"Тұрмысқа шыққым келмейді": Елімізде "өзі үшін бала туып алатын" қыздар көбейген (фото)
Жарияланған күні:
Елімізде "тұрмысқа шықпасам да, өзім үшін бала туып аламын" деп ойлайтын қыз-келіншектер қатары жыл санап көбеюде. Бұл қадамға олар тек жалғыз қалудан қорыққандықтан бара ма? Жалпы, нәзік жандылардың мұндай шешім қабылдауына не себеп? Бұл сұрақтардың жауабын Бірінші арна тілшісі анықтап көрді деп хабарлайды NUR.KZ.
"Текті еркек іздеймін". Мұндай хабарламалар ғаламтор беттерінде шаш етектен. Көбіне оң жақта отырып қалған, 30-дан асқан қыз-келіншектер жазба қалдырған. Бәрінің мәселесі ұқсас: тұрмысқа шықпаған, материалдық жағдайы жақсы. "Жар таппасам да, өзім үшін нәресте туғым келеді", дейді.
"Өзіме бала туғым келеді. Әрине, менің шешімім бәріне ұнамайды. Бірақ уақыт өтіп бара жатыр. Жасым 34-ке келді. Ана бақытын сезінгім келеді. Алайда, арманымдағы жігітті кездестіре алмадым" , - дейді Лаура есімді ару.
Ал жасы 42-ге келген Баян болса "бала" деп жүрген ел ағаларына ұрпақ сыйлағысы келетінін айтады.
"Мен жеңіл жолда жүрген қыздардың бірі емеспін. Мен жоғары білімді, үлкен постта отырған жанмын. Қызмет деп жүріп уақыттың қалай зымырап өтіп кеткенін байқамаппын", - дейді ол.
Мәселен, астаналық Диана есімді бойжеткен де тұрмысқа шыққысы келмейді. Алайда сәби сүюге қарсы емес.
Жасы 28-де. Жоғары білімді. Өзінің пәтері мен көлігі бар. Жеке бизнеспен айналысады. Сол себепті, баланы тәрбиелеп өсіруге мүмкіндігі де, қауқары да жетеді екен.
«Тұрмыс құрып, жанжал шығып күйеуім сабағанын қаламаймын. Әрине бес саусақ бірдей емес. Еркектерге сөз көтермеймін. Сол себепті, өз керекті баламды тауып, жағдайымды жасап отырғым келеді. Ата-анам қарсы емес, құрбыларым да қарсы емес, керісінше қолдау беріп отырады», - деп ағынан жарылды қала тұрғыны Диана.
Бейресми деректерге сүйенсек, елімізде тұрмысқа шықпаған 25-55 жас аралығындағы қыздардың саны 350 мыңның үстiнде екен.
Осы орайда мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиеваның «өзі үшін бала туғысы» келетін келіншектерге қатысты айтар уәжі бар.
«Енді өмірде жалғыз болмайын деп, дүниеге баланы алып келеді. Бірақ ондай шешімге келгенде ойлану керек. "Балаға ертең қандай тәрбие беремін, жағдайын жасай аламын ба, жоқ па?" деп. Ол - жауапкершілік. Егер бәрін істей аламын десе, жөн», - деді Балиева.
Әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов бұл қадамға тек оңаша қалудан қорыққан қыз-келіншектер баратынын айтады. Себебі, 30 жастан кейін үйленетін жігіттер некен саяқ. Ал баланы табу оп-оңай.
Дегенмен, тұрмысы түзу, ақылына көркі сай қыздарымыздың тым өзімшілдігі тексіз ұрпақтың көбеюіне әкеп соғады. Ал «өзекті мәселені шешудің ең оңтайлы жолы – қыз-баланы дер кезінде ұзату» дейді мамандар.
Бізбен бөлісер қызықты жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Тағы оқыңыздар:
Ваннаға ұзақ түскен әйелдің өкпесі қабынып қайтыс болды
Астанада тергеу изоляторының қызметкері өз-өзіне қол салды
Елімізде ұл-қызға қырғидай тиетін педофилдердің саны азаймай тұр
Канадада құлаған ұшақтан жолаушылардың барлығы тірі шықты (фото)
Қоластындағыларын "арамза, малғұндар" деп аямай сөккен басшы ұятқа қалды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1705872-ozim-ushin-bala-tuyp-alamyn-elimizde-t/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.