«Батыр бабалар» рухани-мәдени кешені – ел тарихының алтын көмбесі
Жарияланған күні:
Іле Алатауының бөктеріне қоныс тепкен «Батыр бабалар» рухани-мәдени кешені бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сәтті жүзеге асқан жобалардың бірінен саналады. Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округіндегі Жандосов көшесінің бойынан салынған жаңа мәдени нысан келушілерге сақ дәуірінен бастап Алаш Ордаға дейінгі аралықтағы Қазақстан тарихынан хабардар етеді.
Тарихи мемориалдың маңызы тарих сүйер қауым үшін өте зор. Себебі, онда қойылған экспонаттар қазақ ұлтының қалыптасуы мен даму тарихында ойып тұрып орын алған әйгілі тұлғалардың өмірі, сонымен бірге халқымыздың басынан өткен нәубеттер мен ақтаңдақтар туралы сыр шертеді.
Мәдени кешеннің орталық бөлігі түгелімен қазақ батырларына арналған. Одан бөлек, қазақ даласында ізі қалған хандар, билер, батырлар мен ел тәуелсіздігі үшін қасық қаны қалғанша күрескен тұлғалар галереясы назарға ұсынылып отыр.
Музей қызметкерлері кез келген айрықша бағалы тарихи жәдігерді қабылдауға дайын екенін айтады. Ал кешеннің демалыссыз әрі үзіліссіз жұмыс істеуі келушілер үшін өте ыңғайлы болып отыр.
«Батыр бабалар» мемориалының дәл қасында «Анаға құрмет мұражайы» да жұмыс үстеуде. Абыз аналар мен аңыз әжелерге арналған мұражайдың басты мақсаты да нәзік жандылардың мәртебесін асыру болып саналады.
Музей экспонаттары қатарында әйелдерге арналған картиналар мен әрбір қазақ отбасы тұтынған тұрмыстық заттар бар.
Олардың барлығы бір шаңырақтың түтінін түтетіп, ұрпағын жалғастырған отбасы ұйытқысы саналатын аналарға құрмет көрсету мақсатында жинақталып, ел назарына ұсынылған.
Қазіргі тағда мұражайда 300-ден астам экспонат қойылған.
Айта кету керек, музейде Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне арналған экспозиция да бар.
Музейге кіреберісте «Ана бәрінен де биік. Мен сені мәңгілік сүйіп өтем!», - деген жазу жазылған.
Музей аумағында аналарға арналған ескерткіш те орнатылған. Ескерткіште орыс және қазақ тілдерінде «Қымбатты аналарға шексіз құрмет», - деген жазу жазылған.
Аналардың қоғамдағы орнын дөп басқан қазақ халқы «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған болар.
Музей аумағында орналасқан тағы бір нысандардың бірі әрі бірегейі - «Нұр Мұсахан» мешіті мен «Күлиман апа» медресесі.
Сонымен бірге, медресе маңында тағамдары шариғатқа сай жасалатын қазақ ұлттық асын ұсынатын мейрамхана да жоқ емес.
Өңірдегі мұсылман жастары некелерін қию үшін «Нұр Мұсахан» мешітіне келіп, зиярат етеді. Әдемі әрі жанға жайлы жерде орналасқан мешітке жергілікті тұрғындар да келіп, сая табады.
Ал мешіт жанынан ашылған «Күлиман апа» медресесі болса, қайырымдылықпен айналысып, жағдайы жоқ отбасылардың балаларына мұсылманша хат танып, діни сауатын ашуға септігін тигізуде. Медреседе оқушылар екі жыл бойы діни білім алуға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, білім орнында балаларға тегін тұрып әрі тамақтануға мүмкіндік жасалып отыр. Ал мұндай игі істі қаржыландыруды өңірдегі кәсіпкерлер өз қолын алып, қамқорлық танытуда.
Сонымен бірге, музейге келген қонақтардың демалысы жайлы өту үшін кешен маңына арнайы саябақ салынып, оған ыңғайлы орындықтар қойылған.
Еске салсақ, Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылындағы «Батыр бабалар» мемориалды музейі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған. Оның құрылысына меценаттар 465 млн теңге бөлген болатын.
Авторы: Алия Абсеметова
Фото автордікі
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1759813-batyr-babalar-ruhani-mdeni-keseni-el-tarihyny-altyn-kmbesi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.