Ислам дінін қабылдаған шымкенттік орыс жігіт қажылыққа аттанбақ (фото)
Жарияланған күні:
Ислам дінін қабылдаған шымкенттік орыс жігіті қажылыққа аттанбақ деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Өткен жылдың жаз айында ислам дінін қабылдап, мұсылман атанған шымкенттік Николай Путилин Алла алдында құлшылық жасау мақсатында кіші қажылыққа жолға шықпақ. Осы ретте біз мұсылман атанған орыс жігітіне хабарласып, аз-кем әңгімеге тарттық.
"Мен ислам дінін Шымкенттегі "Айқап" мешітінде қабылдадым. Мұсылман атанғанымда мешіттегілер маған ақпан айында кіші қажылыққа барып қайтуға жолдама беретінін айтқан еді. Одан бері жарты жылдай уақыт өтіпті. Шынымды айтсам, бойымда қорқыныш сезімі басым. Біз Шымкенттен он шақты мұсылман жамағат болып жолға шықпақпыз. Бауырларым "ешнәрседен қорықпа, білмей жасағаннан ештеңе етпейді, қасыңда біз бармыз. Бастысы, ішкі ниет" деп барынша қолдау білдіріп отыр" ,- деген Николай Путилин ислам дінін қабылдаған жарты жыл ішінде өзін іштей өзгергенін айтады.
"Әрине, жарты жыл деген көп уақыт емес. Өмірім түбегейлі өзгерді деп айта алмаймын. Бастысы, ішкі дүнием өзгеріп жатыр. Ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін білдім. Діни сауатым ашылды. Сүрелерді жаттадым. Сауап алудың немесе оны жоғалтудың жолдарын білдім. Білгенімнен үйренерім әлі көп. Бұл ретте маған мешіттегі имамдар мен айналамдағы мұсылман бауырларымның көмегі орасан тиюде" ,-деді шымкенттік жігіт.
Сөзінің соңында жас жігіт өзін үнемі ислам дінін насихаттап жүргенін де айтты. Дегенмен, еліміз ислам мемлекеті болмағандықтан дін қабылдау әркімнің өз еркі екенін де алға тартты.
Естеріңізге сала кетсек, қазақ тілін жетік меңгерген Николай Путилин былтыр ислам дінін қабылдап, тіпті сүндет тойын да өткізген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1717665-islam-dinin-kabyldagan-symkenttik-orys-zigit-kazylykka-attanbak-foto/