерге жауап беріп отырасыз... 

— Бұл тайм-менеджмент. Жазбаларды, жауаптарды кептелісте ғана жазамын. Өзімнің уақытымды әлеуметтік желілерге жұмсау - мен үшін тиімсіз нәрсе. Ал, көмек сұрайтын адамдардың хатын оқып, олардың құжаттарын тексеретін кезде көмекшілерім көмектеседі. Ал жазбаларды өзім жазамын.

— Қайрат Құдайбергеннің бір күндік кестесі қандай?

— Таңертең тұрамын да таңғы асымды ішіп, жұмысқа келемін. Он екі жарымда түскі асқа барамын, оның өзі тек қана іскерлік кездесулер. Одан кейін бір - бір жарым сағат спорт. Кешке дейін тағы бір жұмыстар шығады. Арасында өзгеріп тұрады.

Қазір ел алдында жүрген адамдардың ішінде отбасын тастап, жас қыздарды әйелдікке алып жүргендер бар. Олардың кейбірімен сіздің жақсы араласатыныңызды білеміз. Оларға деген көзқарасыңыз қандай?

— Біреудің жеке өміріне араласудың қажеті жоқ. Әр адамның өзінің проблемасы бар, тек оны жария етпеу керек. Әрине отбасын сақтап қалуға барынша тырысқан жөн.

Ажырасқан жанұялардан әлсіз еркектер өседі, себебі нәзік жанды, жүрегі жұмсақ, тәні жұмсақ әйел өсірген бала эгоист болады. Әке болған үйде тәрбие басқаша, баланың рухы мықты болады. Бізде дәстүрлі қазақ отбасы көп насихатталуы керек. БАҚ беттерінде көпбалалы жанұялар туралы жиірек жазу керек.

Мысалы, мен үшін «Ордабасы» корпорациясының басшысы Дінмұхаммед Ыдырысов үлгі тұтарлық жан. Ол кісі үлкен кәсіпкер, бай-қуатты адам және жеті баланың әкесі. Менің мақсатым - кемінде бес балалы болу. Себебі қазақтың саны көбею керек. 

Шет елдің жақсысын ғана алып, жаманын тастауымыз керек. Бірақ бізде, керісінше, ең жаманын алып алады ғой, қысқа белдемше киіп, түнгі клубтан шықпай дегендей. Шетелдіктер біздің қыздарды жеңілтек деп айтады. Намысқа қатты тиеді. Бір рет осылай айтқан түрік пен итальянды жағаларынан алғанмын. Әрбір қазақтың қызы менің қарындасым!

— Осы орайда қыздарға қатысты сұрай кетейік. Жасыратыны жоқ, қалталы азаматтар мен шенеуніктердің көпшілігі тоқал алады. Ал сіз екінші әйел алар ма едіңіз?

— Жоқ, алмаймын. Көбісі хадистерге сүйеніп, Пайғамбарымыз с.ғ.с төрт әйелі болған деп, бұрмалап алады. Иә, Мұхаммед с.ғ.с төрт әйелі болды, бірақ бір әйелін өзі алған. Үш әйелін махаббат пен нәпсісі үшін алмаған, сол кездегі жағдай соған мәжбүрледі. Бізде оны бұрмалап, анаған барып, мынаған барып, тоқал алып кетеді. Бұдан 10 жыл бұрын тоқал тақырыбы елді шошытса, қазір көбі оны қалыпты деп қабылдап алды. Менің ойымша, адамда бір ғана жанұя болғаны дұрыс.

— Ел білмейтін қандай ерекше бес қасиетіңіз бар?

— Біріншіден, экстремалды спортты жақсы көремін. Екіншіден, иллюзонистпін. Үшіншіден, жануарларды өлтіре алмаймын, сол үшін мүлдем аңға барып көрмегенмін. Ермек үшін аңдарды өлтіре алмаймын, қолымнан да келмейді. Төртінші, аптасына бір рет  автобуспен жүретін әдетім бар. Себебі бизнесте жүрген қалталы азаматтар ақшасы көбейген сайын, елден тым алыстап кетеді. Адамдардың проблемасын байқаудан қалады. Бесіншіден, ешқашан шылым, қорқор шеккен емеспін және ішімдік ішпегенмін.

«Кіргенде керемет үйлерге еңселі, Кезгенде бастықтар бас бұққан кеңсені. Көңілім маңырап ашқарақ қозыдай,Сағынам мен Сені, іздеймін мен Сені...» деп Алмас Темірбай ақын жырлағандай бүгінде қазақ тілін шенеуніктер мен қалталы азаматтардың аузынан іздейміз. Әлеуметтік желілерде де кәсіпкерлер, шенеуніктер жазбаны орыс тілінде жазасыздар. Ықпалды азаматтардың өз ана тіліне бет бұруы үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

—  Мен бұрын жазбаларымды қазақ тілінде жазатынмын. Қазір Instagram -да менің аудиториям көп, мені 120 мыңнан астам адам оқиды.  Араларында ТМД елдерінің адамдары да бар, АҚШ, Украинадан да оқырмандар жазып, кейде аудармасын сұрап жатады. Сол себепті бәріне түсінікті болуы үшін орыс тілінде жазамын. Арасында қазақ тілінде де жазып отырамын.

Қазақ тілінің деңгейін көтеру үшін бай-қуатты адамдар қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бұл ойға алатын мәселе, оны идеология ретінде қолға алу керек.

