Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде Қазақстан географиясы оқытылмайды
Жарияланған күні:
Ширек ғасырдан бері оқытылып келген Қазақстан географиясы жаңа оқу жылынан бастап, оқу бағдарламасынан алынады деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Жаңартылған бағдарламаға сай жеке оқытылып келген пән жалпы географияның құрамына еніпті. Еліміздің географтары осылай деп дабыл қағуда. Осы уақытқа дейін Қазақстанның физикалық, экономикалық географиясы деген атаумен 8-9 сыныптар оқытылып келген пәнге жаңа министрдің не себепті шүйліккенін ұстаздар қауымы түсіне алмай дал.
"Қазір ТМД елдерінің географиясына көбірек көңіл бөлінген соңғы бағдарламада. Содан кейін 8-де қазақстанның топырағы бір сағат, 9 сыныпта 5-6 сағат сегіздің программасын берген. Әріқарай 9-10-10-12 жылға біздің екі жылда толық оқытып отырған бағдарламамызды шашыратып жіберген", - дейді география пәнінің мұғалімі, профессор ұлжалғас Есназарова.
Бұл мәселеге алаңдаған ұстаздар қауымы Білім минстріне хат жолдаған. Еліміздің бас мұғалімінен келген жауапқа қанағаттанбаған мамандар, Президент әкімшілігінен араша сұрапты. Бірақ екі бірдей жауапты көрген педагогтардың төбе шашы тік тұрған.
"Білім минстрінің бір жауабы екіншісінен сорақы болып тұр. Министрге жазған хатымызға мұндай пән еш уақытта оқытылмаған деген жауап алсақ. Бұрынғы жауаптарынан алыс кетпеген. Ендігі бір сорақысы, біз айтқамыз ғой, 8-9 класта Қазақстанның географиясы орнында қалсын деп. Ол жақтан Қазақстанның географиясын оқытуға сағат жоқ деген жауап келді», - дейді Ұлжалғас Есназарова.
Ал жоғарғы оқу орындарының ұстаздары онсыз да еліміздің географиясын маңдытып білмейтін жастар бұл пәнді ғылыми тұрғыдан қалай оқиды деп алаңдауда. Сондықтан ең бірінші өз елінің табиғи ерекшеліктерін оқытуға басымдық беру керек деп есептейді
"Өзіміздің университетте Қазақстанның физикалық географиясын, экономикалық географиясын оқытамыз. Бірақ мектептен білмеген бала оны қалай ғылыми тұрғыдан дамытамыз. Қалай ол мектептің мұғалімі болады. Егер өз елінің географиясын білмесе. Қазақ тілін, Қазақстанның тарихын, Қазақстанның географиясын білмеген адам саналы, жақсы егемен елдің азаматы бола алмайды деп есептеймін" - дейді география ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлзира Оразымбетова.
Ұстаздардың жанайқайы халық қалаулыларына дейін жетіп, депутаттар Білім министрі мен үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған. Ведомство басшылығынан "пәннің аты өзгергенімен, заты қалды, керісінше заман талабына сай жаңартып, толықтырдық" деген жауап алған. Бірақ қазақ деген сөзді қимағанына қынжылып отыр.
"Ішін-мазмұнын жаңартсын, мағынасын өзгертсін, бірақ атауын неге сақтап қалуға болмайды. Оған сай кітап та барлық дүние де бар ғой. Ал енді қазір атауы өзгертілген жерде жаңа кітап шығады. Бәрін қойған күннің өзінде 8-9-10 сыныптарға типтік жоспары әлі бекітілген жоқ, сол жерге неге жазуға болмайды десек, оған да қиынсынады", - дейді парламент мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова.
Жалпы әлемнің барлық мемлекеттері ең бірінші кезекте өз елінің географиясын оқытады екен. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан тіпті жер көлемі бір ауданның көлеміне тең келетін Израильдің өзі өз географиясына екі жыл оқытады. Географтар қыркүйек айына дейін министр райынан қайтады деп үміттенеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1718294-zaa-oku-zylynan-bastap-mektepterde-kazakstan-geografiasy-okytylmajdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.