Ақ көйлек, "алтын" тәж: Астананың үздік оқушылары салтанатты кешке қалай келді?
Жарияланған күні:
Астана әкімі Әсет Исекешев күні кеше ғана елорданың ең үздік оқушыларына "Алтын белгі" төсбелгісін табыстады. Салтанатты шараға оқуда озат атанған оқушылар мен олардың ата-аналары, мектеп директорлары қатысты. Айта кетерлігі биыл Астанада 300-ге тарта "Алтын белгі" иегерлері бар екен. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.
Астанадағы "Тәуелсіздік сарайында" өткен жиынға қала әкімі Әсет Исекешевтен бастап, үздік оқу озаттары мен олардың ата-аналары қатысты.
Айтулы шараға келген ата-аналар мен ұстаздардың да санында шек болған жоқ. Ең аяғы залда тіпті келген қонақтарға арналған орындықтар да жетпей жатты.
Бір қызығы үлкен залдың екі жақ қанаты ата-аналарға арналса, сахнаға қарама-қарсы аумақ мектеп директорларына тиесілі болды. Ол жерлерде тіпті мынадай арнайы белгілер де қойылған көрінеді.
Биыл Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген салтанатты жиынның атауы да ерекше - "Елорда мақтаныштары" деген атқа ие болды. Айта кетерлігі жиын аты – толығымен латын қарпінде жазылды.
Салтанатты шара жас түлектердің мектеп вальсін билеумен басталды.
Айта кетерлігі, шараға келген 300-ге жуық оқушылардың дені әйгілі "Вен балына" келгендей киініп келген. Бойжеткендер ақ түсті ұзын және қысқа көйлектер киіп, бастарына түрлі тәж тақса, ер-жігіттер қара қою түсті смокинг киген екен.
Десе де олардың арасынд ашық күлгін түсті немесе сары алтын тәріздес түстің матасынан тігілген мынадай айрықша көйлек киген арулар да болды.
Оқуда озат атанған мектеп түлектеріне арнайы "Алтын белгі" төсбелгісін табыстау рәсімі де ерекше өтті. Қызыл кілем үстінде құдды бір голливуд жұлдыздарындай жүріп өткен оларға төсбелгі мен арнайы сыйлықты қала әкімі Әсет Исекешевтің өзі табыстады.
Астаналық "алтын белгі" иелерінің қатарында әдеттегідей бозбалаларға қарағанда бойжеткендердің саны көп болды.
Қала әкімі төсбелгіні табыстап болғаннан кейін, барша мектеп түлектерімен бірге естелік суретке түсті.
Ал жиын соңы оқушылардың ұйымдастыруымен қолға алынған арнайы флэшмобпен аяқталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1737289-ak-kjlek-altyn-tz-astanany-zdik-okusylary-saltanatty-keske-kalaj-keldi/