Сол тыныш болсын: Қазақ әжей келінінен көрген қорлығын айтып, егіле жылады
Жарияланған күні:
Келін мен ене арасындағы қарым-қатынас - ешқашан дауы бітпейтін, үнемі талқыға түсетін, қарама-қайшылық пен түсініспеушілікке толы тақырыптардың бірі. Осы тұста NUR.KZ тілшісі қазіргі күннің енелерінен келіндері туралы айтқан пікірлерін назарға ұсынады.
Алматылық 75 жастағы Айша апай бүгінгі келіндерден әбден көңілі қалған. Ол үш келінінің түрлі дөрекіліктерінен жүрегі шайлыққаны сонша, қазір бетіне қарап сөйлегісі келмейтінін айтады. Әсіресе, өзінің қолында тұратын сүт кенжесі Жарастың келіншегі оның өмірге деген көзқарасын күрт өзгертіп жіберген.
"Теледидарда көрсетіп жатады ғой неше түрлі жайттарды. Мамаларын, әкелерін қарттар үйіне апарып жатқандарды. Соны көремін де, оңашада жылай беремін. Себебі, мен де сондай жайттардың бірін басымнан өткердім. Өмір бойы ұлға болсын, ұл аман болсын, ұлға берейік деп жүрген адамдармыз ғой. Ескіліктің адамы шығармыз. Бірақ енеме жылдар бойы қызмет етіп, көрмегенді көріп, ендігі қартайғанда немерелер мен келіннің қорлығына тап болам деп кім ойлаған?!
Мен сүйіктім, сүт кенжем, жеті жасқа дейін емізген баламның келіншегі үшін мен отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Жүре алмаймын. Таяқпен жүремін, бірақ сонда да үй шаруасын істеп, ол жұмыста болған кезде нан жайып, ет саламын. Бүкіл зейнетақымды беремін. Себебі келінімнің мінезі өте жаман. Жұмыстан келгенде тамағы пісірулі тұрмаса, ұрыс шығарады.
Ұлым екеуі содан қырылады. Ұлым келінді ұрады. Ақыр соңында қайта татуласып, осының бәріне мен кінәлі болып шығамын. Сол үшін аузымды жауып, үш жастағы немерені қарап үйде отырамын, үлкендері сабақта. Айтқанын істеп, бүкіл зейнетақымды соған беремін", - дейді Айша әже.
Өмір бойы еңбек етіп, енді қол жеткізген зейнетақысын келініне беретін әжейлердің қатарында Нұрбике апа да бар.
"Иә, шалым екеуіміз қанша зейнетақы алатынымызды білмейміз. Карточка келіннің қолында. Сол тыныш болсыншы дейміз. Бірақ жүзге баратын шығар. Енді үлкен кісілерге ақша керек жоқ деп ойлай ма, бермей қойсақ ренжиді. Ұрыс болады. Одан да отбасындағы берекені осылай сатып алғаным дұрыс.
Өзімнің алты балам бар. Олардың барлығын бай тұрады деп айта алмаймын. Қайта мына кенже балам әкесінің малы бар, біздің пенсиямыз бар, жақсы тұрады. Кейде үлкен балаларым ренжиді. "Біз де балаларыңбыз ғой, біз де қиналып кеттік. Бір айлық зейнетақыны берсеңдерші"деп.
Қайдан береміз, бәрі келінімнің қолында болса. Жалпы көптеген өзім білетін кемпірлердің көбі осылай өмір сүреді. Енді олай болмаса болмайды. Кезінде бүкіл ақшамды енеме беретін едім, енді келінім алады. Сол ақшаны ұстамай-ақ қойдым", - дейді Алматы маңында тұратын 73 жастағы Нұрбике әжей.
Ал енді ғана келінді болған Арман апай болашақта мұндай қорлық көрмес үшін, қазірден бастап келінін бөлек шығарып жіберген.
"Қазіргі келіндерді білеміз. Түске дейін ұйықтайды, одан қалса балаларды әкеп тастайды да, күйеуі екеуі той-жиындарға кетеді. Корпоративкалары бар, салондары бар. Бітпейтін қыдырыс. Құдды бір мен өз балаларымды бағып болып, енді немерелерімді қарауға міндетті сияқтымын.
Бақыт қой әрине, ұрпағың көбейген. Бірақ біздің де баратын жеріміз бар. Демалу керек. Жасымыз болса келді. Бізге де күтім керек. Қиналып жатса көмектесем, бірақ өмір бойы балалар үшін өмір сүріп, киім де алмаппын үстіме. Енді бар ақшамды немерелерге беріп отыра алмаймын. Оларды өз әке-шешесі бақсын, сонда еңбегінің жемісін көреді. Шаршап кеттім. Сол үшін бөлек шығардым", - деген ол әркім балаларын өздері бағуға міндетті деп санайды.
75-ке келіп ел анасы атанған Айша әжей әпкесінің басынан өткен сұмдық жайт туралы да айта кетті.
"Жақында әпкем қайтыс болды. Сексеннен асқан. Бел омыртқасы сынып, қанша ай бойы төсек тартып жатып қалды. Өлгенде халатының қалтасынан көгеріп кеткен, қатып қалған нан, тоқаштарды тауып алдық. Сөйтсек, келіні (келінінің де келіні бар) күні бойына үлкен кісіге тамақ бермей, аштан қатырады екен.
Аштан өлемін бе деп қорыққандықтан қалтасына нанды сала берген, сала берген... Сондықтан ала берсінші пенсиямды... Сол-ақ риза болсын", - деп баяндаған әжей көзіне жас алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1719184-sol-tynys-bolsyn-kazak-zej-kelininen-krgen-korlygyn-ajtyp-egile-zylady/