Енесі бетіне кесе лақтырған қызылордалық келін көрген қорлығын баяндады
Жарияланған күні:
Семейлік келіншек қызылордалық азаматпен тұрмыс құрып, нәтижесінде қатаң салт-дәстүрге шыдамай, ажырасып кеткенін әңгімелеп берді. Айтуынша, оңтүстік өңірге келін болған ол, қызылордалықтарды дәл сондай қатты болады деп ойламаған екен. Жалғызбасты ананың жан сырын NUR.KZ тілшісі тыңдап қайтты.
Семейлік Айнұр есімді бойжеткен осыдан төрт жыл бұрын қызылордалық азаматқа тұрмысқа шығыпты. Алғашында отбасылық өмірім "тәтті" басталғанымен, соңы "қатты" болды дейді жас ана.
"Екеуміз де Семейдегі колледжге оқуға түстік. Ол біздің өңірге "Серпін" бағдарламасымен келіп, грантта оқуға түскен екен. Мен ақылы бөлімде оқыдым. Бір жылдай қыз бен жігіт ретінде жүріп, оқудың соңғы курсында үйлену туралы шешім қабылдадық.
"Ата-анамның алдынан өтіп, құда түсіп, той жасадық. Бір жыл, оқуымызды аяқтағанша, Семейде пәтер жалдап тұрдық. Тұңғышымыз дүниеге келді, сосын оқуымызды аяқтаған соң Қызылордаға аттандық. Бәрі сол мезеттен басталды. Бұрындары Шымкентте келінге қатты қарайды деп еститінмін. Бірақ Қызылордада көрген қорлығымды ешкімнің басынан тілемеспін", - деп көзіне жас алды келіншек.
Айтуынша, ол ертемен таңғы 6-да тұрып, үй ауласын сыпырған екен. Одан қалса, бақшаға қарайласып, үйдегі бүкіл шаруашылықты өз мойнына алыпты.
"Мені әке-шешем кішкентайымнан еңбекке баулып өсті. Ауылда өскен, қарапайым қазақтың қызымын. 9-сыныпты үздік бітіріп, колледжге балым жетпей ақылы бөлімде оқытты. Соның бірін елеп-ескерген не жолдасым, не туыстары болған жоқ. Ол жаққа бара салып, баламды енеме беріп, өзім жұмысқа тұрмақ болдым.
Оған бәрі қарсы шықты. Жарайды, ертемен аула сыпырып, бар шаруаны жасау маған түкте емес. Бірақ, тым құрыса адам ретінде қарап, келін ретінде сыйласа болатын еді ғой? Ол жақта келіндер ата-енесімен, жолдасымен отырып шай да іше алмайды. Бәріне шай берген соң, тіпті, маған тамақтануға да мүмкіндік бермейтін.
Жерден алып, жерге салып, үйде менен жаман адам жоқ болатын. Ешқашан беттерінен алып, қарсы шыққан емеспін. Енем тіпті, бірде шайды дұрыс құймадың деп, кесені ыстық шаймен бетіме лақтырған күндерім де болды", - дейді келіншек.
"Тіпті екіншіме жүкті кезімде, ауыр шелектерді көтерткізіп, жұмысқа салып қоятын. Қанша рет түсік тастай жаздап, екіншімді әрең дүниеге әкелдім. Сол екіншіме анам мен жеңгелерім қалжа әкелгенде, енем оны да менсінбеді.
Бұл жақта солай, қыз жақтан ала берсек дейді, өздері жастарға, жас отбасыларға ешқашан көмек қолын созбайды. Сөйтіп, екіншімнің шілдеханасында шу шығарғанда, киім-кешектерімді жинап, анаммен бірге кеттім де қалдым. Шыдамның да шегі бар. Жолдасым да жалқау біреу болып шықты.
Не үйде, не сыртта береке болмаған соң, осындай қадамға баруыма тура келді. Қазір бір жылдан астам уақыт болды, ажырасып кеттік. Ата-енем не жолдасым балаларымды іздемейді. Артымнан іздеп келген де емес. Алиментке де құжат тапсырмадым.
Солардан бір тиын да алмай, балаларымды өзім жеткіземін деп шештім. Менен көмектерін аямаған ата-анам мен бауырларыма рақмет, бас аман болса, өзім-ақ аяқтан тік тұрмақпын. Жас қыздарға айтарым, махаббат, сезім деп асығыс шешім қабылдамаңыздар, бәрі өткінші. Отбасылық өмірде салт-дәстүр мен менталитеттің әркелкілігі көп нәрсені өзгертеді екен", - деп әңгімесін аяқтады келіншек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1756929-enesi-betine-kese-laktyrgan-kyzylordalyk-kelin-krgen-korlygyn-baandady/