Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күйеуін үй қызметшісі тартып алған астаналық әйел жан сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Жасы 30-дан асқан астаналық әйел жанұясына үй қызметшісін әкелемін деп, опық жеп қалды. 21 жастағы бойжеткен келіншектің күйеуімен ойнас құрып, ақыры ерлі-зайыптыларды ажырастырып тынған деп жазады NUR.KZ.

Көрнекі фото: medvestnik.ru
Көрнекі фото: medvestnik.ru: Depositphotos

Астаналық Жанар есімді келіншек (авт. аты-жөні өзгертілді) пәтеріне үй қызметшісін әкелемін деп, отбасын ойран қылғанын айтып берді. 21 жасар бойжеткен күйеуіне ашына болып, кейін оны заңды некедегі әйелімен ажырасуға себеп болған екен.

"Бәрі былтыр күзде орын алды. Өзім жеке кәсіпкермін, жолдасым да солай. Жағдайымыз бәрі бар, құдайға шүкір. Содан балаларым қараусыз қалмасын деп былтыр үйге үй қызметшісін алып келген едім. Бастапқыда бәрі тәп-тәуір болды. Олардың тарапынан ештеңе байқамағандай болдым.

Әлде мүмкін көрмей жүрдім бе? Кейін жалдаған қызметшімнің менің айтқанымды тыңдамай, өз дегенімен жүретінін байқадым. Сосын жұмысына да салғырт қарай бастады.

Дәл сол уақытта күйеуіммен ара-қатынасым да салқындай бастады. Болмашы нәрсеге ашуланып, шу шығаруды шығарды. Арамызда бұрын-соңды бұлай болып көрмеген еді. Бір-бірімізді көзқарасымыздан-ақ түсінетін жандардың қатарынан едік. Бірде үйге ертерек келіп, әдеттегідей үйге кіріп жатқанмын. Үйіміз пәтер емес, екі қабатты коттедж болатын.

Біреулердің асүйде сыбырласып жатқанын байқадым. Сөйтсем, әлгі үй қызметшісі күйеуіме "Қашан ажырасасың? Кетейік үйден" дегенін естідім. Төбемнен жай түскендей күй кештім. Әйтеуір балалар біреуі мектепте, екіншісі балабақшада болған. Мұндай масқараның бірін де естіп, көрмеді. Қаным басыма шыққаны соншалық, сол мезетте не айтып, не қойғанымды білмей, оларды үйден қуып шықтым. Сол күні басымнан өткерген жағдайымды ешкімге тілемеспін", - деп баяндады астаналық келіншек.

Айтуынша, екі баласы бар ана жолдасының бұл әрекетін кешіре алмаған көрінеді.

"Қазір бұрынғы күйеуімді жек көріп кеткенім соншалық, атын атаудың өзі қиынға соғып отыр. Мен өте намысшыл адаммын, мұндай қателікті, бұлай отбасын сатып, аппақ сезімді аяққа таптаған адамды кешіре алмадым. Ажырасып кеттік. Тағдыр солай болып тұр, қайтейін?", - деп көзіне жас алды келіншек.

Сөз соңында әйел адам үй қызметшілеріне сенбеуге шақырды.

"Осылай таңдырымды бүкіл елге жария етіп, айту өте қиын. Бірақ жас отбасы, әйелдерге сабақ болса екен деймін: қазіргі жас қыздардан, бала күтушісі, үй күтушілерінен сақ болу керек екен. Аңқаулығым ғой? Ұйып отырған отбасымның шырқы бұзылды. Тек балаларыма обал, әкелерін іздейді. Оларға басқа әйелге кетті деп қалай айтамын? Қазір сол әйелге үйленді, сәби күтіп жүр деп естідім. Бақытты болсын, тек біздің өмірімізге ендігәрі араласпаса болды. Алладан жақындарыма, балапандарыма бақыт тілеуден басқа амалым жоқ. Кеткен еркек кетті", - деп әңгімесін аяқтады келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1769606-kjeuin-j-kyzmetsisi-tartyp-algan-astanalyk-jel-zan-syryn-aktardy/