Дәрігерлер Алматы жұртын дүрліктірген инфекциядан қалай қорғану керектігін айтты
Жарияланған күні:
Алматы халқын дүр сілкіндірген менингококк жұқпалы ауруы туралы әңгімеге денсаулық сақтау мамандары нүкте қойды. Олар қазіргі таңда қаладағы менингококк инфекциясының таралу деңгейі, қорғану жолдары мен емделу барысы туралы айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті берген мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың 19 мамырында Алматы қаласында менингококкты инфекция таралуының 15 жағдайы тіркелген. Оның ішінде екі ересек адам мен бір кішкентай бала қайтыс болған.
Инфекциядан көз жұмған бір адамның өліміне органдық жетіспеушілік пен иммунитетінің төмен болуы себеп болған. Ал тағы бір бала мен ересек әйелде менингококкты инфекцияның жедел таралу түрі болыпты. Бұл ретте марқұм болған әйел тамағы мен басының қатты ауырып тұрғанына қарамастан, үйде өз бетінше емделіп, тіпті сүйретіліп жұмысына да барған. Алайда қызмет орнында оның жағдайы күрт нашарлап, әріптестері жедел-жәрдем шақырған.
Менингококкты иннфекция бактериядан туындайтын инфекциялы ауру. Ол әдетте ешбір симптомсыз немесе назофаренгит, менингит, менингококты сепсис сияқты қабыну белгілерімен дамуы мүмкін.
Жыл сайын көктем айында күшейіп, көп адамды қармағына түсіретін эпидемиядан өткен жылы қазақстандықтар аман шыққан. Яғни менингококк инфекциясыны ашылдыққан адам 2017 жылы тіркелмеген.
"Қазіргі таңда осы ауруға шалдыққандар саны таңғаларлық жағдай емес. Себебі ол бұрыннан бар инфекция және әлемнің көптеген елдерінде бірнеше адам жыл сайын оның құрбаны болады.
Менингококк инфекциясын ең алдымен иммунитеті төмен адам жұқтырады", - дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова.
Менингококк инфекциясын жұқтырған адамда қандай белгілер байқалады?
Мамандардың айтуынша, менингіиттің бірнеше түріне байланысты оның белгілері де әртүрлі болып келеді. Кей адамда ол тіпті білінбесе, енді бірі фарингит немесе суық тиюге ұқсас белгілерді сезеді. Мәселен тамақ және бас ауруы, жүрек айнып, қызудың көтерілуі де осыған жатады. Оған қоса жөтел мен мұрынның бітелуі де инфекция белгісі болуы әбден мүмкін.
Ауру жұтқыншақтың шырышты қабатына еніп, сол жерде назофарингитпен таралады екен. Егер адамның иммунитеті мықты болса, ол жұтқыншақтан әрі өтпей, жазылып кетеді.
Менингококк инфекциясының алдын алу
Ауа арқылы таралатын аурудан сақтану үшін мәдени және спорттық шараларға қатысудан, жүзу бассейндері мен сауда ойын-сауық орталықтарының ойын алаңдарына бармаған жөн дейді мамандар. Себебі бірнеше адамның өліміне себеп болған жұқпалы дерт ақпан айы мен мамыр айының аралығында қатты қозатын көрінеді.
Сондай-ақ дәрігерлер менингококк инфекциясына қарсы екпе салдыруға да кеңес береді. Оны жекеменшік клиникаларда ақылы түрде салдыруға болады. Былтырғы жылы екпенің бағасы шамамен 22 мың теңге болған.
Менингококк инфекциясын емдеу
Бұл қорқынышты дертті дер кезінде емдесе, түбірімен жоюға болады екен. Яғни тамағы мен басы ауырып, қызуы көтірлеген адам үйде өздігінен ем қабылдамай, бірден жедел-жәрдем шақыруы керек дейді мамандар. Ауруханада арнайы лабороториялық тексеру жүргізгеннен кейін, оның нақты диагнозы белгілі болады. Егер ол менингит болса, дәрігерлер антибиотик екпелер көмегімен инфекцияның көзін жояды.
Дәрігерлер аурудың кез-келген сиптомдық белгісін байқағанда бірден жедел-жәрдем шақыру керектігін жіті ескертіп отыр. Себебі өте тез таралатын ауру 6-12 сағаттың ішінде адамның өмірін жалмауы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1732888-drigerler-almaty-zrtyn-drliktirgen-infekciadan-kalaj-korganu-kerektigin-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.