Семейде автобекет атауын қытайша жазып қойғандар елдің шамына тиді (фото)
Жарияланған күні:
Семейдегі халықаралық автобекет ғимаратының сыртындағы қытай тіліндегі жазба көпшіліктің ашуын келтірді. Жазба әсіресе әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Халықаралық автобекет сыртындағы қытай тіліндегі жазу желі қолданушыларының бірінің парақшасында пайда болған. Одан "Халықаралық автобекет" деген жазба орыс тілінде де ілініп тұрғанын байқауға болады. Сондай-ақ ғимарат сыртынан қытайша жазылған жазбаны да анық көруге болады.
Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында автовокзал басшылығымен де тілдескен едік. Мекеме жетекшісінің айтуынша "бұл жазбаның ілініп тұрғанына 10 жылға жуық уақыт өткен және онда "халықаралық автобекет" деген тіркестің қытай тіліндегі аудармасы" тұр екен.
"Бізге былтыр да осы мәселемен хабарласқан болатын. Ол кезде шыны керек қазақша жазба болмаған еді. Біз тұрғындардың ескертуін ескеріп, ана тіліміздегі "Халықаралық автобекет" деген жазбаны іліп қойдық. Ал қытайша жазу ол осы тіркестің қытай тіліндегі аудармасы. Неге қытай тілінде жазылып тұр дейсіздер ғой? Себебі автобекеттен Семей-Үрімжі бағытындағы автобустар жиі қатынайды. Сондай-ақ бұл бағытта Қытайдағы қандастырымыз көп жүреді, оларға кирилл қарпін түсіну қиын болғандықтан осылай жазып қоюға тура келді", - деді вокзал басшылығы.
Десе де желі қолданушылары аталған жазбаға қатысты пікірлерін жаудырып жатыр. Олардың бірі "Семейлiктер намыс қайда? Жұлып тастаңдар, болмаса жұлдырыңдар", - десе, енді бірі "Қайда қарап отыр әкім мен әкімшілік, намыссыздар", - деп жергілікті билікті сынға алып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1734966-semejde-avtobeket-atauyn-kytajsa-zazyp-kojgandar-eldi-samyna-tidi-foto/