Қызылордалық жігіт әкесіне лайықты әйелге іздеу жариялады
Жарияланған күні:
Қызылордалық жігіт өзінің қарт әкесіне жар іздеп жүр. Арман Біләлханның әкесінің жасы 63-те. Жұбайы екі жыл бұрын қайтыс болған соң ақсақал күйзеліске түсіп кеткен көрінеді. Мұны сезген ұлы әкесінің өмірін өзгертетін әйел тауып бергісі келеді деп хабарлайды NUR.KZ.
"Менің ата-анам жас кезінде үйленген. Әкем анамды алып қашып кетіпті. Бұл өте қызықты әрі романтикаға толы оқиға болған екен. Содан бері әке-шешем 40 жыл бірге тұрды, біз олардың үлкен махаббаттарының куәсі болдық.
Біз үйде үшеуміз: Ең үлкені мен, артымнан ерген екі қарындасым бар. Олардың тұрмыс құрғанына көп болды, мен де үйленгенмін. Ата-анамыз біздің аяққа тұруымызға көмектесті: оқытты, тәрбиеледі", -деді Арман.
Біләлхановтардың отбасына қайғы ойда жоқта келген. Дәрігерлер олардың анасынан асқазан қатерлі ісігін тауыпты. Ұзақ уақыт қабылданған ем әсерін бермей, Арманның анасы ауруханада қайтыс болған екен.
"Анамызға диагноз қойғанда біз қатты таң қалдық. Қарындастарым үнемі жылап жүрді. Біз ешқашан мұндай ауру біздің жақындарымызға келеді деп ойламадық. Әкем әрдайым анамның қасында болды.
Ол өзіне қиын екенін көрсеткен жоқ. Өз көлігін сатып, емдеуге ақша жинады. Бірақ, анамды құтқара алмадық. Барлығымыз жылап жүрсек те, әкем ештеңе білдірмеді. Тіпті, анамды көмген кезде қасына әкеме орын қалдырдық. Бұл оның өз қалау болды", -деді жігіт.
Арманның анасының дүниеден озғанына екі жылдан асқан. Азаматтың сөзінше, осы уақытта әкесі қатты өзгеріп кеткен.
"Әкем такси қызметін атқару үшін көлік сатып әперуімді сұрады. Мен бұл өтінішін орындадым. Ол таңертең кетіп, кешке келеді. Немерелерімен ойнап, бізбен әңгімелеседі.
Бірақ, ол өзін үнемі жалғыз сезінеді. Әрине, әкем үшін де, біз үшін де анамыздың орнын ешкім баса алмайды. Алайда мен оған өзімен әңгімелесетін, қасында демеу болатын жақын адам іздегім келеді", -дейді Арман.
Арманның әкесінің денсаулығы жақсы. Ол уақытылы зейнетақы алып, күнкөріс қаражатын да табады.
"Оған үй жинаушы немесе қасында отыратын адам керек емес. Мені барлығы дұрыс түсінгенін қалаймын. Менің әйелім әкеме тамақ істейді, киімдерін жуады. Үйіміз де әрдайым таза тұрады. Ол өзі де еңбекқор. Оған жай ғана жалғыздықты сезіндірмейтін әйел болса жеткілікті.
Біз бәріміз әкеміздің бақытты болғанын қалаймыз. Бұрынғыдай күліп, қалжыңдасып жүрсе дейміз. Мен өз балаларымда мейірімді, сүйкімді әжелері болса деп ойлаймын. Әкем де қайта үйленуге кетәрі емес. Қажет болса, біз той да жасап береміз", - дейді азамат.
Арман әкесін бір келіншекпен таныстырған екен. Алайда бұл әрекеттен түк шықпапты.
"Тараздан 50 жастағы жесір әйел болған. Ол менің әкем сияқты бухгалтер болып жұмыс істепті. Екеуінің ортақ қызығушылықтары да бар болып шықты. Алайда ол кісінің қыздары анасының жаңа некесіне қарсы болып, бізбен бармайтындарын айтты. Оларды қанша көндіргеніммен, райларынан қайтпады. Мен осындай өзімшіл балаларды түсінбеймін. олар аналарын емес, өздерін ойлап тұр ғой", -деді қызылордалық.
Дін өкілдері де әйелі қайтыс болған азамат қайтадан үйлену керектігін айтады.
"Шариғатта әйелі қайтыс болған еркекке 40 күннен кейін үйленуге рұқсат беріледі. Өйткені, оларға қолдау керек. Ал келіншек күйеуі қайтыс болған соң бір жылдан кейін тұрмыс құра алады. Негізі, балалар ата-анасының жаңа отбасын құруына көмектесуі керек. Осылайша, олар өз міндеттерін орындайды" , - дейді дін өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1750944-kyzylordalyk-zigit-kesine-lajykty-jelge-izdeu-zarialady/