Үш келінін бір шаңырақта ұстап отырған түркістандық ене жан сырымен бөлісті (фото)
Жарияланған күні:
Түркістан облысында үш келінімен бірге тұратын ене өз шындығымен бөлісті, деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында тұратын Рона Зайтенованың жасы 49-да. Бес ұлды дүниеге әкелген ана бүгінде үш келіннің енесі. Жолдасы екеуі ұлдарымен және келіндерімен, немерелерімен бір шаңырақта тұрады. "Келін қызындай бола алмайды", "Ене мен келін сыйыспайды" деген әңгіме бұл отбасы үшін жат.
Рона апайдың айтуынша, келіннің қыздай болуы енеге тікелей байланысты. Үлкендер тарапынан құрмет пен түсіністік танытылса, келіннің де құрметіне зор болмақ.
"Үш балам да келінді өздері таңдады. Ешқайсысына араласқаным жоқ, үшеуі де ерте үйленді. Екі келінімді бір күнде түсірдік, тойы да бір күнде өтті. Қуанғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Келіндерімнің ең үлкені жас ерекшелігі бойынша ең кішісі болып табылады. 16 жасында-ақ босаға аттады. Небары 22 жаста. Ортаншысы - 27-де, кенжесі 24 жаста. Келіндерімнің барлығы жас қой", - деп әңгімесін бастаған Рано апай үш келінін де ене мектебінен өткіздім деп отыр.
"Алғашында білмегендері көп болды. Ене ретінде оларға білмегенін үйрету – менің парызым, менің мектебімнен өтті ғой (күліп). Себебі ұлдарымның тату-тәтті өмір сүруі ене мен келіннің де қарым-қатынасына байланысты. Оларға мен тек ене емес, аналарындай көзқарас таныттым. Келіндерім босаға аттаған күннен бастап "Қысылмаңдар, бұлар да сендердің үйлерің, бастысы, ерлер қауымын ренжітпеуіміз керек" деп кеңесімді айттым.
Әлі күнге дейін сондай. Ешқашан қаталдық танытқан емеспін. Таңертең мына уақытта тұрыңдар деген талап та қоймаймын. Кейде ас-ауқат көңілден шықпай қалса, "папамыз" (әулеттің отағасы - ред.) бен күйеулеріңе көрсетпеңдер деп жабылып жүріп, басқа тағам пісіре саламыз. Осы күнге дейін келіндеріммен сөзге келіп көрмеппін. Аллаға шүкір, үш келінім үш жағымнан тірлігін жасап, мені ренжіткен емес. Алла маған бес ұл берді. Шүкір, қазір үш келінім өз қызымдай. Кейде ұлдарым "Келініңізді жақтай бересіз. Өзі кімді дүниеге алып келдіңіз» деп қалжыңдайды. Мен оларға үнемі "мен әйелдер жағындамын" деп айтып отырамын. Құда-құдағиларым да жақсы адамдар", - деді тәжірибелі енесі.
Үш келінімен бір үйде тұратын Рона Зайтенова ұлдары мен келіндеріме енші бергім-ақ келеді дейді. Тек келіндерінің бөлек шыққысы жоқ екен.
"Қазір дамыған заман ғой. Кіріңді де, басқасын да техника істейді. Шайың да қайнап тұр. Үйде аса қиын жұмыс та жоқ. Келіндеріме "Бөлек шығасыңдар ма?" десем, олардың кеткілері жоқ. Үшеуі де маған бірдей. "Жоқ, сенің еншіңді беремін" деп те айта алмаймын. Өздерінің қалауы сол. Үш келінім тәп-тәтті бес немере сыйлады. Жолдасым екеуміз солардың қызығына тоймай жүрміз. Көп жағдайда келіндерімді төркіндеріне жіберерде немерелерімді алып қаламын. Олар жас, төркіндеріне барғанда бір демалсын деймін. Көңіл көтергісі келеді. Немерелер өсіп, аяқтарынан тұрған соң еншілерін алады деген ойдамын". - деп ағынан жарылды 49 жастағы көпбалалы ана.
Рона апаның үлкен келінің өз айтары бар.
"Мен бұл шаңыраққа келін боп түскеніме алты жыл болды. Қазір абысындарымның ішінде жолы үлкені менмін, жас жағынан ең кенжесімін. Өмірде ең керемет әрі жанашыр адам кім десе, енем деп айтар едім. Шынымды айтсам, өз анамнан көрмеген кейбір мейірімділікті күйеуімнің жолдасынан көрдім.
Он алты жасымда келін атандым. Жап жаспын, көп нәрсені білмеймін. Енем байыппен бәрін үйретті. Абысындарыммен татумыз. Тіпті құрбылардай сырласамыз. Енеміз үшеумізді де теңдей көреді. Тойға баратын болсақ, бәрімізге қалаған көйлегімізді алып береді. Бізде бір киімді екінші рет тойға кию деген жоқ (күліп)", - деді шаңырақтың үлкен келіні Дильдора Зайтенова.
Сұхбат соңында бес ұлды дүниеге әкелген ана ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы өз кеңесімен де бөлісті.
"Келін өз орнын білуі керек" дегенмен мүлдем келіспеймін. Олар да біреудің мәпелеп өсірген қызы. Келінге алдымен ене үлгі болуы қажет. Келінді тәрбиелейтін біз ғой, енелер. Олардың жаңа отбасыға сіңісіп кетуіне бірнеше жыл керек. Осы жылдар ішінде ене жылы қабақ танытуы шарт деп ойлаймын. Білмеймін, әркімнің жағдайы әртүрлі. Өз басым ұлдарыма келіндерімді жамандап, "мынаны дұрыс жасамады" деп айдап салған емеспін. Келіндерімнің әлі күнге дейін үйренері жоқ емес. Оған түсіністікпен қарау керек", - деп сөзін түйді Рона Зайтенова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1751843-s-kelinin-bir-sayrakta-stap-otyrgan-trkistandyk-ene-zan-syrymen-blisti-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.