Қызылорда облысында тек егіздер дүниге келетін ауыл туралы не білеміз?
Жарияланған күні:
Қызылорда облысы Қазалы ауданы Үрмаш Түктібай ауылын егіздер ауылы деп атайды. Ширек ғасырдың ішінде бұл жерде 10-нан аса егіз өмір есігін ашқан деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
1800-ден астам тұрғыны бар ауылда 300-ден аса отбасы тұрады екен. Мұнда 10-нан аса егіз бар. Олардың ең үлкендері, Жанарыс пен Бекарыс тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген. Қазір олар 30-ға таяп қалған. Қазір білім саласында еңбек етіп жүр.
Сол жылы дүниеге келген Алмат пен Самат та еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар. Бұл жігіттер музыкалық білім алып, қазіргі таңда өнер саласында еңбек етуде.
Аймақовтар отбасында Ержан мен Нұржан есімді азаматтар тұрады.
Ержан Қостанай облысы Рудный қаласындағы педагогикалық институтта оқыса, Нұржан Астанада теміржол мамандығы бойынша тәлім алған.
Олардың Еділ мен Жайық есімді егіз немере бауырлары бар екен. Олар Қазалы көлік-техникалық колледжін бітірген.
Еділ мен Жайық өздерінің егіз болуына байланысты әртүрлі қызықты оқиғаларды бастан өткергенін айтуда.
"Біз өте ұқсаспыз. Достарымыз іс-әрекеттерімізді сырттай қадағалап жүретінін аңғарамыз. Ұқсастығымыздың пайдасын көп көрдік", - деді олар.
Сондай-ақ Киікбай Нағызәлиев пен Айымгүл Алдамбергеновтің отбасында 1997 жылы Ерқанат пен Нұрқанат есімді егіз ұл өмірге келген. Қазір жиырмадан асқан жігіттер ата-анасының үмітін ақтауға тырысады. Бұл отбасында тағы бір егіз бар. Қазір 13 жасқа келген Бекзат пен Саят - өздерін жақсы қырынан танытып жүрген жасөспірімдер.
Биыл 18-ге толған Нұрсұлтан мен Сара да осы ауылда дүниеге келген.
2006 жылы ауылда тағы екі отбасында егіздер дүниеге келген. Олар: Айдана мен Айбек Игенберген және Еркемай мен Еркетай Асандар
Ал 2010 жылы Толғанай мен Толағай Аманжол, 2012 жылы Ақтілек пен Ақниет Жақайымдар ата-анасының қуанышына айналған.
Бүгін ауылдағы егіздердің ең кішісі Маржан мен Айжан да шаңырақтарын шаттыққа толтырып келеді.
Ауылдың акушер дәрігері Әлия Айбергеннің айтуынша, ауылда жылына 45-50 нәресте өмірге келеді. Маман егіздердің жиі дүниеге келуін қалыпты жағдай ретінде қабылдайтынын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773077-kyzylorda-oblysynda-tek-egizder-dnige-keletin-auyl-turaly-ne-bilemiz/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.