Әр түрлі ұлттан 8 бала асырап алған жамбылдық отбасы елді сүйсінтті
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Меркі ауданының тәртіп сақшысы әрі 11 баланың әкесі Ғалым Арыстанбаев "Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы атанды. Көпбалалы жанұяға бас-көз болып отырған отағасы 8 баласын балалар үйінен асырап алған деп жазады el.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
"Бала асырап алу идеясын жұбайым айтты. Ал мен оған еш қарсылық білдіргенім жоқ",– дейді Ғалым.
Отасқандарына он жыл болған Ғалым мен Әлияның 3 ұлы бар-тын. Ендігі мақсат – балалар үйінен қыз баланы алып келу.
"Меркідегі жергілікті балалар үйіне ойыншықтар мен тәттімізді көтеріп бардық. Ойымызда жасы кішірек қыз баласын бауырымызға басу. Бірақ, Алланың бұйыртқаны шығар, ықыласымыз жасы үлкендеу қызға ауды.
Демалыс күндері арнайы барып, сұрап, үйге әкеліп, бірге қыдырып жүрдік. Айта кетерлігі, оның қасында сіңлісі, інісі және құрбысы бар. Бауырларды бір-бірінен айырғымыз келген жоқ", – дейді көп балалы әке.
"Балалар үйіне кіргеннен байқағаным оларға ойыншық, тәттіден гөрі аналық, әкелік махаббат жетіспейтіндігі көрініп тұрды. Бізді қуанышты жүзбен қарсы алып, жақындап, бауырымызға кіргілері келеді. Ондай баланы қалай кеудесінен итересің.
Бұл қадамға бармас бұрын ата-анамызбен ақылдастық, ол кісілер де қолдап, демеу көрсетті. Бір қызымызға барамыз деп, төрт балалыны үйге алып қайттық. Содан кейін тағы бір баланы Тараз қаласындағы «Үміт» сәбилер үйінен алып келдік. Міне, осылай үлкен отбасыға айналдық!", – дейді жұбайы Әлия Көбегенова.
Ғалымның отбасы 2017 жылдың көктемінде тағы үш балаға көбейді. Ең қызығы, балалар түрлі ұлтты болып шыққан. Олардың ішінде өзбек, қытай, әзербайжан, сыған, ұйғыр, татар, орыс та бар.
"Алексей атты баламыздың атын Арнұр деп өзгертіп, сүндетке отырғызып, дүркіретіп той жасадық. Білесіз бе, жұмыстан үйге келгенде алдымнан шулап жүгіріп шыққанда, бар шаршауымды ұмытып кетемін. Өз ата-анасынан алмаған жылулықтың орнын толтыруға барымызды салып келеміз" , - деп айтты көпбалалы әке.
Жаңа отбасына ие болған Гүлжан Табылова бірден үйренісіп кете алмағанын алға тартты. Алайда, уақыт өткен соң ата-анасына қатты бауыр басып кеткен.
"Алғаш келгенімде тартынып, ұялып, басқа балалармен бірден араласып кете алмадым. Бірақ, таныса, сөйлесе келе бәрі оң шешілді. Сұрайтын нәрсем көп болған соң, анамның қасынан бір елі қалмай жүргенім есімде. Есейіп кетсем де, анам мен әкемнің жағдайын білу үшін үйге жиі келіп тұратын боламын. Бұл – менің үйім. Осында өзімді шын бақытты сезінемін". Бұл қызы Гүлжан Табылованың сөзі.
Ал көпбалалы ана болса алғашқы уақытта үйге келген "қонақтарды" өз балалары қалай қабылдайды деп біраз қобалжыған.
Бірақ әйел адамның уайымы бекер болды. Балақайлар бір-бірімен тез тіл табысып, шын бауырдай араласып кеткен.
Ерлі-зайыптылар жаңа балаларының туған әке-шешелерімен байланысқа шығып көрмеген. Үшеуінің аналары қайтыс болып кеткен екен. Қалғандарынан хабар жоқ.
Ғалым Арыстанбаев балаларының айтулы азамат болып өсіп, өз еліне адал қызмет етуін армандайды.
«Жетімін жылатпаған қазақ емеспіз бе? Алла нәсіп етсе, болашақта тағы да шаңырағымызды кеңейтіп, бірнеше баланы асырап алу жоспарда бар. Біз секілді отбасылар көбейсе құба-құп", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1746684-r-trli-lttan-8-bala-asyrap-algan-zambyldyk-otbasy-eldi-sjsintti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.