Шымкенттегі палау фестивалінде 13 жастағы бала жеңімпаз атанды
Жарияланған күні:
Шымкентте өткен палау фестивалінде 13 жастағы мектеп оқушысы жеңімпаз атанды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында ұйымдастырылған "Қазақстан палауы" атты фестивальге тек қана Шымкент емес, алыс-жақын аудандардың да кіл мықты аспаздары бақ сынады. Отыздан астам қатысушы таңертең қазандарын қаланың шет жағында орналасқан тойханаға көтеріп келіп, додада сынасуға білек сыбана кірісіп кетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі палау шарасына қатысушылар тарапы биыл ерекше қызығушылықтарын танытыпты. Ең ерекшесі, биылғы сында мектеп оқушысынан бастап 70 жастағы қарияға дейін аспаздық шеберлігін танытқан. Бағын сынаушы барлық аспаз ер азаматтар. Солардың бірі - Шавкат Алимов.

Жасы 50-ден асқан қатысушы-әуесқой аспаз. Алғаш рет 20 жасында палау басуды үйреніпті. Күні бүгінге дейін ас әзірлеп, талайды таң қалдырып келе жатқан ол кәсіби аспаздардан кем емес.

Сайрам ауданындағы мектептердің бірінде директор болып жұмыс істейтін Шавкат Алимов туыстардың ортасында жиын өтсе, міндетті түрде палау әзірлеу менің мойныма жүктеледі дейді. Ара-тұра тойға тапсырыс та қабылдайды.
Айтуынша, 300 адамдық тойға шамамен 30 келі палау қажет. Оны әзірлеу үшін 10-12 мың теңге алады екен. Бүгінгі фестивальде қатысушы "Сүзбе палау" түрін пісірген. Палаудың бұл түрінің өзгелерден ерекшелігі, қазы мен бөдене жұмыртқасы бар тағамды сүзбемен араластырып жейді.

"Қазақстан палауы" шарасында бақ сынаған аспаздар палаудың 18 түрін дайындады. Шараға келген кез келген жан астан ауыз тиіп, тіпті өздерімен бірге алып кетуіне мүмкіндік болды. Бәрі тегін. Ұйымдастырушылар бұл шара халық үшін жасалынып отырғандықтан елдің ризашылығы бірінші кезекте дегенді алға тартты.

Фестивальде көпшілікке ұсынылған астың дәмділігін анықтау үшін арнайы комиссия да құрылған. Бес адамнан тұратын бұл комиссияның арасында кәсіби аспаздар да бар. Сонымен, фестиваль қорытындысы бойынша 13 жастағы шымкенттік оқушы Бабамұрат Абдурахманов әзірлеген палау ең үздік деп танылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1760284-symkenttegi-palau-festivalinde-13-zastagy-bala-zeimpaz-atandy/