Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Намазхан жігіт екіқабат әйелін өлімші етіп сабап, ауруханадан шығарған (фото)

Опубликовано:

Тараздық келіншек үш баласымен өзін тастап, жас әйелге үйленген сәләф күйеуінің былығын жайып салды деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жас ананың сөзінше, 1991 жылы туған өскемендік Жамбыл есімді ер азамат айы-күні жетіп отырған некелі жары Айшат Досалиеваны өлімші етіп сабап, аурухананың жансақтау бөлімінен шығарған. Аузынан «Алласын» тастамаған жігіт мұнымен қоймай, үйін тонап қашып кетіпті.

Айшат Досалиева үш баласымен. Фото: NUR.KZ.
Айшат Досалиева үш баласымен. Фото: NUR.KZ.: UGC

«Мен Тараздағы «Ұлан» балалар үйінің тәрбиеленушісімін. 2013 жылы үкімет тарапынан бір бөлмелі пәтер берілді. Осы баспана қалай бұйырды, үйде айқай-шу үдей бастады. Күйеуім Жамбыл «пәтерді менің атыма аудар да, үйден кет! Жас әйел аламын, әке-шешемді шақыртамын» деп шу шығара беретін. 2016 жылы ақпан айында тағы да ұрыс шығарып, шашымнан сүйреп жүріп үйдің қабырғасына ұрды. Ол кезде үшінші балама аяғым ауыр еді. Қатты соққы салдарынан миым шайқалып, комаға түсіп, кенже ұлымды отамен дәрігерлер уақытынан ерте босандырып алды. Ауруханадан емделіп үйге келсем, үлкен екі балам көршілердің үйінде жүр. Ал отағасы болса балаға берілген 140 мың теңге жөргекпұлды ұрлап қашып кеткен екен» , - деп күрсінді келіншек.

Балалардың үлкені төртте, кенжесі әлі бірге де толмаған. Фото: NUR.KZ.
Балалардың үлкені төртте, кенжесі әлі бірге де толмаған. Фото: NUR.KZ.: UGC

Исламның жат жолын таңдаған ер азамат әйелін сәләфизмге кірмегені үшін ұнатпапты.

«Жамбылмен 2011 жылы отау құрдық. Дініміз де сөзімізде дұрыс болды. 2015 жылы үйде дауыс көтеретінді шығарды. Кейін келе маған «мәсхабыңды ауыстыр, соңымнан жүр» деп үгіттей бастады. Мен лаңкестерді қолдайтын ағымның мүшесі болғым келмейтінін айттым. Осы қылығымды ол «күйеуіне бағынбау» деп санайды. Кейін таныстардан сұрастырсам бұрынғы жолдасым жас қызға үйленіп алыпты. Қиын уақытта балаларды көршілердікінде қаңғыртып, бізді көк тиынсыз қалдырған жұбайымды сотқа да бере алмай отырмын» ,- деп ашынады жас ана.

Үш баламен жалғыз қалған келіншек кей күндері жейтін астың да болмайтынын айтады. Күйеуінен алимент өндіруге тіпті құқы да жоқ. Себебі екі жас некелерін мешітте ғана қиғызып, заң жүзінде тіркетпеген. Олардың ерлі-зайыпты болғандарын тек туысқандары мен көршілері ғана растай алады. Себебі, Жамбыл барлық ақшамен бірге құжаттарды да көтеріп кеткен.

Үш баламен жалғыз қалған келіншек кей күндері жейтін астың да болмайтын айтады.
Үш баламен жалғыз қалған келіншек кей күндері жейтін астың да болмайтын айтады.: UGC

Жалғыз басты анаға көмек көрсетем деушілер 87474037361 нөміріне хабарласуларына болады.

Дін істері және азаматтық қоғам министрілігінің мәліметінше, ел өңірлерінде, Астана және Алматы қалалары бойынша сәләфизмге кірген отандастарымыздың саны 11000-ға жуық адамды құрап отыр. Қаншама отбасыны ойрандап, жастардың миын улаған радикалды діни ағымға қашан тиым салынатыны әзірге белгісіз.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1710573-namazhan-zigit-ekikabat-jelin-limsi-etip-sabap-auruhanadan-sygargan-foto/

pixel