Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандылық балуан Ержан Шынкеев "Қазақстан барысы-2018" атанды

Опубликовано:

Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің жүлдесі мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" VIII республикалық турнирі аяқталды. Биылғы балуандар бәсекесінде Ержан Шынкеев жеңімпаз атанды деп хабарлайды Vesti.kz порталына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Қарағандылық балуан Ержан Шынкеев "Қазақстан барысы-2018" атанды
Қарағандылық балуан Ержан Шынкеев "Қазақстан барысы-2018" атанды: UGC

Өткен жылы "Қазақстан барысы" атанған Еламан Ерғалиев биыл чемпиондық атағын қорғай алмады. Балуан ширек финалда "Әскер барысы" Ерасыл Қажыбаевтан жеңілді. Балуандар тең түсіп, белдесуде Еламанның қолы белбеуден босап, жарысты аяқтады. Естеріңізде болса, Еламан да өткен жылы "Әскер барысы" атанып барып, "Қазақстан барысында" бақ сынаған еді.

Жартылай финалда Ерасыл Қажыбаев Түркістан облысынан келген балуан Ерсұлтан Мұзаппаровпен белдесті. Бірден ұпай алып, шабуылда ширақтық танытты. Әйткенмен екі балуанның салмағы бірдей емес. Ерасыл – биылғы балуандар бәсекесіне қатысушылар арасындағы ең ауыр салмақты спортшы. Ерсұлтаннан 60 кг-ға ауыр болды. Дегенмен жекпе-жек соңында Түркістан облысынан келген балуан намысты қолдан бермеуге тырысты. Үстін-үстін әдіс жасап, ұпай алғанмен, алып қарсыласынан айласын асыра алмады.

Жартылай финалдағы Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев арасындағы белдесу аса тартысты өтті. Жанкүйерлердің ықыласына бөленіп, қос балуанның әдіс-айлалары ерекше болды. Белдесудің соңында Ержан ұтылып тұрып, шығысқазақстандық балуанды өз әдісіне түсірді. Нәтижесінде финалға жолдама алды.

Қола белбеу үшін өткен белдесуде Ерсұлтан Мұзаппаровтың Айбек Нұғымаровқа шамасы жетпеді. Төрт дүркін Әлем чемпионы (2010, 2013, 2014, 2016), Үш дүркін Азия чемпионы (2008, 2009, 2014), "Әлем Барысы" абсолюттік әлем чемпионатының жеңімпазы (2017) және күміс жүлдегері (2014), "Қазақстан Барысы" турнирінің жеңімпазы (2013) және қола жүлдегері (2012, 2017), Екі дүркін Әлем Кубогының иегері (2011, 2017), ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, "Еуразия Барысы" халықаралық турнирінің жеңімпазы (2015, 2016, 2017) атағына ие шығысқазақстандық балуан айқын басымдығын танытты. Салмағы да, тәжірибесі де мол екені байқалды. Ал Ерсұлтанның жеңіске деген жігері жанкүйерлерді шын қуантты. Айрықша белдесулері үшін автокөлік мінді.

Биылғы "Қазақстан барысына" алып балуандар шықты. Ерасыл Қажыбаевтың салмағы 151 кг (ең ауыр балуан) болса, Ержан салмақ өлшеу рәсімінде қарсыласынан 20 кг жеңіл шыққан болатын.

Финалдық белдесуді Ержан Шынкеев ширақ бастады. Бүк ұпайын алып, оны жамбас ұпайына айналдыра білді. Ал Ерасыл жарақаты барын аңғартып, ауырсына жүріп белдесті. Ержан шеберлігін танытып, алғаш рет Қазақстан барысы атанды. Ал алғаш рет Қазақстан барысына қатысқан Ерасыл Қажыбаев күміс белбеу иегері атанды.

Қарағанды облысының балуаны Ержан Шынкеев бесінші рет қатысқан "Қазақстан барысында" топ жарды. 2013 жылы финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде Айбекке жол берген еді. Биыл Ержанның бағы жанды. Қазақстан барысы атанды! Балуанды жеңісімен құттықтаймыз!

"Биылғы балуандар бәсекесінде жеңіске жетсем деп келдім. Әр балуанға жеке-жек дайындалып келдім. Айбектен бірнеше рет жеңілдім. Осы жолы есе жібермеуге бекініп келдім. Жеңісімді еліміздің тәуелсіздігіне, Астана қаласының 20 жылдығына арнаймын", - деді балуан.

Жеңімпаз атанған Ержан 25 миллион теңге сыйақы иеленді. Ал оның жаттықтырушысына 3,5 млн теңге тапсырылды. Сондай-ақ алтын белбеу мен алтыннан құйылған "тайтұяққа" ие болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1739999-karagandylyk-baluan-erzan-synkeev-kazakstan-barysy-2018-atandy/

pixel