—  Балаларыңызға қай тілде тәрбие берудесіз?

—  Қазақ тілінде, ол бірінші кезекте қазақ тілін білуі керек. Орыс тілі мен ағылшын тілін қосымша оқытамын. Тұңғышым Алтынай қазақ мектебіне барады. Жұбайым орыс тілді, бірақ ұлым Қасымханмен әрдайым қазақ тілінде сөйлес деп айтамын.

— Желіде қызыңызға арнап жазған жазбаларың көпшіліктің жүрегін елжіретті. Сіздіңше, жақсы әке қандай болу керек?

—  Жақсы әке - жауапкершілігі бар адам. Ол балалары үшін уақытын бөліп, дәстүрлі структурада дұрыс тәрбие бере білуі тиіс. Біз қазақтығымызды сақтап қалмасақ, көп нәрсені жоғалтамыз.

—  Болашақта билікке баруыңыз мүмкін бе?

—  Білмеймін... Билікке мен толықтай капиталым бар, компанияларым аса табысты болған кезде ғана барамын. Билікке кейбір жандар сияқты баю үшін барғым келмейді, халқыма қызмет ете алатындай, қажетім болған кезде болмаса.

—  Қазір меншігіңізде не бар?

— Айтпаймын(күліп)... Екіқабатты үйім, жеке көліктерім мен компанияларым бар.

— Көлігіңіз қандай?

— Mersedes, Bentley бар. Жуырда Tesla көлігін алайын деген ойым бар.

— Өткен айда Головкиннің жекпе-жегіне барып қайттыңыз. Байқағанымыз, сіз секілді қалталы жігіттер өз қаражатына емес, басқа компаниялардың демеушілігімен барған. Бұл беделді пайдалану ма, әлде, қаражат үнемдеу үшін бе?

— Әлеуметтік желіде беделің бар болған соң, кейбір компаниялар презентацияға қонақ, спикер ретінде шақырады. Сан-Францискоға Lexus компаниясының презентациясына барғанмын. Вегасқа барамын деп жатқанда, маған сол билетті сыйлаған адамдар хабарласты. Ол жәй ғана достық ретінде сыйланған билет, құны 16 мың доллар тұрады деп естідім.

— Сізге не нәрсе мотивация береді?

— Біріншіден жанұям, екіншіден туысқандарым, үшіншіден елім. Шариғатта да жазылған ғой, ең алдымен өз жанұяңа, сосын жақын туысқандарыңа, одан кейін алыс туысқандарыңа, олардан соң еліңе көмектес деп. Арманым қазақ елі инновациялы елге айналса деймін. Қазақстан мұнай мен байлық арқылы емес, білім, ғылымның елі ретінде танылсақ.

— Дінге қаншалықты жақынсыз?

— Әлхамдулиллах мұсылманмын. Бес уақыт намаз оқимын.

— Бизнес, ақша жүрген жерде бәсекенің бар екені анық. Дұшпандарыңыз көп пе?

— Өте аз, Алла тағаланың өзі мені көп нәрседен қорғайды. Бизнесте адал жүріп,  адамдарға дұрыс көзқараспен қарасаң, ешкім жөнсіз тиіспейді. Адамдарды шенге, әлеуметтік жағдайға бөлмей, тең қарау керек. Сондықтан достарым көп, бірақ шынайы, адал бес-алты досым бар.

— Қызыңыз ақылы мектепке бара ма?

- Жоқ, қарапайым, мемлекеттік мектепке барады. Haileybury сынды мектептерге бере аламыз, бірақ ондағы ортасы қандай, адамдар қандай деп ойлайсың.

— Ауқатты адамдардың балалары дайын дүниеге ие болып, кейде көп нәрсенің парқын білмей жатады. Сіз балаларыңыздың кейінгі болашағы үшін алаңдайсыз ба? 

— Мен әр күн сайын балаларымды қалай дұрыс тәрбиелесем болады, оларға ақшадан бөлек, қандай пайдалы дүние беремін деп ойлаймын. Қызыма адамдарға жақын болуды, көмектесуді үйретемін.  "Слушаю сердцем" деген қайырымдылық акциясы болған, Алтынай өзінің сигвейға жинаған үш жүз мың теңгесіне футболка алды. Сол кезде мен өзімді соншалық жақсы сезіндім, қызыма дұрыс тәрбие беріп жатыр екенмін деп ойладым.

Баласы әкесінен көргенін істейді ғой, сондықтан өзім дұрыс жүруге тырысамын. Оларды көп нәрседен тыйып ұстаймын. Себебі дайынға үйренген балалардың, келешекте бәсекеге қабілеттілік деңгейі төмен болады. Сол себепті америкалық, жапониялық тәжірбиелерді зерттеп жүрмін. Қазақы тәрбиемен "микс" болса. Мен ешқашан қызымды шет елге оқуға жібермеймін. Қызды үйде тәрбиелеу керек, ол сыртта жүрсе оны жоғалтып аласың. Ол қымбат телефон алғысы келсе, өз еңбегімен, лайықты болуы керек. Кейде жаңа Айфон  алып бер деп келеді. Мен оған "соған лайық бол" деп айтамын.

— Алтын уақытыңызды бөліп, салихалы сұхбат бергеніңізге  рақмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1632975-otandyq-tanymal-millioner-ozin-esimo/